Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үй қамаққа қамалғандар өмірімізге қауіп төндіруі мүмкін": Ақтөбеде жәбірленушілер қаржы пирамидасын ұйымдастырған жазадан сытылып кете ме деп қорқады

Ақтөбеде қаржы пирамидасынан зардап шеккендер сот процесінің барасына көңілі толмай отыр. Олар қамауда отырған 31 сотталушыны үй қамаққа не үшін жібергендерін білмей дал. Тергеу барысында оларға 30 миллиард теңгеден астам ақшаны алдап алды деген айып тағылған еді. Енді жәбірленушілер тағы да тақырға отырып қалмаймыз ба деп алаңдаулы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

сот

Ақтөбеде төрт бірдей қаржы ұйымын құрып, 17 мыңнан аса адамды сан соқтырып кеткендердің іс қарау үшін бұрынғы қоныс колониясының үлкен залын әзірлеген. Себебі, 48 сотталушы мен жәбірленушілерді соттың шағын бөлмесіне сыйдыру мүмкін емес. Адвокаттардың өзі алпыстан асады. Дегенмен кейбір ішке кіре алмаған жәбірленушілер сотқа өкпелеп те жүр. 

“Егер бермейтін болса, бізді жүгіртпей-ақ қойсын. Қазір өздері дәмелендіріп отыр ғой. “Келіп тұрыңдар, хабарласып тұрыңдар, шешім шыққан уақытта міндетті түрде келіңдер” деді. Енді кіргізбей тұр. Өздері іште, сот болып жатыр”, – деді жәбірленуші Шара Мұратәлиева.

Жұртты алдап ақшасын қаққан – "Грант24 ломбард", "Эстейт Ломбард", "Нұр-Әли капитал", "Выгодный займ" ұйымдары бір-бірімен байланысты. Сондықтан сотта да бірге қаралап жатыр. Жақында қамауда отырған 31 сотталушыны судья үй қамаққа жіберген. Мұны естіген жәбірленушілер, ақшадан қағылып қана қоймай, алдап кеткендер енді жазасыз қала ма деп қорқады. 



“Жәбірленушілердің арасындағы белсенділері қазір сотталушылар үй қамаққа жіберілген соң өмірімізге қауіп төндірмей ме деп қорқып жүрміз. Олардың ақшасы көп екені белгілі. Қамаудан шыққан соң кез келген жәбірленушіге қысым көрсете алады ғой”, – деейді жәбірленуші Евгения Гановская

Соттағылар болса қамаудан босатылғандардан қорқып, күдіктенудің қажеті жоқ деп сендіреді. Олар үй қамаққа шыққанымен, жүріп-тұруынан бастап біраз шектеу қойылған екен.  

“Күзетпен ұстаудың 12 айлық мерзімі өткеннен кейін сот сотталушыға бұлтартпау шарасын үй қамаққа алу немесе өзге де бұлтартпау шарасы ретінде өзгертуі тиіс. Осыған байланысты сот қаулысымен 31 сотталушыға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қылмыстық істің мәні бойынша қарағанға дейін үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертілді”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлжанар Отарбаева.

Айта кетейік, қаржы пирамидасының мүшелері деп танылғандардың көбісі өзге аймақ тұрғындары болғандықтан, үй қамаққа шықан сол сотталушыларға Ақтөбенің әкімдігі уақытша тұратын баспана берген. Ол үй күні-түні күзетте болады. Ал осы атышулы сот процессі бір ай көлемінде аяқталып, үкім шығуы керек.

Талқылау