Үйіндегі жағдай адам төзгісіз: Ақтауда дәретхана еденінде ұйықтаған балалардың отбасы туралы жаңа деректер пайда болды
Фото: Lada.kz
Ақтаудағы қоғамдық дәретханада кір еденде ұйықтап жатқан балалардың суреті жарияланғаннан кейін, әкімдік қызметкерлері отбасының тұрмыс жағдайын тексеруге шықты. Тексеру нәтижесінде олар туралы жаңа деректер айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 4 тамызда мамандар оқиға орнына барып, суретте көрсетілген отбасының бірнеше жылдан бері мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар аясында көмек алып келе жатқанын анықтаған.
“Балалардың анасы жалғызбасты. Жетім ретінде кезекте тұрып, мемлекеттен баспана алған. Отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Әжесі дәл сол қоғамдық дәретханада ресми түрде кассир болып жұмыс істейді. Анасы бірнеше күн бұрын балаларын әжесіне қалдырғаны белгілі болды”, – делінген хабарламада.
Мамандар балалардың анасы тіркелген үйге де барған. Үйдегі жағдай адам төзгісіз. Санитарлық талап сақталмаған, есіктері сынған. Балалар бұл кезде тәтесінің үйінде болған. Айта кету керек, тәтесі де жетім ретінде мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алған.
-
Бағанышылдағы балалар үйінің қызметкерлері "өз еркімен жұмыстан кетуге" мәжбүрлеп жатқанын айтты
-
Алматыдағы Арбатта ес-түссіз жатқан бір топ жасөспірім жұртты шошытты (видео)
Қамқоршылық органдары отбасыға тексеріс жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын өткізген. Балалардың анасы оларға өзі қарауға дайын екенін ресми түрде мәлімдеген. Осыған байланысты балалар апта соңына дейін анасының қарауына уақытша берілген. Егер бұл уақыт ішінде жағдай түзелмесе, балаларды отбасынан алу мәселесі қаралмақ.
Әкімдіктің айтуынша, мемлекет отбасыға барлық қажет көмекті көрсетіп отыр. Баспана берілген, әлеуметтік төлемдер тағайындалған. Негізгі қызметтерге қол жеткізу қамтамасыз етілген. Алайда, осы көмектерге қарамастан, отбасының кейбір мүшелері бейәлеуметтік өмір салтын ұстанған. Бұл балалардың өміріне кері әсер етіп отыр.
Еске салсақ, Ақтаудағы қоғамдық әжетханадағы жағдай көпшіліктің ашуын тудырған еді. Мұнда балалар жерде ұйықтап, кассир мас күйде жұмыс істеген.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
