Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"20 рет пышақтаған": Ұлытау облысында төрт баланың анасын азаматтық некедегі күйеуі өлтірді деген күдікке ілінді

Ұлытау облысында төрт баланың анасын азаматтық некедегі күйеуі пышақтап өлтірдіФото: t.me/kriminal_kazakhstan

Ұлытау облысының Жәйрем кентінде төрт баланың анасын пышақтап өлтірді. Күдікті ретінде марқұмның 33 жастағы бірге тұрған азаматтық некедегі күйеуі танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпаратқа сәйкес, әйел отбасын жалғыз өзі асырап келген. Оның жеке дүкені болған, пәтер жалға беріп, төрт баласын, соның ішінде мүгедектігі бар қызын тәрбиелеп отырған.

Жақындарының айтуынша, ер адам жұмыс істемеген, ішімдікке салынып, әйелге жиі тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Қайғылы оқиғаға аз уақыт қалғанда әйел онымен айырылысамын деп шешім қабылдаған, бірақ оған өз пәтерінде уақытша тұруға рұқсат берген.

Оқиға болған күні әйел өз дүкенінде болған. Сағат 13:55 шамасында бірге тұрған адамы сол жерге келіп, оған пышақпен шабуыл жасаған. Туыстарының сөзінше, ер адам әйелге шамамен 20 рет пышақ сұғып, маңызды ағзаларын зақымдаған. Шабуылдан кейін ер адам өзіне қол жұмсамақ болыпты. Қазір ол Жезқазған қаласындағы ауруханада жатыр.

Ұлытау облысының полиция департаментінің мәліметінше, дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 5-бөлігі – “Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр. 

“Күдікті – марқұммен бірге тұрған 33 жастағы жергілікті тұрғын.Қазір ол полицияның тәулік бойғы күзетімен медициналық мекемеде жатыр. Сот оның үстінен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады”, – делінген хабарламада.

Ведомство өкілдері күдікті емделіп шыққан бойда бірден тергеу изоляторына қамалатынын атап өтті.

<>Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған. Ал марқұмның туыстары істің әділ тергелуін талап етіп, балаларға қамқоршылық рәсімдеуге ниетті.

Еске салайық, 26 наурызда Қарағанды қаласындағы Крылов көшесінде орналасқан пәтерлердің бірінде 38 жастағы әйел мен оның кәмелетке толмаған қызының зорлық белгілері бар мәйіттері табылған еді.

Дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жеке басы анықталып, оны ұстау шаралары жүргізілді. Алайда бір күннен кейін Ақтоғай ауданында жедел-іздестіру шаралары кезінде қылмыстық полиция қызметкерлері 39 жастағы күдіктінің денесін тапқан.

“Алдын ала деректер бойынша, ол өз атына тіркелген қарудан атып, өз-өзіне қол жұмсаған”, – деп хабарлады полиция.

STAN.KZ
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 12:23