Ұстаздары: Димаш мектеп кезінен Абайдың қара сөздерін жатқа айтатын
Димаш Құдайберген – Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиясының түлегі. Ұстаздары мен оның ізбасарлары аты әлемге танылған әнші туралы естеліктерімен бөлісіп, Димаштың бойындағы ерекше адами қасиеттері туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.
Димаш Құдайберген білім алған Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиясының ашылуына 90 жылдардың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан. Бұл мектепте талай ғалымдар мен ақын-жазушылар, еліміздің біртуар азаматтары оқушылармен емен-жарқын кездескен. Соңғы айларда Димашты сұрап, оның оқушы күндері туралы естеліктерді білу үшін арнайы келетіндер көбейген. Ал ұстаздары мен Димаштың соңынан ерген шәкірттер ол туралы жарқын ойларын жеткізіп, өлең-жырларын айтып, мақтанып, марқаюдан шаршаған емес. Себебі, Димаш – қазақтың бағына біткен бірегей, кіршіксіз талант.
Димаш оқыған мектеп ел аузында жүр
№32 мектеп-гимназиясы – ойлы, білімді, саналы, қарапайым Димашты тәрбиелеуге үлес қосқан білім ордасы. Қазір бұл мектептің әр оқушысы Димашқа қарап бой түзейді, алдына үлкен мақсат қойып, оған жету жолында тындай еңбек етеді. Ал ұстаздары әр баланың білімі мен білігін шыңдауда оқушылардың еркін сөйлеп, ойын ашық жеткізіп, турасын айтуға жағдай жасаған, мүмкіндік берген. Содан болар, мектеп оқушылары үлкеннің алдында тосылмайды, именбейді.
«Димаш – Қазақстанның мақтанышы. Кез келген адам Димаш туралы айтқан кезде қуанады. Таяуда Алматыға іссапармен барып, дәріс арасында Димашты мысалға келтіріп, шәкіртіміз деген кезде бәрі бұрылып, бізге қарады. «Димаш сіздің мектептің түлегі ма?» деп сұрады. Мен Димашқа тарих пәнінен сабақ беріп, мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болдым. Ол оқыған сынып ерекше еді. Балалардың бәрі алғыр, ұйымшыл. Көбі физика саласын таңдап, грантпен оқуға түсті. Санап отырсақ, 13 түлегіміз үздік дипломмен оқу бітірген екен. Олар қиналса – көмектеседі, қуанса – бірге шаттанады. Димаш үнемі досы Рүстем Жәнібектің жанынан табылатын. Ол тентек болса, жанында тұрып, өзін кінәлі санайтын»,- дейді мектеп директорының ғылыми әдістеме жөніндегі орынбасары Гүлшара Мусина.
Димаштың сынып жетекшісі, ұстазы Роза Қуанышова оқушысы туралы естеліктер айтудан шаршаған емес. Қарапайым, қамқор, тіпті, аңғал болды. Бәрі-бәрі ұстазының есінде. Роза Қуанышова шәкірті туралы айтқан кезде жылы жымиып, бірде еріксіз езуіне күлкі келді.
«Абай атамыз «адам адамнан ар, мінез, өнер, білім арқылы озады» деп айтқан ғой. Осының бәрін ойына тоғыстыра білген, жинақтай алған Димаш деп толық айта аламыз. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ Димаш өте қарапайым, кішіпейіл, ұстаз болсын, шәкірт болсын барлығына бірдей көмек беруге дайын екенін көрсетті. Кейде мұғалімдер шығарма, бақылау жаздырған кезде қолына толтырып дәптер алып жүреді. Бірнеше рет Димашқа алғыс айтып жатқан ұстаздарды өзім көрдім. Көтеріп апарып беріп, 1-2 минут бөгелсе, «апай, кешірерсіз, кешігіп қалдым» деп айтады. Көмектескенін айтпайды. Бірақ мұғалімдер бөлмесіне келген кезде «сенің балаң кешігіп қалған жоқ па, мен көтере алмай келе жатыр едім, апарып тастады» деп қайырымды сөздерін айтқан кезде іштей жылынып қаласың. Біреуге қол көмегін беруге әзір бала болды»,- дейді ұстазы Роза Қуанышова.
