"Үй тапсырмасын орындамағаны үшін": СҚО-да 11 жастағы қызын пышақтап тастаған әйелге сот үкімі шықты
Фото: depositphotos.com
Солтүстік Қазақстан облысында 11 жастағы қызына пышақ жарақатын салған көпбалалы анаға сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 2024 жылдың қыркүйек айында Солтүстік Қазақстандағы Уәлиханов ауданына қарасты ауылдардың бірінде орын алды. Сабақты оқымағаны және дәптерді дұрыс жүргізбегені үшін шыққан жанжал кезінде әйел 11 жастағы қызының санына пышақ сұғып алған.
Қыз бала ауыр жағдайда, көп қан жоғалтқан күйде шұғыл ауруханаға жеткізілді. Санавиация арқылы аудандық ауруханаға қан тамырлары хирургі мен реаниматолог дәрігері бар арнайы мамандар тобы да келген. Күрделі отадан кейін қыз облыстық көпсалалы балалар ауруханасына ауыстырылып, бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатқан.
40 жастағы әйел "көмек көрсетуге қауқарсыз адамға қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша айыпталды. Әйел адам уақытша ата-ана құқығынан айырылғанымен, сотқа дейінгі кезеңде күйеуімен және балаларымен бірге тұруын жалғастырған.
Іс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта жабық режимде қаралды. Сотта анасы үй тапсырмасын тексеру кезінде ашуға мініп, қызының сол және оң санына асүй пышағымен соққы жасағаны анықталды.
Прокурор әйелге аталған бап бойынша ең төменгі жаза – алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушы өз кінәсін мойындап, өкінетінін білдіріп, тағылған айыппен келісті.
Сот қылмыстың ауырлығын және қоғамдық қауіптілік деңгейін ескере отырып, шартты жаза тағайындауға негіз жоқ деген шешімге келді. Нәтижесінде сот айыпталушының бұрын сотталмағанын және жүктілігін ескеріп, оған алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотқа келу туралы қолхатпен жүрген әйел сот залында қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енді.
Әйелдің балалары әкесімен бірге қалды. Отбасы арнайы есепке қойылып, тиісті органдардың тұрақты бақылауына алынды.

Қазақстандық баласына беделді мектепке оқуға түс деп қысым жасаған: Соңында жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған
