Қазақстандық исламтанушы мигранттардың діни ахуалға әсерін айтып берді
Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасағлан
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елде 265 босқын тіркелгенін мәлімдеді. Олар Ауғанстан, Украина, Ресей, Өзбекстан, Сирия және Қытайдан келген. Алайда осы елдерден келген мигранттардың діни ұстанымы қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Stan.kz осы тақырыпта исламтанушы Қанат Байбосынұлынан олардың Қазақстандағы діни ахуалға әсері туралы сұрап білді.
“Тәжікстаннан келгендер арасында шииттік "исмаил" мәзһабын ұстанатындар да болуы мүмкін”
Исламтанушы Қанат Байбосынұлының сөзінше, Сириядан келген мигранттардың басым бөлігі Қазақстанға "Жусан" операциясы арқылы оралды. Олар арнайы оңалту орталықтарынан өтіп, қалыпты өмірге бейімделу жұмыстарынан өтті. Мұндай оңалту процесі кем дегенде 2-3 жыл уақыт алады.
"Ал Ауғанстаннан келген этникалық қазақтар және мигранттар ханафи мәзһабының мәтруди ақидасын ұстанады. Олардың арасында діни ауытқушылық байқалмайды. Керісінше, бұл топ өздерінің діни бірегейлігін берік сақтап, сырттан келген радикалды пікірлерді қабылдамайды. Тіпті ол жергілікті ханафилердің гөрі осы мәсхабты қаттырақ ұстануы мүмкін. Себебі оларда этникалық түркілер көп тұрады. Түркілер өздері секілді халықтар тұрғандықтан діни бірегейлігі қатты сақталған. Сырттан келген ақидалық сенім өкілдері, басқа радикалды пікірдегі адамдарды олар өз орталарына кіргізбейді", – дейді исламтанушы.
Қанат Байбосынұлының айтуынша, діни миграция ұғымы ислам тарихында "хижрет" деп аталған. Мұны дін үшін қоныс аудару дейді екен.
"Алайда бүгінгі таңда мұндай құбылыс жоқ. "Пайғамбарымыздың өзі Меккенің фатхынан кейін "хижрет жоқ" деп айтқан. Қазіргі ғылыми тілмен айтқанда, діни миграция ұғымы осылай түсіндіріледі. Қазір адамдар қоныс аударса, ол көбіне әлеуметтік немесе экономикалық жағдайға байланысты", – дейді исламтанушы.
Бүгінде Қазақстанға негізінен көршілес елдерден, әсіресе, Өзбекстан мен Тәжікстаннан еңбек мигранттары келіп жатыр дейді Қанат Байбосынұлы. Исламтанушың сөзінше, олардың көбі әлеуметтік жағдайдың төмендігі мен жұмыссыздықтың салдарынан шекара асуға мәжбүр.
"Бұдан бөлек, Украинадағы соғыстан кейін Қазақстанға орыс ұлтының өкілдері қоныс аударды. Олардың бір бөлігі үшінші елдерге көшіп кеткенімен, біразы осында тұрақтап қалды. Негізінен әлеуметтік жағдайы осал, орыс тілін қолданатын қауым Қазақстанда қалуды таңдаған. Олар православ христиандары ретінде өз шіркеулеріне барып тұрады. Ал Өзбекстан мен Қырғызстаннан келгендердің басым бөлігі де ханафи мәзһабын ұстанады. Дегенмен "терезеден кірген ауамен бірге шаң да кіреді" дегендей, олардың арасында діни тұрғыдан әртүрлі ағымдарға бейім жекелеген адамдар болуы мүмкін. Мысалы, Тәжікстаннан келгендердің арасында шииттік "исмаил" мәзһабын ұстанатындар кездесуі ықтимал. Себебі бұл ағым негізінен таулы Бадахшан аймағында таралған. Сондықтан тәжік мигранттарының діни бағытын анықтауда олардың қай өңірден келгеніне де назар аудару маңызды", – деді Қанат Байбосынұлы.
Ал көршілес елдерден келген этникалық қазақтар мен тәжік ұлты өкілдері негізінен әлеуметтік мигранттар саналады дейді исламтанушы. Қанат Байбосынұлы олар да мешіт пен діни ортаның ықпалымен қоғамға бейімделетінін атап өтті.
"Бес уақыт намаз оқиды, рамазан айында ораза ұстап, тарауих намазына қатысады. Көбі Алматыдағы базарлардың маңында пәтер жалдап тұрады. Әсіресе, "Көк базар", "Тастақ", "Орбита" аудандарындағы мешіттер еңбек мигранттары жиі жиналатын орынға айналған. Бұл жерлердегі жамағат оларға қазақ тілін үйретіп, дәстүрлі діни ортаға бейімделуіне ықпал етеді", – дейді ғалым.
Фото: Қанат Байбосынұлының жеке архивінен
Қанат Байбосынұлы қазір "діни мигранттар" деген ұғымнан гөрі "өзге діни ағымды ұстанушылар" деген анықтама дәлірек болатынын айтады. Себебі қауіп-қатер көбіне дәстүрлі түсінікке қайшы келетін жат ағым өкілдерінен туындайды. Қазақстан бұл бағытта нақты шаралар қабылдап отыр. Жақында қоғамдық орындарда бет бүркемелеуге тыйым салынып, заң бұзғандарға айыппұл салынатыны жарияланды дейді ол.
"Бұл өте дұрыс шешім. Өйткені біздің ел ханафи мәзһабын ұстанады. Біз мұсылмандық дәстүрімізді ұлттық ерекшелігімізбен бірге сақтап келеміз. Ал жат ағым өкілдері ислам мәдениеті деп өзге халықтардың ұлттық дәстүрлерін таңып, соны әлеуметтік желіде немесе қоғамдық ортада насихаттап жүр. Сол себепті мемлекет тарапынан қауіпсіздікті сақтайтын шаралардың қолға алынуы орынды", – дейді исламтанушы Қанат Байбосынұлы.

Қазақстандық исламтанушы мигранттардың діни ахуалға әсерін айтып берді
