Венгрияда акушер әйелдерге мышьяк беріп, күйеулерін өлтіруге көмектескен
Фото: bbc.com
1929 жылдың желтоқсанында Венгрияның Сольнок қаласындағы сотта ерекше қылмыстық іс қаралды. Көршілес Надьрев ауылында елу шақты әйел өз күйеулерін әдейі улап өлтірді деп айыпталды.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
New York Times газеті шамамен елуге жуық әйелдің күйеулерін улап өлтіргені туралы жазды. Газет мәліметінше, 1911-1929 жылдары Будапешттен шамамен 130 шақырым жерде, оңтүстікте орналасқан ауыл шаруашылығымен айналысатын Надьрев ауылында 50-ден астам ер адамның мышьякпен улап өлтірілгені белгілі болды. Айыпты әйелдер кейін "періште жасаушылар" (ағылшынша — Angel Makers) деген атпен танымал болды.
Басты күдікті ауылдың акушері Жужанна Фазекаш болды.
Надьревтегі өмір
Надьрев — Венгрияның ең ірі шарап өндіретін аймағы Куншагтағы Тиса өзенінің бойындағы шағын фермерлік ауыл. Бұл жерде жас қыздар өздерінен әлдеқайда үлкен ер адамдарға келісіммен тұрмысқа шыққан. Мұндай некелер әдетте жер, мұра және заңды міндеттемелер туралы келісімдерге құрылған. Сол кезде ажырасуға рұқсат жоқ болатын.
Бұл ауыл Австрия-Венгрия империясының құрамында еді.
Ауылда дәрігер мен дін қызметкері болмағандықтан, Фазекаш өз білімінің арқасында акушер ғана емес, ауыл дәрігері қызметін де атқарды.
2004 жылы BBC арнасына берген сұхбатында Мария Гуня есімді куәгер былай дейді:
"Адамдар оның білім-білігіне сенетін, сондықтан одан жиі кеңес сұрайтын. Ол ауылдағылардың жағдайын жақсы білетін".
Гуняның әкесі жергілікті шенеунік полицияға қылмысты ашуға көмектескен, ал Мария ол кезде кішкентай қыз болған.
Оның айтуынша, күйеулерінен қорлық көрген ауыл әйелдері Фазекашқа жиі келетін.
"Күйеулері әйелдерін ұрып-соғып, зорлайтын, опасыздық жасайтын. Қатыгездік көп болды", — деп еске алады ол.
Фазекаш оларға егер күйеулерің күн көрсетпесе, менде оның оңай шешімі бар деген екен.
Бұл шешім — мышьяк еді. Ол шыбынға арналған жабысқақ қағазды суға салып, у шығарып алатын.
Кейінірек оның үйінің ауласынан көмілген у толы бөтелкелер табылғаны хабарланды.
Құпияның ашылуы
1911 -1929 жылдары ауыл зираты тола бастады. 50-ге жуық ер адам - біреулердің күйеулері және біреулердің әкелері жерленді. Бұл күдікті жағдайлар биліктің назарын аударды.
Тергеу барысында 50 мәйіттің 46-сынан мышьяк табылды. Бар күдік Фазекашқа ауды.
1929 жылдың 19 шілдесінде полиция тұтқындауға келгенде ол у ішіп, өзін-өзі өлтірді.
"Жандармдардың келе жатқанын көргенде, ол өзіне тықыр таянғанын түсінді. Олар үйге жеткенде әйел қайтыс болған еді", — деп еске алады Мария Гуня.
Алғашқы улану оқиғалары дәл осы 1911 жылы басталған. Бұл — Фазекаш Надьревке көшіп келген жыл.
Бірақ ол жалғыз болмаған сияқты. 1929 жылдан бастап Сольнок қаласында 26 әйел сотқа тартылды. Олардың 8-і өлім жазасына, қалғандары түрмеге тоғытылды. Жеті әйел өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Көпшілігі кінәсін мойындаған жоқ. Қылмысқа не себепті барғандары де нақты анықталмады.
Кейбір зерттеулерде себеп ретінде кедейлік, ашкөздік, жыныстық қысым және еркіндікті аңсау бар деп көрсетілген.
Басқа мәліметтерге қарағанда, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ауылға жұмыс істеуге келген ресейлік әскери тұтқындармен әйелдер жақын қарым-қатынас орнатқан. Әйелдер соғыстан қайтқан күйеулеріне наразы болып, осындай әрекетке барған көрінеді.
Кейбір деректерге қарағанда, улану оқиғалары тек Надьревте болмаған. Тисакурт қаласында да бірнеше мәйіттен мышьяк табылған, бірақ ешкім жазаланбады.
Жалпы қаза тапқандар саны 300 адамға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар.
Уақыт өте келе бұл қайғылы жағдайлар ұмытыла бастады. Қазір Надьрев атауы маңайдағы ер адамдарға үрей тудырмайды. Бірақ Мария Гуня осы оқиғалардан кейін ер адамдардың әйелдеріне деген қатынасы “айтарлықтай жақсарғанын” әзілдеп айтты.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік