“Газ плитасы, күннен қуат алатын панельдер алып дайындаламыз”: Алакөлде шатырда қонып жүрген қазақстандық отбасы жабайы демалысты дәстүрге айналдырған
Фото: Видеодан скрин
Алакөлде жабайы демалыс ұйымдастырған шымкенттік отбасы сырқатынан жазылып, қазақстандықтарға елде арзан демалудың жолдарын көрсетті. Отанасы Анар Ториеваның айтуынша, отбасымен биыл Алакөлге екінші мәрте келуі. Отбасылық демалысқа тыңғылықты дайындалатын олар әр жылы Алакөл жағасында 7-10 күндеп жатып демалады. Анар Ториева Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында жабайы демалыстың қолайсыздықтары мен кемшіліктері туралы айтты.
Шетел мен Қазақстанның шипалы суларын кезуге баласының сырқаты себеп болған. Кейін бұл дәстүрлі отбасылық демалысқа айналды.
“Үшінші ұлым дүниеге келіп, бір айында оған атопиялық дерматит ихтиозы деген диагноз қойылды. Бұл тері ауруы теңіздің тұзды суынан жеңілдейді деп естіген соң, бұрын Түркия, Тайланд, Ташкентке апарып жүрдік. Бірақ кейін бәрін апаруға қаржылық жағдайымыз жетпеді. Бірде ұлдарым “Неге тек Ахмет аға шетелге барады, біз ауырмай қалғанымызға өкінеміз” деді. Сонда күйеуім: “Енді бүкіл отбасы бірге демалады. Қазақстанның да шипалы, әдемі жерлері көп” деді. Содан бастап емдік суы бар орындарды іздеп, жабайы форматта демалуды дәстүрге айналдырдық. Алғаш рет Созақ ауданындағы Ақтас әулие бұлағына бардық. Аллерголог- дерматолог дәрігеріміз оның суы баланың терісіне жақсы әсер береді деген соң Ақтас әулие бұлағына үш жыл қатарынан бардық. 7-10 күндей шатыр құрып тұрдық. Расымен, емдік су оң нәтиже берді. Сондай-ақ Қазығұрттағы Сырған көліне 2 рет бардық. Онда да 7-10 күндей жаттық. Шардара мен Бөген су қоймасына да сенбі-жексенбі күндері барып, балық аулап, табиғат аясында демалып жүрдік. Алакөлге былтыр алғаш рет бардық. Биыл тағы келдік”, – дейді үйдің отанасы.
“Күннен қуат алатын шамдар мен панельдер және жиналмалы үстел, орындықтар”
Отбасы әр демалыс сайын тәжірибе жинап, алдағы саяхатқа дайындалады. Жабайы форматтағы демалысқа дайындық көп уақыт алады дейді кейіпкеріміз.
“Алғашында шағын, төрт адамдық шатырмен шықтық. Жыл сайын не жетіспеді, не ыңғайлы болады деп саралап, біртіндеп қажет жабдықтарды толықтырып отырдық. Алакөлге келуді 2-3 ай бұрын жоспарлап, шетелдік маркетплейстен қажет заттарға алдын ала тапсырыс береміз. Мысалы, күннен қуат алатын панельдер, жиналмалы үстелдер, кішкентай бірақ жақсы жанатын газ плитасы, аккумулятор сияқты жабдықтарды алдын ала алып қойдық. 7 адамға арналған үлкен шатыр, 3 үлкен, 5 кішкентай матрас, жамылғы, жастық, жиналмалы үстел мен орындықтар, газ плитасы мен 10 литрлік баллон, күннен қуат алатын шамдар мен панель, мангал, асүйге арналған ыдыстар, атап айтқанда шәйнек, ауған қазаны, автотоңазытқыш, вакуум пакеттер – барлығы көп орын алмас үшін ыңғайлы әрі жинақы форматта дайындалады”, – дейді Анар Ториева.
Фото: Автотоңазытқыш/Телефон қуаттайтын аккумулятор/Жуынатын душ
“Адамдар 1000 теңге төлесе, біз тегін шомыламыз”
Отбасы демалыста тамақты газ плитада істейді. Табада жұмыртқа қуырса, ауған қазанында бұқтырады. Алайда дайын өнімдерге сенбейміз дейді. Демалысқа тек бұзылмайтын тағамдар, атап айтқанда, консервіленген ет, макарон, ірімшік, шай, кофе алады. Қалған қажет заттарды ауыл ішіндегі дүкендерден сатып алады.
