Алматы облысында ұсталған радикалдар АҚШ-та орын алған терактіні қайталамақ болған
Алматы облысында ұсталған радикалдар ұшақты айдап әкетіп, 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та орын алған террористік актіні қайталамақ болған. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Сурет: novosti-kraya.com
Бұл туралы Қазақпарат жазды.
«18 тамызда Қырғызстанның бір азаматы мен бұған дейін сотты болған екі қазақстандық ұсталған болатын. Олар қоғамда үлкен үрей тудыру мақсатында жергілікті жерде жұрт жаппай жиналатын орындарда теракті жасау жолдарын қарастырған. Бұдан бөлек, Талдықорған әуежайында барлау жасап, азаматтық немесе әскери ұшақтарды айдап әкетіп, 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та орын алған террористік актіге ұқсас шабуыл жасау жолдарын зерттеген», – делінген баспасөз баянында.
Ұсталғандар осындай терактіні жасамас бұрын бейнеролик түсіріп, онда өздерінің шабуылы туралы түсінік беріп, мұны интернетке орналастыруды да жоспарлаған. Бұдан бөлек, атыс қару-жарағы мен оқ-дәрілер сатып алу үшін шаруа қожалықтарының және шағын несие ұйымдарының басшыларына қарақшылық шабуыл жасауға да дайындалған.
Еске сала кетсек, бұған дейін хабарланғанындай, 18 тамызда Алматы облысында арнайы операция нәтижесінде төрт адамнан тұратын террористік топ құрықталды. Оларға республика аумағында бірқатар террористік актілер жоспарлаған деген күдік келтірілуде. Қазақстан және Қырғызстан азаматтары болып табылатын топтан қолдан жасалатын жарылыс құрылғыларына пайдаланылатын компоненттер, діни-экстремистік бағыттағы материалдар табылды. Олар бұл заттарды өздері тұрып жатқан жерінде құпия орындарға тығып тастаған.
Ал ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақанов ұсталғандардың салафизм ағымын ұстанатындар екенін мәлімдеген болатын. Айта кетерлігі, олардың бұған дейін Ақтөбе және Алматы қаласында жасалған террористік актілерге қатысы жоқ болып шықты.