"Үш жылда бірде-бір қылмыс болмады": Ұлытау облысында ауыл тұрғындары алкоголь өнімдерінен бас тартқан
Ұлытау облысындағы Жаңаарқа ауданы ауылдарының бірінде тұрғындар алкоголь өнімдерінен толық бас тартқан деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
Түсірілімнен скриншот
Онда алкоголь өнімдері сатылмайды және оны ешкім ішпейді. Нәтижесінде соңғы үш жылда ауылдық округте бірде-бір қылмыс болған жоқ.
Бастамасы алдымен жастар көтерген, артынша идеяны барлығы қолдай кетті. Ащы сусындарға тыйым салынып, дүкен сөрелерінен алынды.
“Жастарымыз өте белсенді. Бәріміз арақ ішуге мүлдем қарсымыз. Алкогольді сусындар болмаса, бәрі тыныш болады”, – деді Сейфуллин ауылының тұрғыны Нұрлан Орынбайұлы.
Ауылдық округтің құрамына үш елді мекен кіреді. Ауылдарға тіпті жергілікті учаскелік инспекторлер ұзақ уақыт бойы шақырылмапты. Негізінен ол аудан орталығында болады.
“Соңғы жылдары бұл ауылда бірде-бір қылмыс фактісі тіркелген жоқ. Ауыл жастары не өз ісімен, не мал шаруашылығымен айналысады”, – дейді учаскелік инспектор Сәкен Қартаев.
Сәкен Сейфуллин атындағы ауылда қазір барлық жиын-мерекелер алкогольсіз өтеді. Дүкендері бар кәсіпкерлер бұл өнімдерден өз еріктерімен бас тартты.
“Есігіміз күні-түні ашық. Ұрылар мен зиянкестер жоқ. Көбісі егіншілікпен айналысады. Сондай-ақ ауылдың балаларға спортқа бейім, шеттерінен шымыр”, – дейді сейфуллиндік Алданыш Аменов.
Жастар егіншілікпен айналысады. Ауылда шаруа қожалықтарының саны артып келеді. Қазір 85 қожалық бар.
Естеріңізге салсақ, Маңғыстау облысының Баянды ауылының тұрғындары алкоголь өнімдерінен бас тарту туралы меморандумға қол қойған еді. Қарағанды облысындағы Тікенекті ауылының тұрғындары бір жыл бұрын ішімдіктен толық бас тартып, көпке үлгі болып жүр. Түркістан облысындағы Жетісай ауданы Алмалы ауылында алкоголь сатылмағалы ауылда бес жыл ішінде бір-бір ажырасу дерегі тіркелмеген.