Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш кішкентай қызы бар, әйелі науқас": АҚШ-та екі қазақстандық жүргізуші қамауға алынды

Фото: facebook.com/sheriffchamberstx

АҚШ-та қызметтік иттің көмегімен көліктен 35 келі кокаинді сақтады деген күдікпен екі қазақстандық Нұрсұлтан Мұқтарәлі мен Мұхит Дәнибеков ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Чемберс округінің шериф кеңсесі Facebook парақшасында хабарлағанындай, "Сигма" атты қызметтік ит белгі бергеннен кейін көлік тасымалдауға арналған автовоздан мұқият жасырылған есірткі табылды.

Шериф кеңсесінің мәліметінше, жүргізуші Нұрсұлтан Мұқтарәлі (Нью-Йорк) мен жолаушы Мұхит Дәнибеков (Пенсильвания) ірі көлемде есірткі сақтау бабы бойынша айыпталып, бұл бірінші дәрежелі қылмыс ретінде тіркелген. Қазір екеуі де Чемберс округінің түрмесінде отыр.

Мұхит Дәнибековтың ағасы Жомарт Дәнибеков олардың кінәсіз екенін айтып, мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Мұхит пен әріптесі Нұрсұлтан — автокөлік тасымалдаумен айналысатын жүк жүргізушілері және көліктердің бірінде есірткі бар екенін білмеген.

Ол екі азамат жоспарлы тексеріс кезінде ұсталғанын, ал олардың отбасылары кепіл мен адвокаттың ақысын төлеу үшін қаражат жинап жатқанын айтты. Әрқайсысына 200 мың доллар (шамамен 107,8 миллион теңге) көлемінде кепіл белгіленген.

"Олар Америкаға адал еңбек ету үшін барған, өзгенің қылмысы үшін азап шегуге тиіс емес. Ағамның үш кішкентай қызы бар, ал жұбайы ауыр науқас. Біз барлық жанашыр жандардан көмек сұраймыз", – деп жазды Жомарт Дәнибеков.

Бұл жағдайға қатысты сыртқы істер министрлігі әлі пікір білдірмеді. 

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 20 Қазан, 2025 16:19
Талқылау