Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Университет ректоры қол астындағы оқытушыларды "оңтүстіктен" болғаны үшін жұмыстан қуған

Фото: Видеодан скрин/университет/оқытушы

Ашылғанына бір жыл болған Тараздағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры қол астындағы оқытушыларды “оңтүстіктікісіңдер”, “жемқорсыңдар” деп жаппай жұмыстан қуып жатыр. Оқытушылар араша сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасының жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап сілтеме жасап хабарлайды.  

Президенттің тапсырмасынан кейін былтыр Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті екіге бөлінді. Жергілікті оқу орнының базасынан Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті енші алып шықты. Сәйкесінше, ұстаздар да екі жаққа бөлінді. Алайда жаңадан құрылған оқу орнының қызметкерлері тиісті еңбек демалыстарына шыға алмай қалған. Ал еңбек келісімшарты алты айда төрт рет өзгерген. Осы аралықта басшылық құрам отызға жуық адамды жұмыстан шығарып жіберген. 

Оқытушылардың айтуынша, ректор “Оңтүстіктікілер” топас, жемқор. Сендермен қалай жұмыс істеймін? Мен солтүстіктен мамандарды алдыртуға мәжбүрмін” деп олардың жер-жебіріне жеткен. 

“Универсиеттің негізгі саласы – су саласы. Мұнда техника ғылымдарының докторы, профессор Қойбақов Сейітхан жұмыссыз қалды. Не себепті ондай шешім қабылдағанын білмей қалдық. Техника ғылымдарының кандидаты, доцент – Рахима Джурумбаева. Екеуі де негізгі гидротехниктер”, – дейді әріптестері туралы айтқан аға оқытушы Алтай Игіліков.

Ашуға булыққандар университетіміз ұлттық деген статусты алғанымен, жалақымыз жыртығымызды жамауға да жетпейді деп отыр. Ал студенттер жағдайы тым қиын. Биыл бұл жоғары оқу орнын 400-ден аса білімгер аяқтайды. Алайда олар әлі дипломдық тақырыптарымен таныспаған. Ректор студенттерден униыерситет оқытушылары емес, шетелдік ғалымдар емтихан қабылдайтынын айтқан. 

Фото: Видеодан скрин

“Шетелдік ғалымдар біздің бітіруші түлектерімізден кешенді емтихан қабылдайды екен. Егер өте алмаса ол дипломдық жобалауға жіберілмейді. Студенттерге мұның бәрі ертерек айтылуы керек еді”, – дейді Алтай Игіліков.

Ректор мен оқытушылар арасындағы жанжалдан хабардар болған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жағдайтын мән-жайын анықтады. Айтуынша, ректор әзірге қызметінен шеттетілмейтін көрінеді. Өйткені бұл бір министр ғана емес, бүкіл Үкіметпен қаралып, қабылданатын шешім екен.

“Меніңше, бұл коммуникацияның дұрыс болмауы. Оны тез арада түзеу керек. Мен өзім міндеттеме алдым. Енді бірнеше рет десантпен келеміз. Бүкіл ішкі мәселелерді шешеміз. Мықты орынбасарларды береміз”, – дейді Саясат Нұрбек.

Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің материалдық базасын нығайту үшін 5 жарым миллиард қажет. Сондықтан биыл бюджеттен 3 жарым миллиард қаржы бөлініп, ішкі мәселелер ретке келтірілмек.

Айым Болатқызы
Жұма, 06 Маусым, 2025 21:13
Талқылау