Димаш мектепте ұйымдастырылатын мәдени шаралардың басында жүрді. Ол пән апталықтарына арнап ән дайындап, оны өңдеп, тыңдарманына жеткізетін. Бұл үшін ұстаздарының алғысын алып, ықыласына бөленді. «Апталық өткен соң пән мұғалімдері Димашқа алғысын білдіріп жатады. Әр апталықты тиянақты, жоғары деңгейде өткізуге 5 сыныптан бастап атсалысқандардың бірі, бірегейі. Ол ғылыми-гуманитарлық пәндерді жақсы көрді. 7 сыныпта біз Абайдың қара сөздерін оқимыз. Сол кезде Димаш Абайдың қара сөздерін жатқа айтты. Қытай елінде берген бір сұхбатында мектеп кезінде жаттаған қара сөзін айтып берді. Ол Абайдың 17 қара сөзін 7 сыныпта қол көтеріп айтқан еді. Қазақ тілі апталығы болса, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін насихаттайтын өлеңдерді айтуға әуес болды. «Мен басқаша өлең, ән дайындаймын» деп нақышына келтіріп, бірнеше өлең дайындап, тарту ететін»,- деді ұстазы.
Димашты 5 сыныптан бастап көркем әдебиет оқуға тәрбиелеп, ойын өзгеден ерекше жеткізуге машықтандырған Роза Қуанышова тағы екі естелікті айтып берді.
«Ол – өте қамқор. Үзіліс арасында ата-анасы беріп жіберген ақшаға бәліш сатып алады. Димаш асханаға кеткен бойда бүкіл сынып оны күтіп отырады. Сыныпқа емес, жолда сұрағандардың бәріне береді. Бірнеше рет «апай өзіме де жетпей қалды» деп тұрғанын көрдім. Бірақ ол күліп, риза болып тұрады. Бұл Алланың өзіне берген жомарттығы, кеңдігі, мәрттігі шығар. Жұрттың бәрі оған алғыс айтып жатады. «Адамның алғысын көп алған биіктен көрінеді» дейді. Димаштың биіктен көрінуі өзінің осындай қамқор іс-әрекетіне байланысты шығар деп ойлаймын. Ол аңғал. 7 сынып. Димаш сабақ айтып түр. Сабақты бір аяғын алдыға қойып айтты. Аяғына қарап қалсам, бір бәтеңкесі керемет жылтырап тұр, екіншісі онша сүртілмеген. «Екінші бәтеңкеңе крем жақпағансың ба?» деп едім, аңқаулығы сол, «папам кеттік-кеттік дегенге ұмытып та кетіппін» дейді»,- деп еске алды оқушы Димашты ұстазы.
Мектепте әр тоқсан сайын ата-аналар жиналысы болады. Димаш №32 мектеп-гимназиясында оқып жүрген кезде оның атасы бір-ақ рет жиналысқа барған екен. Өзге уақытта Қанат пен Света Айтбаевтар қатар жүріп, Димаштың оқу үлгерімі мен тәртібі туралы айтылып, тоқсан қорытындысы шығарылатын жиналысқа қатысқан.
«Әдебиет сабағында қарапайым емес, әдеби тілмен, ой тереңдігімен сөйле деймін. Сабақ айтып тұрған кезде көңілім толып тұрған жоқ деймін. Сосын оқушылар ізденеді. Димашқа ата-анасының тегінен дарыған шығар. Бірақ ол көркем әдебиетті көп оқыды. Сөзге шешен болуына әдебиет септігін тигізді. Көркем әдебиет – рухани қазынамыз. Мектепте оқып жүрген кезде үш бала Абай оқуларына барды. Ән айтады, өлеңі мен қара сөзін оқиды. Димаш әнін айтады. Үнемі екінші орын алды. Себебі, сол кезде дауысында мутация болған екен. 7-8 сыныпта оқып жүргенінде «дауысты көп шығаруға болмайды, сақтау керек» деп айтатын»,- деді Қуанышова.
Оқушы Димаш мектепте оқып жүрген кезде әндерді өңдеп, таңғы беске дейін жаңа туындыны өмірге әкелетін. Ұйықтамайтын, өз көңілінен шыққан әуенді тыңдармандарына, ұстаздарына ұсынатын. Қытайдың «Хунан» арнасы келген кезде шәкіртімен кездескен ұстаздар оның еш өзгермегенін, әлі сол қарапайым Димаш екенін мақтанышпен жеткізді. Ол өте талғампаз, мұқият. Димаш 25 мамырда №32 мектепке барып, соңғы қоңырауға қатысуды, ұстаздарына құшақ-құшақ гүл сыйлауды әдетке айналдырған.
