Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үлкен шоқпарды алып басымнан ұрды": Алты жыл құлдықта болған қазақстандық әйел халықтан көмек сұрады

Қарағанды облысында алты жылға жуық құлдықта болдым деген Раушан Сейтахметова халықтан көмек сұрады. Айтуынша, Ұлытау ауданына қарасты қыстақтардың біріне көмекші болып барған оны, шаруашылық қожайыны күн сайын аяусыз ұрып-соққан. Ал құлдықтан әрең құтылған Раушанның арызын құзырлы органдар "қылмыстық құрам жоқ" деп қысқартып тастапты.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнанының "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

51 жастағы Раушан Сейтахметованың құлдық өмірі бес жыл жеті айға созылған. Сөзінше, 2014 жылдың қарашасында Ұлытаудағы шаруа қожалығының иесі Раушанға жалақы төлеймін, ауылға көмекші керек деп ұсыныс жасаған. Жұмыс таппай жүрген әйел бірден келісіп, көлігіне отырып ілесіп кеткен.

"Асау сиырларына дейін үйретіп, асау үстіңе қарай секіреді. Ұстатпаса өзіңді сүзеді. Оны байлай алмай жатсам, үлкен шоқпарды алып басымнан ұрып, келеді де ұрады, шоқпармен, басым істемей қалды", - деді Раушан Сейтахметова.

Бұл тек көрген қорлығымның беті ғана, дейді Раушан. Сорақысы, соққының астында қалған әйелді сол шаруашылықтағы азаматтар зорлап келген көрінеді.

"Жұмыскерлері зорлық-зомбылық көрсетіп маған. Мен соның бір қатыны болатындай. Бес жыл бойы зорлап кәдімгідей", - деді ол.

Әйел былтыр қалаға қожайынмен азық-түлік алуға барғанда, кездейсоқ сіңілісін кезіктіріп қалған. Раушан сол туысының көмегімен құлдықтан құтылып шыққан.



Қазір Раушан Жәйрем кентінде пәтер жалдап тұрады. Ал облыстық полиция департаментіндегілердің айтуынша, қыстақты бірнеше рет тексерген. Бірақ жұмысшылардың қорланғаны анықталмаған.

"2019 жылдың қыркүйегінде Ұлытау аудандық полиция бөліміне 1970 жылғы азаматшадан арыз түсті. Жұмыс беруші оның жалақысын төлемеді және ұрып соқты деген. Аталған ҚР ҚК 126 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалаған. Қыстақ иелерінен және жұмысшылардын жауап алынған. Ұрып-соғу мен зорлау анықталмады", - деді Қарағанды облысы полиция департаментнің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Құзырлы орган өкілдері жинақталған материал негізінде прокурорлармен келісіп істі қысқартқан екен. Қазіргі уақытта іс мұрағатқа жолданған.

Талқылау