UFC 319 турнирінің карды жаңартылды — Әліби Ыдырыс жекпе-жегін екінші болып өткізеді
Фото: Naiza
17 тамызға қараған түні Чикагода өтетін UFC 319 турнирінің карды жаңартылып, енді бағдарламада 15 жекпе-жек болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Спорт Шредингер спорттық порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңадан қосылған жекпе-жек ресейлік Байсангур Сусуркаевтың (9-0) дебюті болмақ. Ол жуырда Dana White’s Contender Series жобасында жеңіске жетіп, бірден UFC президенті Дана Уайтқа алдағы турнирде өнер көрсету туралы өтініш жасаған. Бұл сұраныс мақұлданып, келісімшартқа қол қойылғаннан кейін небары бірнеше күн өткен соң Сусуркаев октагонға америкалық Эрик Ноланға (8-3) қарсы шығады. Бұл айқас турнирдің ашылу жекпе-жегі болмақ.
Осы өзгерістерге байланысты The Ultimate Fighter 33 жобасының финалисі, қазақстандық Әліби Ыдырыс (10-0) пен америкалық Джозеф Моралес (12-2, UFC: 1-2) арасындағы кездесу кештің екінші жекпе-жегі болып жоспарланды.
Айта кетейік, турнирдің басталуы — Қазақстан уақытымен сағат 3:00-де, ал басты кард 7:00-де басталады. Кештің басты жекпе-жегінде Хамзат Чимаев пен Дрикус Дю Плесси UFC орта салмақ дәрежесіндегі чемпиондық белбеу үшін кездеседі.
Бұған дейін, Әліби Ыдырыстың жарыс алдында қарсыласымен көз түйістіру рәсімін өткізгенін хабарлаған едік.

"Металлургияға 50 балмен түсуге болады": Биыл қазақстандық талапкерлер қанша балмен грант иесі атанды
