Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үрдістер мен сын-қатерлер: Еліміздің еңбек нарығын қандай өзгерістер күтіп тұр?

Елордада өткен форумда елдегі жұмыссыздықтың негізгі себептері аталып, жаңа тұжырымдаманың жай-жапсары айтылды. 

Сурет: Арғандықов Дәулет

Мысалы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, алдағы 5 жылда жұмыс күшіне 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орны қажет болады екен. Осы себепті жұмыс орындарын құру қарқыны өсіп келе жатқан халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету мәселесі өзекті. 

Мәселе қалай шешілмек?

Бұл мәселені шешу үшін және еңбек нарығындағы жаһандық және отандық трендтерді бақылау әрі соған сәйкес заманауи шешімдер қабылдау үшін мемлекет басшысының тапсырмасымен Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы әзірленген. Бұл елордада "Өзгеріс дәуіріндегі еңбек нарығы: сын-тегеуріндер, жаңартулар және перспективалар" халықаралық форумында талқыланды.  

Онда отандық және шетелдік сарапшылар әлемдік экономиканың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, жаһандық еңбек нарығының даму үрдістерін, сапалы жұмыс орындарын құру мүмкіндіктерін және оларға бизнес-ортаның әсерін, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы қажетті өзгерістерді талқылады. 

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова бүгінде әлемдік еңбек нарығы жаңа жаһандық үрдістер мен сын-тегеуріндерге тап болғанын атап өтті.

Сурет gov.kz

"Біріншіден, біз технологиялардың, цифрландырудың және жасанды интеллектінің қарқынды дамуы әсерінен халықты жұмыспен қамтуда және де бизнесте өзгерістерді байқап отырмыз. Екіншіден, платформалық жұмысқа қызығушылық жыл сайын артып келеді. Интернет-платформалар тек тренд емес, ол қарқынды дамып келе жатқан бағытқа айналды. Үшіншіден, жаңа технологияларды енгізу жаңа құзыреттер мен дағдыларды дамытуға ықпал ететін болады", - дейді Премьер-министрдің орынбасары.

Тұжырымдаманың мақсаты не?

Дүйсенова тұжырымдама жобасы туралы айтып берді.

"Оны іске асырудың мақсаты экономиканың, әлеуметтік тұрақтылық пен елдің дамуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде Қазақстанның тұрақты еңбек нарығын қалыптастыру болмақ. Тұжырымдама жобасына енген бастамалар қазақстандықтарды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сапалы жұмыспен қамтудың өсу драйвері адами капитал мен еңбек нарығының инфрақұрылымын дамытумен тығыз байланысты экономиканы индустрияландыру болады", – деп атап өтті Дүйсенова.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов бұл тұжырымдаманың маңызын айтты.

Сурет: Арғандықов Дәулет

"Кәсіби біліктілік туралы заңды биыл қабылдадық. Келесі кезекте осы заңның іске асырылуы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Біз жұмыс берушілермен кездескенде, олар университеттер мен колледждерді кінәлайды. Ал өз кезегінде ЖОО мен колледждер еңбек нарығындағы нақты талап жетіспейтінін айтады. Сондықтан осы екі тараптың өзара тіл табысу мәселесі маңызды. Сондықтан, кезек күттірмейтін мәселе – кәсіби стандарттарды дайындау", - дейді Аймағамбетов.

Оның сөзінше, жақсы маман даярлағымыз келсе, нақты маманның дағдылары қандай деген сұраққа жауап беру керек.  

Қай сала мамандарына жұмысқа орналасу қиын?

Еңбекминінің басшысы Светлана Жақыпова Тұжырымдаманың негізгі новеллаларына егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

"Тұжырымдаманы әзірлеуіміздің негізгі себебі – бірінші кезекте қазақстандық еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздіктің өсуі. Алдағы 5 жылда жұмыс күшіне жыл сайын 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орны қажет болады. Сондай-ақ, жұмыс орындарын құру қарқыны өсіп келе жатқан халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етпеуде. Жаңа жұмыс орындарының 87%-ы негізінен төмен және орта өнімді секторларда құрылатынын атап өткен жөн", – деді ол.

Екіншіден, министрдің айтуынша, ұтқырлық пен цифрландыру еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістерге алып келеді. Дәстүрлі жұмыспен қамтудан еркін табыс экономикасына біртіндеп көшу жүріп жатыр. Платформада жұмыс істейтіндердің саны артып келеді.

Министр үшінші себеп ретінде дағдылар қазақстандық еңбек нарығының болашағы үшін шешуші мәнге ие екенін атап өтті. Экономика орта білікті мамандарға сұраныс тудырады. Бұл ретте техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары түлектерінің тек 62%-ы ғана жұмысқа орналасады екен.

Сурет: Арғандықов Дәулет

"Біздің алдымызда қарапайым жұмыс орындарын құрудан лайықты жалақысы бар сапалы жұмыспен қамтуға көшу міндеті тұр. Бұл ретте жұмыс орындары сапасының критерийлері былай айқындалады: өңірдегі орташа жалақыдан төмен емес жалақы деңгейі; тұрақты жұмыс орны (кемінде 6 ай); әлеуметтік жеңілдіктердің болуы; жұмыс ортасының қауіпсіздігі", – деді Жақыпова.

Нәтижені қашан күтеміз?

Министр ұсынылған тәсілдерді іске асыру қорытындылары бойынша мынадай нәтижелерге қол жеткізу күтілетінін айтты: сапалы жұмыс орындарының санын 2,1 млн-нан немесе 2023 жылы жұмыспен қамтудың жалпы құрылымындағы барлық жұмыс орнының 32 пайызынан 3,6 млн-ға немесе 2030 жылға қарай 45 пайызға дейін ұлғайту. Сапалы жұмыс орындарының орташа жылдық өсу қарқыны 8 пайызға тең болу керек, ал 1,5 млн адам табысын медианалық жалақыдан жоғары деңгейге көтереді.