Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Демалыс берілді": Үш адамның өлімі үшін сотталған бизнесмен қалайша Esentai Mall-да емін-еркін серуендеп жүр

4 адам мінген көлікті қағып кеткенФото: Отбасылық архивтен алынды

Желіде Алматыда үш адамның өмірін қиғаны үшін 2019 жылы 10 жылға сотталған азаматтың бостандықта жүргені туралы ақпарат жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2018 жылы Mercedes Gelandewagen көлігімен 3 адамды соққан азаматтың соттылығы бола тұра, бостандықта жүргенін жол апатынан қаза тапқан әйелдердің бірінің қызы Threads желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

"Анамды, тәтемді және жүргізушіні өмірінен айырған қылмыскер Esentai Mall-да емін-еркін жүр. Бұл сотталушы тағы бір адамды мүгедек етті. Төрт отбасы қайғырып отыр. Ал заң бойынша Тараз қаласында жазасын өтеуі тиіс адам, қалада емін-еркін қыдырып жүр. Бұл адам жақсы өмір сүріп жатыр. Жаңа Қазақстан, міне осы", – деп жазды ол.

Сондай-ақ қыз Ілияс Кар (гелендваген жүргізушісі) есімді сотталушының үнемі заң бұзатынын айтты.

“Ілияс Кар ішімдік ішіп рульге отырып, жылдамдықты асырып, бағдаршамның қызылынан өтіп кете салады. Міне осындай әрекетінің салдарынан ол Абай көшесінде мас күйінде үш адамның өмірін қиды", – деп жазды қыз.

Сонымен қатар марқұмдардың бірінің баласы Темірлан Хасенов сотталушының қалай бостандықта жүргенін түсінбейтінін жеткізді. Ол сотқа сұратым жібергенімен мүлде жауап ала алмағанын жеткізді. Ал Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті айыпталушының түрмеде екенін айтқан. 

Ал еліміздің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, Ілияс Кар жазасын қауіпсіздік деңгейі ең төмен түзеу мекемесінде өтеп жатыр.

"Қылмыстық-атқару кодексінің 113-бабына (Мекеменің шегінен тыс жерге шығу) сәйкес, мұндай мекемелердегі сотталғандарға колониядан тыс жерге шығуға, мысалы, демалысқа немесе жұмысқа орналасуға рұқсат етіледі. Сотталушының жеке өтініші негізінде оған мекемеден тыс жерге шығуға рұқсат етілген демалыс берілді. Демалыста жүрген уақытында ешқандай бұзушылыққа жол бермеді», – делінген хабарламада.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, Кар демалыс кезінде полицияның бақылауында болған және шарттарды бұзбаған. Қазір ол Тараздағы колонияға қайта оралған.

Айта кетейік, 29 желтоқсанда Алматыдағы Сейфуллин және Абай даңғылдарының қиылысында жол апаты орын алып, салдарынан 3 адам мерт болған еді. Олардың ішінде актриса Шолпан Елгезекова да бар

Сотталған Ілияс Кар 2018 жылдың 29 желтоқсанында Mercedes Gelandewagen көлігімен Абай мен Сейфуллин қиылысында жол апатын жасаған. Оның көлігі Mitsubishi Galant-қа соғылған. Соқтығысу салдарынан Mitsubishi жүргізушісі 33 жастағы Бақытнұр Қанапия, жолаушылар 45 жастағы Шолпан Елгезекова және 40 жастағы Динара Хамитова қаза тапты. Тағы бір жолаушы 41 жастағы Айзада Сатыбалдиева ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген.

Айыптау актісіне сәйкес, Ілияс Кар оқиға кезінде мас күйінде болған.  Ілияс Карға қатысты екі бап бойынша үкім шыққан:

Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлігі (Көлік құралын басқаратын адамның жол қозғалысы ережелерін бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру). Бұл бап бойынша ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге, оған 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қосылды.

Қылмыстық кодекстің 347-бабы (Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша ол 2 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 03 Қыркүйек, 2025 18:27
Талқылау