Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш жылда 80 мыңға төмендеп кетті": Қазақстанда туу көрсеткіші азайып кеткен

Қазақстанда туу көрсеткіші төмендеп жатыр. Сарапшылар елде туу көрсеткіші төмендегеніне алаңдаулы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі За нами уже выехали Youtube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

нәресте

Фото: Pixabay.com

Мамандар Қазақстанда бала туу көрсеткіші 1990 жылдардан кейін 2000 жылдары қалпына келе бастағанын айтады.

"Қазақстан КСРО ыдырағаннан кейінгі дағдарысты еңсерді. Экономика өсе бастады, онымен бірге халықтың кірісі де, олардың жарқын болашаққа деген сенімі де артты. Осының барлығы бала туу көрсеткішінің белсенді өсуіне ықпал етті. Алайда бүгінде бұл аяқталуға жақын сияқты", – деп жазады басылым.

Ақпаратқа сәйкес, Қазақстандағы туу деңгейі 2022 жылы ерекше жоғары болды да, әрі қарай бәсеңдеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, кейінгі үш жылда бала туу коэффициенті тұрақты түрде төмендеп келеді. 2021 жылы – 3,32, 2022 жылы – 3,05, 2023 жылы – 2,96, 2024 жылы 2,8-ге төмендеді.

Түркістан облысында ең жоғары коэффициент – 4,25, ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында – 1,71.

Қазақстанда 2021 жылы 446 мың сәби дүниеге келсе, 2022 жылы – 404 мың, 2023 – 388 мың, 2024 – 366 мың нәресте туды. Демек кейінгі үш жылда туу көрсеткіші 80 мың адамға төмендеді. Мамандар мұндай көрсеткіш тұтас Қаскелең немесе Жаңаөзен сияқты қалалардағы халық саны жойылып кеткенмен тең дейді. Сондай-ақ бұл – 15 жылдағы ең төмен көрсеткіш.

Сарапшылар 2009 жылы Қазақстанда 356 мың бала дүниеге келгенін еске салды.

"Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлері бұрыннан осындай болған. Онда көптеген славян этникалық топтары тұрады – орыстар, украиндар, беларусьтер. Олар қазақ халқы басым оңтүстік және батыс аймақтарға қарағанда аз туады. Түркістан облысында негізінен адам көп туады. Өткен жылы 53 мың сәби дүниеге келген. Бір ғана осы өңірдің өзінде Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Абай облыстарын қосқандағыдан көп бала дүниеге келген. Ал қазір оңтүстік және батыс аймақтарда да бала туу азая бастады", – делінген материалдарда.

Кейінгі үш жылда дәл осы Түркістан облысында бала туу көрсеткішінің төмендеуі байқалады:

  • 2021 жылы – 65 мың,
  • 2022 жылы – 58 мың,
  • 2023 жылы – 56 мың,
  • 2024 жылы 53 мың бала дүниеге келген.

Үш жылда бұл өңірде туу көрсеткіші 12 мың адамға азайған.

Бала туу көрсеткішіне әсер ететін негізгі аспектілердің бірі неке және ажырасу динамикасы.

"Жалпы алғанда неке саны азайып келеді. 2021 жылы 140 мың, 2022 жылы 128 мың, 2023 жылы 120 мың, 2024 жылы 123 мың неке қиылды. Бұл – кейінгі 20 жылдағы ең нашар көрсеткіштер. Бірақ ажырасу деңгейі басқа. 2019 жылы 59 796 ажырасу тіркелсе, 2020 және 2021 жылы да 48 мың, 2022 жылы 44 517, 2023 жылы 40 227 ажырасу болды. Бірақ өткен жылы ажырасу саны өсіп 40 569-ға жетті", – делінген хабарламада.

Сарапшылар елде әрбір үшінші неке бұзылады деген қорытындыға келген.

"Бұрын ажырасудың негізгі себептері отбасындағы зорлық-зомбылық, маскүнемдік немесе опасыздық еді. Ажырасудың аталған себептері әлі де өзекті. Сондай-ақ оларға ерлер мен әйелдердің некеге деген көзқарасы қосылды. Кейінгі жылдары Қазақстандағы әйелдердің некеге деген көзқарасы өзгерді", – делінген хабарламада.

Әйелдердің көзқарасына әсер еткен факторлар:

  • қаржылық тәуелсіздік;
  • әйелдер рөлінің өзгеруі;
  • қоғам тарапынан қысымның төмендеуі;
  • әлеуметтік және мәдени өзгерістер;
  • қарым-қатынасқа деген көзқарасты өзгерту.

