Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украина атынан соғысқа бармақ болған 18 жастағы қазақстандық Ресейде тұтқынға түсті: Анасы елден көмек сұрайды

Қазақстандық 18 жастағы азамат “Қырымға соғысқа барамын” деген хабарламаның салдарынан шекарада ұсталып, Ресейде қамауға алынды. Тұран Устюговтың анасы алматылық Эльмира Жаңабаева Stan.kz редакциясына көмек сұрап жүгінді. Айтуынша, біреулер ұлының психологиялық тұрақсыздығын пайдаланып, соғысқа үгіттеген. Шарасыз жағдайға түскен Тұранның анасы ересек өмірге енді ғана аяқ басқан жігіттің қалай бұл жағдайға тап болғанын айтып, қазақстандықтардан көмек сұрады.  

Элмира Жаңабаеваның айтуынша ұлы қазір Ресейде, Симферополь қаласында Ресей Федерациясының Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) ауыр айыптары бойынша түрмеде отыр.

“Ұлым кішкентайынан алғыр, ақылды болды. Көп кітап оқитын, айналадағы дүниелерге қызыға қарайтын. Алайда психологиялық жарақаты бар еді. Соның салдарынан жасөспірім кезінен сәл мінезі ауырлау бола бастады. Алайда психологпен жұмыс істедік. Өсе келе оқуда үздіктердің қатарында болды. Нархозды бітіргеннен кейін банктерге жұмыс істеуге түйіндемесін жіберді. Сол арада жұмыстан жауап болмағасын үйде отырып қалды. Осы кезде баламның интернет пен телефоннан бас алмай кеткенін байқадым. Айналасына назар аудармады. Біреулермен байланысып жүргенінен күдіктеніп, жаймен телефонын қарай бастадым. Сөйтсем ол белгісіз боттар мен интернетте түрлі ақпараттарды көріп жүр екен. Яғни Украина атынан соғысқа шақырғандардың үгіт-насихатына ұрыныпты”, – деді Тұранның анасы.

Бұдан соң Элмира бірден әрекетке көшіп, ұлына айтпай Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне жүгінген. Бар жағдайды айтып, ұлының телефонындағы жазбаларды көрсеткен.

“Кейін ҰҚК үйге арнайы қызметкерлер жіберіп, баламмен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Одан кейін ұлымның жағдайы жақсарғандай болған. Ол жұмыс іздеді. Таппаған соң жарайды деп Кореяға жұмысқа бару үшін билетін алып бердік. Солай жүргенімізде бір күні жанжалдасып қалдық. Сол кезде ол ренжіп, менің өзін соғысқа да жібермегенімді айтып қалды. Сөйтіп ағасының үйіне кетіп қалды”, – деп баяндады Элмира. 

11 қыркүйек күні сағат 23:45-те Тұран Кореяға жиналған жүгі мен құжатын алып, Қырғызстанға кеткен.

“Мен оның үйде емес екенін біліп, бірден ҰҚҚ-ға бардым. Қарап едік Қырғызстанда екенін білдім. Сосын Бішкектегі таныстарыма айтып, оны іздеп табуын, алдап үйге қайтаруын сұрадым. Алайда олар Тұранға хабарласқанда ол ашуланып, Қырғызстанда емес екенін айтыпты”, – деп қосты ол.

Элмира құзырлы органдарға шығып, баласының шалыс баспауы үшін барынша күрескенін айтады. 

Фото Эльмира Жаңабаевадан

“1 қазанда ұлымнан “жақында барамын” деген хабарлама келді. Онда ол: “Мен сені жақсы көремін! Жаман ұл болғаным үшін кешір! Мен де сені кешіремін” деп жазған. Осы хабарламадан соң көңілім орнына түсіп, үйге қайтады екен деп күтіп жүрдім. 

Алайда Тұранды Ресей әскерилері шекарада ұстап алған. Онда олар жігітті тексеріп, телефонындағы хабарламалардан оның Украина тарапынан соғысқа бару ниеті барын топшылаған. 

“Ұлым маған кейін өзінің 72 сағат бойы тергеуде болғанын, электршокпен қинап, ұрып-соққанын біреудің атынан хабарлама етіп жазып жіберген. Мұны естіп, Сыртқы істер министрлігіне, елшілікке, құзырлы органдарға хабарладым. Ұлыма бірдеңе бола ма деп қатты қорқамын. Ол психологиялық әлсіз, әлі өмір көрмеген бала ғой. Біреулердің үгітіне алданып отыр. Енді осы жағдайда тығырыққа тіреліп отырмын. Не істерімді білмеймін. Қазақстанның құзырлы органдары да шарасыз, бізге дұрыс жауап бере алмай отыр”, – деді жігіттің анасы. 

Элмира уақыт өткізбей, кеш болмай тұрғанда Ресейден адвокат іздеген.

“Симферопольде адвокат таппай қиналдым. Қазір оның қызметі 6000 доллар болып отыр. Осы сомадан мен әрең дегенде тек 300 доллар жібере алдым. Адвокат Тұранмен және тергеу органдарымен байланыс орнатуға көмектеседі. Енді Тұранды қорғауға баршаңыздан қаржылай қаражат жинауға көмек сұраймын. Ұлым небәрі 19 жаста, 18 жасында үлкен қате жіберді. Шын мәнінде, Тұран ешқандай қылмыс жасаған жоқ! ФСБ оған қылмыстық іс қозғады. Ол түрмеде, тергеуде, екі айға қамалды. Ол жақта басынан өткергенін тіпті ашық айта алмаймын”, – деп қорытты анасы.

Тұран 10 қазанда 19 жасқа толған. Шарасыз анасы қазір президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап жатыр. 

Осы жайтқа байланысты Stan.kz тілшісі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен пікір сұрап көрді. Алайда ведомство бұл оқиғаның шиеленісіп тұрғанын айтты. 

“Жігіт кәмелет жасына толған. “Балалықпен алданып қалды” деп ақтайтындай емес. Оның үстіне басқа елдің азаматы бола тұра өзге елдің атынан үшінші бір мемлекетке қарсы соғысқа аттану дұрыс емес. Бұл заң тұрғысынан да тыйым салынған. Оны қорғап алатын дәлелдер аз. Сондықтан мұндай жағдайда оны құтқару жолын айта алмаймын”, – деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров. 

Ведомствоның ресми өкілі Ресейдегі елшілікпен байланысып, мәселенің анық-қанығын тағы бір қарайтынын жеткізді. 

Қазір Тұран екі айға қамауға алынған. Оның ісі шешілуі үшін білікті маманның көмегі қажет. Анасы Эльмира барша қазақстандықтардан Ресейден адвокат жалдауға қаражат жинауға көмек сұрады. 

Анасы: Эльмира Жаңабаева

KASPI GOLD: +7 747 208 74 09

VISA: 4400 4301 0109 0857

МИР: 2202 2063 5701 8360

Талқылау