Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Украинадағы соғысқа барғаны үшін ақша төлейді": “Байқоңыр”кешенінің басқармасы тараған ақпаратқа түсінік берді

“Байқоңыр”кешеніндегі арнайы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасы Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін азаматтарға қосымша төлем төленетіні туралы ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Көрнекі сурет

Әлеуметтік желілерде Байқоңыр кешені қалалық прокуратурасының атынан, қалада тұратын жұмылдырылған азаматтарға, сондай-ақ Украинамен соғысқа өз еркімен қатысуға ниет білдіргендерге 260 мың рубль ақшалай төлем жасалғандығы туралы ақпарат тараған.

Ақпаратқа ҚР президентінің “Байқоңыр”кешеніндегі арнайы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасында түсініктеме берілді. Байқоңыр арнайы өкілдігінің Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, мобилизациялау және төлемдер туралы ақпарат Байқоңыр аумағында орналасқан Ресей Федерациясының азаматтарына ғана қатысты.



"Байқоңыр қаласы Әкімшілігі басшысының 2023 жылғы 07 ақпандағы №49 қаулысына сәйкес Байқоңыр қаласында тұратын жұмылдырылған азаматтарға, сондай-ақ арнайы әскери операцияға қатысуға ниет білдірген және әскери қызметті өткеруге келісімшарт жасасқан адамдарға әлеуметтік қолдау шарасы ретінде 260 (екі жүз алпыс) мың рубль мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем белгіленген. Ресей Федерациясы Президентінің 21.09.2022 жылғы №647 "Ресей Федерациясында ішінара жұмылдыру жариялау туралы" Жарлығына сәйкес тек Ресей Федерациясының азаматтары әскери қызметке шақырылады. Сондай-ақ, ерікті түрде әскери қызметші ретінде жұмылдыру немесе арнайы әскери операцияға қатысу үшін Ресей Федерациясының 60 жасқа дейінгі ер азаматтары шақырылуы мүмкін", - делінген сейсенбі күнгі ақпаратта.

Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының жоғарыда аталған қаулысына сәйкес әлеуметтік қолдау шарасы ретінде 260 (екі жүз алпыс) мың рубль мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем тек Байқоңыр қаласының тұрғыны болып табылатын Ресей Федерациясының азаматтарына ғана қатысты.

Сонымен қатар, заңға сәйкес, Қазақстан азаматтарына қос азаматтық алуға тыйым салынған және олар бір мезгілде Ресей азаматы бола алмайды.

Еске салайық, бұған дейін Байқоңыр билігі Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін қала тұрғындарына ақша ұсынғаны белгілі болған.

Талқылау