Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Валерия Шальнованың өлімі: Ақтауда екі полицей қызметінен босатылды

Маңғыстау полициясының ішкі қауіпсіздік басқармасы қызметкерлердің қызмет бабын асыра пайдалану дерегі бойынша тексеру жүргізді. Одан кейін тергеу сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілген. Ақырында тәртіптік комиссияның шешімімен екі полиция қызметкері қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Валерия Шалнованы өлтіру және зорлау ісі бойынша Ақтау полицейлеріне қатысты тергеу жалғасуда. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген (ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы).

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру 3 қазанда басталған, бірақ тергеудің толықтығын, объективтілігін және жан-жақтылығын қамтамасыз ету мақсатында одан әрі тергеу сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүктелді.

“Бұл ретте, сотқа дейінгі тергеп-тексерумен бір мезгілде қызметтік тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде Маңғыстау облысының полиция департаментінің тәртіптік комиссиясының шешімімен екі полиция қызметкері қызметінен босатылды”, – делінген Маңғыстау облыстық прокуратурасының мәліметінде.

Қадағалау органы өз қызметтерінен босату қызметкерлерді жұмыстан шығаруды білдірмейтінін атап өтті. Демек, соңғы шешім "Антикор" толық тексеріс жүргізгеннен кейін қабылданады деген сөз.



Еске салайық, 30 қазанда Маңғыстау полициясы өз қызметкерлерінің кінәсіздігін алға тартқан мәлімдеме таратқан болатын. Алайда жәбірленушілер мұнымен келіспейді. Марқұмның әпкесі полицияның спортшының өлтірілгенін прокуратураның араласуынан кейін және қоғамның наразылығынан кейін ғана мойындағанын айтты.

2 шілде күні МАЭК су алатын каналының маңынан ақтаулық 21 жастағы спортшының денесі табылған болатын. Полиция алдымен "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, кейін "Қауіпті жағдайда қалдыру" бабы бойынша істі қайта саралады.

Туыстары қыздың өлтірілгеніне сенімді. Қоғамдық наразылықтан кейін полиция бұл істі "Кісі өлтіру" деп өзгертті. 13 қазанда іс материалдары сотқа жіберілді. Басты күдікті – қыздың бұрынғы жігіті. Туыстары ол кісі өлтіруді қызғаныштан жасады деп есептейді.

Талқылау