“Біз Көктұма ауылына жақын, көл жағасындағы Коса деген жерде орналастық. Бұл – ақылы жағажайдан небәрі 200 метр жердегі тоғай. Коса жағажайына ауылда қонақүйде орналасқан адамдар 1000 теңге төлеп кіріп, шомылады. Ал біз дәл қасында, табиғат аясында тегін орналастық. Жанымызда шатыр тігіп, орналасқандар өте көп. Демалысты 10 күнге жоспарлап келдік. Үш күн түнеп шықтық, алда әлі бір апта уақытымыз бар. Шатырдың есік-терезесін үнемі жауып жүреміз, сонда жәндіктер кірмейді. Масалар кешкі 20:00 шамасында шыға бастайды. Сол кезде шатырда отырып тамақтанамыз. Балалар таңғы 06:00-де оянып, кешке ерте ұйықтап қалады”, – дейді ол.
Фото: Отбасы орналасқан орын
“Ауыз су мен санитарлық жағдай жоқ”
Суға шомылу қауіпсіздігін ерлі-зайыпты өз бақылауында ұстайды. Балалар үнемі жақын жерде, ата-анасының көз алдында ойнайды. Алайда жағажайда қауіпсіздік белгілері мен құтқару жасағы жоқ. Мұны демалушылар былтыр да байқаған.
Алайда Анар ханым жабайы демалыстың өз қолайсыздықтары мен кемшіл тұстары барын жасырмады. Мұндағы ең үлкен мәселе – ауыз су мен санитарлық жағдай.
“Су алу үшін ауыл тұрғындарынан канистрмен сұрауға тура келеді, бірақ көбі бергісі келмейді. Кейбір үйлерде 10 литр су үшін 500 теңге сұрайды. Тағы бір мәселе – дәретхана мен душ. Ақылы жағажайда да жағдай мәз емес: иісі қолқаны алады, киім ауыстыратын орын жоқ. Сондықтан өзімізбен шағын киім ауыстыратын шатыр алып жүреміз. 4G көрсеткенімен, интернет өте нашар. Шатыр маңында мүлдем ұстамайды, желі іздеп жол жаққа шығуға тура келеді. Онлайн жұмыс істейтіндерге біраз қиындық туғызады”, – дейді Анар Ториева.
@torievaanar Алакөлдегі отельдер , пансионаттар қымбат десеңіз біз сияқты палаткамен келіңіздер ) 7 адамға күніне 5-10000 тг кетеді . Смотря қандай тамақ жасауды жоспарлайсыз . Даже кейбір күні запаста продукты бар болып тек нан мен су ғана алуыңыз мүмкін . 👍 #алакөл2025#алакөл2025көктұма#Алакөл14 ♬ оригинальный звук - Tanella Dee
Фото: Жағажайдағы әжетхана/Тамақ жасайтын ауған қазаны
“Күніне адам басына 5-10 мың теңге кетеді”
Жағажайдағы жабайы демалыстың басты артықшылығы – артық шығынның болмауы. Отбасы жатын орын мен азық-түлікті өздері апарады.
“Былтыр бір үйде тұшпара жеп, 20 адамға 50,000 теңге жұмсадық. Шай, нан, салатымен 70 000 теңге шықты. Жататын жері, ортақ әжетханаға адам басына 8000-10000 теңге төледік. Егер 7 адам 10 күн қалсақ, тек түнейтін орын мен үш мезгіл тамаққа 700 000 теңге жұмсар едік. Бала-шаға ішеміз, жейміз деп ауыл ішіндегі дүкендерге бір кіріп-шығудың өзі қалтаны қағады. Өзіміз шатырмен келген соң, 3 күнде қайыққа міну, балаларға ойыншық, баллон, ішіп-жейтінін қосқанда шамамен 50 000-60 000 теңге жұмсадық. Демек, бұл – 5-6 есе арзан әрі демалысты отбасымен бірге өткізуге керемет мүмкіндік”, – дейді Анар Ториева.
Ерлі-зайыпты ұлдарымен енді жыл сайын Алакөлге келеміз дейді. Себебі тұзды су баласының дерматитіне өте жақсы көмектескен екен. Болашақта Балқашқа баруды жоспарлап жүр. Айтуынша, ол жақта көліктің құмға батып кету қаупі бар екен. Сондықтан Алакөл – әзірге бұл отбасының ең сүйікті демалыс орны.

“Газ плитасы, күннен қуат алатын панельдер алып дайындаламыз”: Алакөлде шатырда қонып жүрген қазақстандық отбасы жабайы демалысты дәстүрге айналдырған
