Үкімет ұлттық қордан жыл сайын 2 трлн теңге алып отырады
Үкімет жыл сайын Ұлттық қордан 2 трлн теңге кепілдендірілген трансферт алуды жоспарлауда. Үкімет отырысында 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын ұсынған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Министрдің мәліметінше, республикалық бюджет шығыстары 2024 жылы 24 трлн теңге көлемінде болады деп болжануда. Яғни жалпы ішкі өнімнің 17,8%-ін, 2026 жылы – 25,2 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 14,6%-ін құрайды.
“Сонымен қатар сіздердің қарауыңызға "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобасы енгізіледі. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 доллар, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2-41,8 доллар деңгейінде белгіленген. Осыны ескере отырып, мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру үшін 2024-2026 жылдары республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге сомасында айқындалды", - деді ол.
Министр ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2024 жылы 7,5 трлн теңге, ал 2025-2026 жылдары 8,3 трлн теңге көлемінде болжануда деп мәлімдеді.
"Ұлттық қордың таза қаражаты 2024 жылы 3,9 трлн теңге, 2026 жылы 6,3 трлн теңге көлемінде жоспарлануда. Трансферттерді жоспарлы пайдалануды, сондай-ақ қорды басқаруға байланысты шығыстарды ескере отырып, Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы - 68 млрд АҚШ доллары, 2026 жылы - 93,3 млрд АҚШ доллары көлемінде болжанады. Жобада нысаналы трансфертті 2024 жылы 400 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының, "Ұлттық қордан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заңының және "Ұлттық қордан 2022–2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы" жарлығына өзгеріс енгізу жобаларын қолдауларыңызды сұраймын", - деді министр.