"Үсті-бастары жұпыны, шаш киіз боп қалған": Түркістан облысында қос қызды туған ағалары 17 жылдан бері құлдықта ұстаған (видео)
Түркістан облысы Отырар ауданы Ескі Шілік ауылында апалы-сіңлілі қыздарды туған ағалары 17 жылдан бері құлдықта ұстап отыр. Ол қос қарындасына мал бақтырып келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Көреміз" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Бейнеден алынған кадр
Апалы-сіңлілердің бірі – Назгүл, 1991 жылғы, екіншісі – Құндыз, 1996 жылы туған. Қыздардың мұндай күйге түскенін бағдарлама редакциясына сыныптастары хабарлаған. Сыныптастарының айтуынша, олар тұратын үйде ешбір жағдай жасалмаған.
"Үсті-бастары жұпыны. Жағдайлары өте жаман, кір. Аяқтары жарылған, қолдары жырылған. Шаш жуылмағаннан киіз боп қалған. Қыздар тек нан жеп, су ішеміз дейді. Одан кейін қыздардың үстінде тек майка мен шалбар ғана. Тұрып жатқан үйлерін толық аралағанымда тіс пастасы мен щетка жоқ, не жуынатын сабын мен бас жуатын шампунь көрмедім. Екеуінен қоңырсық иіс шығып тұр", – деді сыныптасы Айша.
Фото: Бейнеден алынған кадр
Сыныптастары Құндыз бен Назгүлді алғаш көргенде мүлде танымай қалғандарын айтты.
"Құндызбен 11 жыл бірге оқыдық. Ол кезде 6 күн оқитынбыз. Үш күн сабаққа келсе, үш күн келмей қалатын. Мамасының денсаулығы жоқ еді. Әкесі үлкен кісі, қайтыс боп кеткен. Негізі мектепте мұндай емес болатын. Әлеуметтік жағдайлары жақсы болатын. Мамалары 9-10 сынып оқып жүрген кезінде қайтыс болды. Бұларды ағасы қолына алды да, сол кезден бастап жағдайлары нашарлай бастады.
Фото: Бейнеден алынған кадр
Кейіннен көріп, шынымды айтсам, танымай қалдым. Азып кеткен. Сүйек боп қалған. Арқасы бүкірейіп кеткен. Мектеп кезінде ондай емес еді. Түрі әдемі, сабаққа барып келіп жүретін қыздар еді", – деді сыныптасы Гүлсімжан Әділжанова.
Қос қыздың сыныптастары оларды тұрмысқа шығып кетті деп естіген.
"Мал ауылға Пернебек деген сыныптасым барған. Олар малдың жүнін қырқып болған соң түскі ас ішкен. Сол кезде осы қыздар әжетхана жақта жағалап жүр екен. Қолдарында нан бар дейді. Сыныптасымыз Құндыз ба деп жанына барып, атын атап шақырса, әжетхананың арғы жағынан шығыпты. Былтыр 10 жылдық болатын кезде қараша айында бұл қызды іздедік. Ауылдастардан сұрасақ, тұрмысқа шығып кетті деді. Ал осы жылдың мамыр айында осы сурет келді", – деді сыныптасы.
Фото: Бейнеден алынған кадр
Қыздар мектеп оқып жүрген кезде, яғни 15-16 жастарында немере ағасы Қанат Әбілдаев қамқоршылығына алған. Оның айтуынша, екеуін 2016 жылы өз інісі Сәулебек Әбілдаев асырауына алып кеткен.
"Ол кезде жағдайлары орташа болатын. Денсаулықтарында кінәрат болды. Мінездері тұйық, ақыл-естері шамалы кемдеу болатын. Дәрігерлер “өздері не істеп жатқанын ұмытып қалады, бастары істемей қалады” деген диагноз қойды.
Екі қыз Шымкент қаласында тіркеуде тұрды. Дәрі ішетін. Менің асырауымда болған кезде емін-еркін жүретін. Бір қызға 40 мыңдай зейнетақы алдым. Ақшаны өздеріне қажетті заттарға жұмсадым.
Соңғы рет оларды 2016 жылы көрдім. Сол жылы ағалары Сәулебек асырауға аламыз деді. Әйелі жаңа босанып, балама қарайлассын деп алып кетті. Олардың ақшасы қазір аға-жеңгесінің картасына түсіп отырады. Бірақ қазірге дейін қағаз жүзінде қыздар менің қамқоршылығымда", – деді немере ағасы Қанат Әбілдаев.
Қазір қыздарды қамқорлығында ұстап отырған ағасы – Шілік ауылындағы Бақытжан есімді азаматтың жалдамалы малшысы. Оның айтуынша, барлық қара жұмыс өз мойнында.
"Ауруханаға апарып, емдетіп тұрамыз. Мал бақтырып жатқан жоқпыз. Бұл қыздар қолыма келгелі 7 жылдай болды. Жауапкершілік мойнымда болғаннан кейін малды өзім бағамын. Бірақ олар ауыратын болған соң қасымда ұстаймын.
Мемлекеттен ақша бөлінеді. Біреуіне, 89 мың, екіншісіне 71 мың теңге бөлінеді. Ауруханаға апарып тексертіп отырамыз. Кішкентайы туберкулез болған соң келіншегім бала-шағамызға жұғады деп қорықты", – деді екі қыздың қамқоршысы Сәулебек Әділбаев.