Украина азаматтығын алған қызылордалық соғыс кезіндегі қазақтардың жағдайын баяндап берді (видео)
Украина азаматтығын алған қызылордалық Марат Дәрменов соғыс кезіндегі қазақтардың жағдайын баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Руслан Ерботаның Youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Бейнеден алынды
Марат Дәрменов Украинада соғыстың қалай басталғанын және отбасымен қандай жағдайда қалғанын айтып берді.
"Ең қиын кездер басында өтті. Қазақта айтады ғой: "Адам үш күннен кейін тозаққа да үйренеді" - деп. 24 ақпан күні таңғы 6-ға таяу жартылай әскери қызметкер жолдас жігіт (офицер в запасе) хабарласып, соғыс басталды, балаларыңды алып жертөлеге дереу түсіңдер деді. Өзім ұйқылы-ояу, қайдағы соғыс деп таңдандым. Соғыс басталады деген ойымда жоқ. Шынымды айтсам, соғыс болатынын білдім. Бірақ Доннбасс, Харьков, Сумы сияқты жерлерде қақтығыс қана болады деп ойладым. Киевтің орталығында орыстың әскери техникасы жүреді деген үш ұйықтап тұрсам да ойыма кіріп шыққан емес. 24 ақпан күні атыс басталды. Қыстың күні, қараңғы, алыстан жарқыраған оттар, жарылыс дауысы естілді. Көзім бәрін көріп тұр, бірақ миым қабылдамайды. Қалай ХХІ ғасыр, ұят, жабайылық деп қарадым. Қарапайым үйлерді атқылау не деген масқара", - деді Дәрменов.
Украинада жүрген қазақ азаматы ұлын соғысқа қалай жібергенін жеткізді.
Фото: Бейнеден алынды
"Қазақстан елшілігі бірден бүкіл қазақтарға хабарлама жіберді. Шығатындар болса елшілікке келіңдер. Мұнда автобус күтіп тұр деді. Өзім Украина азаматы болғандықтан виза жоқ. Жасым алпыста. Оның үстіне шекарадан 18-60 жас аралығындағы ер кісілерді шығармайды. Сосын елшілік әйелдер мен бала-шағаны, Қазақстан адамдарын Польша арқылы шығара бастады. Біз Дәрменовтер әулеті, 26 адамбыз осы Украинада. Сосын өлсек бірге өлеміз деп осында қалдық. Сосын қайырымдылық жұмыстарымен айналысуға кірістім. Бастапқыда жанымда балам болды. Бір күні 22 жастағы балам "мен соғысқа барамын" деді. Бастапқыда аумақтық қорғанысқа барды. 1.5 айдай сол жерде жүріп, кейіннен артиллерия жағында болды. Шынымды айтсам балам үшін қорқамын. Бұрын әншейін әскерге барамын дегеніме анам көзіне жас алып қалған еді. Қазіргі қару-жарақтар да өте қорқынышты. Көктемде украиндар шабуылға шығады, жаздыңгүні соғыс бітеді, күзде алаңсыз жүреміз деген болжам болған алдын. Ендігі болжам келесі жылы аяқталады", - деді ол.