Алдыңғы буынға қарап, бүгінгі оқушы бой түзеп келеді. №32 мектептің оқушылары қазір Димашты үлгі тұтады, ол бағындырған биіктерге жетсем деп ұмтылады. Олар да Димаш сияқты қазақ тілінің мәртебесін көтеруге үлес қоссам дейді.
«Димаш ағамыз бүкіл қазақ жастарына үлгі. Мен де Димаш ағама ұқсағым келеді. Сынып жетекшіме «төртінші тоқсанда Димаштың орнына отырайыншы, Димаш сияқты болғым келеді» деп айтып, орнымды ауыстырып алдым. Ұстазымыз «Димаштың орнына аунап алыңдар, өскенде елдің азаматы боласыңдар» деп әзілдейді. Димаш ән әлемінде болса, мен қазақ тілінің нағыз жанашыры, орақ тілді, аузын ашса жүрегі көрінетін, асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы болғым келеді»,- деді Нұрдәулет Ізбасаров.
Алғыр оқушы «Алтын белгі» үміткері. Оқуда үздік, спортта шебер. Футбол ойнағанды жаны сүйетін Нұрдәулет үлкен алаңда шетелдіктердің емес, қазақ баласының ойнағанын армандайды. Өзі 2002 жылы туғандар арасында облыстық құрамаға енді.
«Футбол ойнаймын. Жарысқа барған кезде футболшылар өзіне мотивация беретін өлеңді тыңдадайды. Көбі шетел өлеңдеріне әуес. Ал мен Димаштың орындауындағы француз әнін, сосын «Дайдидауды» тыңдаймын. Бұл маған рух береді, командамды жеңіске жетелеп жүремін»,- деді Нұрдәулет Ізбасаров. Ол Димашқа өлең арнаған ақын.
«Қазағымның жаны жарқын қимасы,
Алашымның ардақтысы, сыйласы.
Дауысы бүкіл ел, ғаламды шарпыған,
Қазағымның даңқты батыр Димашы».
Ал Димаштан вокал саласы бойынша сабақ алған Айхат Едіге қазір облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Димаш Ақтөбеге келіп, мектебіне барған кезде «Дайдидауды» бірге орындағанын жылы шыраймен еске алады.
«Кездесу жақсы өтті. Мені көрген кезде, құшақтап амандасты. Ол менің ағам Рүстем Жәнібекпен дос болды. Жақында ғана біздің үйге келіп жүрген бала әлемге қазақ деген атымызды танытты. Өте қуаныштымын. Сол кездесуде өлең айтайын деп сұрап, «Дайдидау» әнін гитарамен айтып шықтық. Ол да, мен де жақсы әсерде қалдық деп ойлаймын. Өлең айтып жүрген кезде ол мені шақырып алып, тыныс алу, ауызды дұрыс ашу туралы кеңес берді. Кеңесті орындай отырып, вокалды жақсы меңгердім»,- дейді Айхат Едіге.
№32 мектеп-гимазиясының ұжымы дәл осындай шәкірттерімен мақтанады. Бұл ұстаздың еңбегі, ата-ананың үлесі. Оқушылар сөзге шешен, ойы ерек. Олар қара басының емес, мектебінің абыройын ойлайды. Ал ұстаздары кез келген басқосуда тек шәкірттерін айтып, солар туралы сөз қойғайды. «Ұстаздарым бір жолды таңда дейді. Мен – ер жігітпін. Сабағымды, футболды қатар алып жүремін. Апайларымды қатты сыйлаймын. Екінші анам болғандықтан көп сырласамын. Түнде балалар ұйықтап жатады, мен кітап оқимын. Тапсырманы орындаймын»,- дейді Нұрдәулет.
Міне, Димаш оқып, тәлім-тәрбие алған мектептің бүгінгі оқушылары дәл осындай. Олар бір өзін емес, елді ойлайды. Димаш та «елдің баласы бол» деп санасына сіңірген ұстаздарының тәлімін алып өскен еді.
Тағы да оқыңыз:
Мені Димаш Құдайберген еткен қазақ халқына мың алғыс (фото, видео)
Димашқа астаналық жанкүйерлері ерекше құрмет көрсетті (фото, видео)
“Қыз Жібек” ариясын орындаған Салтанат Бақаева тыңдармандарын таңдай қақтырды (видео)
Өзіне пластикалық ота жасатқан қазақстандық блогер жұртты шулатты (фото, видео)