Унитаздан телефонын алмақ болған қытайлық азаматты өрт сөндірушілердің құтқаруына тура келді
Едендік унитазға түсіп кеткен телефонын алмақ болған қытайлық Гуандун провинциясы тұрғынын өрт сөндірушілерінің құтқаруына тура келді.
Ер адамның сөзінше (есімі аталмайды), ол түнгі сағат екінің шамасында дәретханаға барған. Алайда ұйқылы-ояу күйде телефонын унитазға түсіріп алады. Телефонын шығарып алуды ұйғарып, унитазға қолын салып жіберген азаматтың қолы қыстырылып қалған. Өздігінен қолын суырып ала алмасын білген ол бар даусымен айқайлап, көмекке шақыра бастайды. Бірақ айқайын тек бір көршісі, оның өзінде таңертең ғана естіген.
Оқиға орнына келіп жеткен құтқарушылар зардап шеккен азаматтың қолын шығарып алу үшін унитазды сындыруға мәжбүр болған.
Өрт сөндірушілердің сөзінше, унитазға түсіп кеткен қандай да бір затын алмақ болған азаматтарды жиі құтқаруға тура келеді. Мамандар бұл әрекетті өздігінен жасамай, кәсіби мамандарды шақыруға кеңес береді. Сонымен қатар санитарлық техниканың ерекшеліктеріне байланысты, қолыңызды унитазға сұғу оңай болғанымен, шығарып алудың қиынға түсерін ескертеді.