Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ипотекамызды толығымен өтедік": Елорда тұрғыны зейнетақы жинақтарының көмегімен тұрғын үй мәселесін қалай шешкенін айтып берді

2021 жылы қазақстандықтарға зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асатын жинақтарының бір бөлігін пайдалануға рұқсат етілді. Соның арқасында отандастарымыз үшін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік туды. Бүгінгі күні бұл мүмкіндікті 519 мыңнан астам қазақстандық пайдаланып үлгерді. Олардың бірі – 39 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Самал Мәдиева. Келіншек БЖЗҚ-дағы жиналған қаражатының бір бөлігіне ипотекалық қарызын өтеген. Самалдың тәжірибесін тарқатып айтып берейік. 

Самал Мәдиева жұбайы Сүйіндік Мадиевпен

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Самал Мәдиева – банк қызметкері, үш баланың анасы. Келіншек мемлекеттік “Нұрлы жер” бағдарламасына қатысып, көп ұзамай тиімді бағада пәтер сатып алған. Пәтер ақысының бір бөлігін өз қаражаты арқылы өтеп, келесі жартысына ипотека рәсімдеген.

“Отбасы банк” туралы бұрыннан білетінмін және мемлекеттік бағдарламамен пәтер алуды армандап жүрдім. Банктен депозитті тегін ашуға болатынын естіген соң үйге арнайы кеңесшіні шақыртып, шот аштым. Пәтер алуды көздеген соң, үш жыл тапжылмай қаражат жинадым. Барлық тапқан табысымды шотыма салып жүрдім. Шарт бойынша айына 150 мың теңгеден салуым керек болған, бірақ мен одан көбірек аударатынмын. Ал декретке шыққан соң табысымның барлығын депозитке салдым”, – деп есіне алады Самал Мәдиева.

Ол екі жарым жыл ішінде 5 миллионнан аса қаражат жинап, Нұрлы жер бағдарламасы бойынша үй алуға өтініш берген. Көп ұзамай өтініші қабылданып, 2020 жылдың желтоқсанына қарай отбасы жаңа үйдің кілтін алыпты. Ал келесі жылы зейнетақы жинақтамасының бір бөлігін пайдалануға рұқсат берілгенін естіген ол бұл мүмкіндікті қалт жібермеуді жөн көреді.



“2021 жылдың қаңтар айынан бастап ипотекалық қарызды өтей бастадық. Ай сайын 42 мың теңгеден төлеп жүрдік. Бір-екі айдан соң зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асатын жинақтарымыздың бір бөлігін тұрғын үй заемын толық не ішінара жабуға қолдануға болады деген жаңалықты естідік. Банкке өтелмеген берешегіміз 2 миллион теңгеге жуық болатын. Оны күйеуімнің зейнетақы жинағынан төледік. Жолдасым менің шотыма өзінің біржолғы зейнетақы төлемдерін аударды. Себебі декреттік демалыста  болғандықтан, менде жинақ сомасы жеткілікті болмады”, – дейді Самал Ермекқызы. 

Айта кетсек, қазақстандықтарға 2021 жылдың қаңтарынан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу ақысын төлеуге пайдалану рұқсат етілді. Бұл мүмкіндікті осы уақытқа дейін 526 мыңнан астам адам пайдаланып үлгерді. Олардың ішінде 67 мыңға жуық қазақстандық "Отбасы банкіндегі" заем бойынша қарыздарын өтеуге 160 млрд теңге жаратты. Солардың ішінде кейіпкеріміз Самал Мәдиева да бар. 

Сондай-ақ 26 мыңға жуық азамат зейнетақы төлемдерін Отбасы банкінен несие алу үшін алғашқы жарна түрінде қолданған. Ал 2021 жылдың 16 желтоқсанынан бастап біржолғы зейнетақы төлемдерін Отбасы банк депозиттеріне аудару мүмкіндігі және туды. Небәрі 2 айдың ішінде 16 мыңнан астам азамат, жалпы көлемі 78 млрд теңгені болашақта тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатымен өз салымдарына аударды.  

“Мемлекеттік бағдарламамен пәтер алғанымыз өз алдына үлкен қуаныш еді. Оның үстіне Отбасы банкіне төлейтін ипотекамыз да қалтамызға аса салмақ салмайтын. Ал қалған қарызымызды зейнетақы жинақтарының бір бөлігімен толық жапқанымыз тіпті керемет жағдай болды”, – дейді үш баланың анасы.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініш беру үшін салымшының электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы керек. Өтініштерді банк екі жұмыс күні ішінде қарайды, одан кейін тіркелген өтініштер туралы ақпарат электронды хабарлама шеңберінде БЖЗҚ-ға жіберіледі.

Өз кезегінде БЖЗҚ электрондық хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын "Отбасы банкіне" аударады, бұл қаражат өтініш берушінің арнайы шотына түседі. Ізінше 20 жұмыс күні ішінде азамат "Отбасы банкіне" төлем мақсатын растайтын құжаттарды тапсыруы тиіс. Егер осы уақыт аралығында ол түскен ақшаны пайдаланып үлгермесе, қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады. 

Талқылау