"Әйелдер серіктес таңдауда өзара құрметке, қолдауға және теңдікке негізделген қарым-қатынастарды іздейтін болды. Табысы мен қаржылық жағдайына қатысты талаптар да артты. Төмен жалақы немесе баспана мәселесі сияқты ерлердің қаржылық қиындықтары да әйелдердің некелеспеу немесе оны кейінге қалдыру туралы шешімдеріне әсер етуі мүмкін. Жоғарыда аталған факторлар қазір олардың некеге тұруға және ажырасуға деген көзқарасын өзгертті. Егер неке олардың үміттерін ақтамаса, әйелдер қарым-қатынасты тоқтату туралы шешім қабылдауға дайын”, – деді сарапшылар.

Бірақ Қазақстандағы көптеген ер адамдар әлі күнге дейін дәстүрлі көзқарастарды ұстанады.

"Теңдік туралы идеяларды өздерінің өмір салтына, көзқарастарына, тіпті еркектік қасиеттеріне қауіп деп қарастыратын патриархалды ерлер әлі де бар. Бұл адамдар жаңа шарттарды қабылдағысы келмейді, өздерінің әдеттегі шеңберлерінде қалады және әйелдерді “шетелдік үгіт-насихатқа бейім” деп айыптағанды жөн көреді. Мұндай еркектерге  үйлену қиынырақ, екінші жағынан, олар некенің бұзылуына себепші болып отыр. Алайда соңғы кездері ерлердің, әсіресе жас жігіттердің көзқарастары елеулі өзгерістерге ұшырағанын атап өткен жөн. Олар қарым-қатынаста теңдік идеясына ашық, дәстүр үшін үйленуге бейім емес, ал егер қарым-қатынаста қиындықтар болса, ажырасуға көбірек бейім", – делінген хабарламада.

Мамандар қоғамда әйелдердің де, ерлердің де отбасы институтына деген көзқарасы өзгеріп жатқанын және бұл алдағы онжылдықтарда бүкіл демографиялық жағдайды өзгертуі мүмкін екенін атап өтті.

"Туу көрсеткішінің төмендеуі негізінен 80-жылғы ұрпақтың репродуктивті жастан шығып, 90-2000-жылғылардың келуімен байланысты. Қоғамда некеге деген көзқарас сол қалпында сақталса, осы ұрпақ адам санын қалпына келтірер еді", – делінген мақалада.

Мамандар отбасы институтына қатысты тың көзқарастар бір жағынан неке санының азаюына, екінші жағынан ажырасудың артуына алып келеді. Тиісінше, неке азайып, ажырасу көп болған сайын, бала аз туылады.

"Жалғызбасты болса да, босанып, бала өсіруге дайын әйелдер аз. Иә, "өзі үшін" босанатындар болады. Дегенмен олар бір баламен шектеледі”, – деді олар.

Сондай-ақ “чайлдфри” ұстанымындағы адамдар да кейін көбейеді.

"Қазақстандық әйелдер болашақ балаларының әкесі болуға лайық адамдарды көрмейді. Отбасы рөлін бүгінде жаңаша түсіну адамдарды кеш үйленіп, кеш балалы болуға итермелейді. Анасы бірінші баласын кеш босанса, екінші және одан кейінгі балаларды дүниеге әкелу ықтималдығы соғұрлым төмен болады", – дейді автор.

Сонымен бірге демографиялық жағдайға да әсер ететін экономикалық факторларды атап өту керек.

"Отбасылардың балалы болу туралы шешім қабылдауында қаржылық фактор шешуші рөл атқарады. Бағалардың өсуі мен табыстың тұрақсыздығы жастарды отбасын құру және балалы болуды кейінге қалдыруға мәжбүр етеді. Тұрғын үй бағасы, білім мен денсаулық сақтау шығыны бала туу көрсеткішін тежеп отыр”, – деп қорытындылады сарапшы. 

Себептердің бірі ретінде урбанизация да аталады.

Халықтың 37 пайызы ауылда, 63 пайызы қалада тұрады. Қалалықтардың үлесі жыл сайын артып келеді. Қалаларда туу көрсеткіші ауылдық жерлерге қарағанда дәстүрлі түрде төмен.

2024 жылы қала тұрғындары үшін бала көрсеткіші  2,48 болса, ауыл әйелдері үшін – 3,44. Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда – 1,85. Мегаполис халқының саны негізінен туу көрсеткіші есебінен емес, көші-қон есебінен өседі. Бұл Еуропа кейсіне ұқсас.

Алайда дүниежүзінде туу көрсеткіші бойынша Қазақстанның қазіргі жағдайы жақсы екені атап өтілді.

"Үкімет 2050 жылға қарай қазақстандықтардың саны 27,5 миллион адамға жетеді деп күтеді. Дегенмен бұл болжам уақыт өте келе азаюы мүмкін”, – деді маман.

Талқылау