"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады

Фото: Жасанды интеллект көмегімен
Желіде қазақстандықтар мемлекеттік перзентханаларда босану кезінде қызметкерлерге ақша беруге тура келетінін қызу талқылады. Айтуларынша, медқызметкерлер қиналған әйелдерге жақсы жағдай жасап, қамқорлық таныту үшін көбіне қаражат дәметеді. Әйтпесе дөрекілік танытып, ауырған әйелдерге аса назар аудармайды екен. Stan.kz тілшісі кейіпкерлермен байланысып оқиғаларын сұрап білді.
“Оларға ақша қыстырмасаң қарамайды да”
Желіде Аманбол Мұсаұлы есімді азамат мемлекеттік ауруханада босану үшін дәргерге ақша қыстыру деген мәселенің бұрыннан бар екенін алға тартты.
“Бүгін бір әйелді кесарь тілігімен босандыру үшін 20 мың теңге сұраған. Тауып бере алмағаннан баласы шетінеп, келіншектің жатырын алып тастапты. Егер бұл жағдайды өз көзіммен көрмесем, жүзден бірде болатын оқиға деп ойлар ма едім. Келіншегімнің айы күні жақындағанда ақылы жерге баруды жоспарлап жүрдік. Белгілі бір себеппен уақыт өткізіп алыппыз. Сонымен перзентхананы ауыстыруға келісім бермеді. Уақыты келіп, ауруханаға түстік.
Серіктес болып өзім кірдім. Тұңғышымыз болғасын босану ауыр өтті. Біз кешкі онда түскен едік. Дәрігер бір келіп толғағын тексеріп кетті. Он екіде тағы кірді. Ары қарай таппай қалдық. Не дәрігер, не акушер жоқ. Келіншегім екеуміз ғана. Шақыруға тырыстық, ешкім жоқ. Сенбі күні бір ғана дәрігер қалады екен. Ол жоқ. Таң ағарып бес кезінде шу шығардым. Себебі келіншегім әлсіреп қалды. Тіпті сөйлей алмайды. Шудан кейін дәрігер келіп, өзі туа алмайды ота деді. Бірақ “менің ауысымым аяқталды, басқа дәрігерлер келеді” деді. Сонда ауысымының біткенін күтіп келмей отырған. Келесі адамдар келіп әйтеуір өзін босандырып алды. Он екі сағаттық толғақ. Негізі түнгі 2-3 кезінде босануы керек болған екен. Оған дәрігер келмей қойған. Кейін айтсақ, “ой оларға ақша қыстырмасаң қарамайды да” дейді. Біз оны қайдан білейік. Білсек жаннан қымбат емес қой.”, – деп жазды ол.

Фото: желіден скрин
Осы тұста мұндай мәселеге өзге де қазақстандықтар тап болғанын айтып, өз оқиғаларын бөлісті.
“Мен Астанадағы Орбитада қарапайым мемлекеттік перзентханада босандым. Бірақ онда жақсылап ақша қалдырдым. Акушерге 20 мың теңге бердім. Себебі менде толық ашылу (раскрытие) болып тұрғанда ол ауысымын аяқтап кетпек болды. Дәрігерге мені тіккені үшін 20 мың теңге төледім. Медбикеге мені тамақтандырғаны үшін 10 мың бердім. Өзімде мүлде күш қалмаған еді. Сол үшін санитарлық қызметкерге сөмкелерімді көтеріп жүргені үшін 5 мың қалдырдым. Міне, өкінішке қарай, Астанадағы мемлекеттік перзентхана осындай”.
“Иә, мемлекеттік роддомдар сондай. Ақша, ақша деп қалған. Мен Тараздың қалалық перзентханасында босанып, 2023-те арсыз медперсоналдан көрерімді көргенмін! Акушерлер де, медбикелер де шектен шыққан жемқорлар! Ақша сұрап тұрғанын мен де білмеппін, алғашқы босануым еді. Әбден қарамай қинады сұмырайлар!”, – деп жазылған пост астында.
“Ең актуалды сұрақ, не үшін ақша береміз? Анестезияға деп бір келеді, шығатын күн деп тағы келеді. Кесір тілігін жасадым деп тағы келеді екен. Балаға көрімдік деп тағы сұрайды. Сонымен не істейміз? Ақшасы жоқ адамдар келсе, оларға медициналық қызмет көрсетілмей ме сонда? 8 жыл бұрын босанғанда осы жүйе бар еді. Әлі ешнәрсе өзгермепті. Адамдар да сол қалпында орындарында отыр. Сонда бұлар айлық алмай ма? Айлықтары қайда? Неге бәрі соншалықты ашық түрде?”, – деп жазды тағы бір желі қолданушысы.
@_a_l_i_a_88 Ең актуалды сұрақ, не үшін береміз? Анестезияға деп бір келеді; Выписка деп тағы келеді; Кесір тілігін жасадым деп тағы келеді екен; Балаға көрімдік деп тағы сұрайды;. Сомен не істейміз? Ақшасы жоқ адамдар келсе, оларға медициналық қызмет көрсетілмей ме сонда? 8 жыл бұрын босанғанда осы система еді, әлі ешнәрсе өзгермепті, адамдары да сол қалпында орындарында отыр, сонда бұлар айлық алмай ма? Айлықтары қайда? Неге бәрі сонгалықты ашық түрде? #многопрофильнаяобластнаябольницаалматы #роддом #взятка ♬ Коррупция - АнимациЯ
“Жемқор қоғам, сендер тегін тұрған қызметке ақша тықпалағандықтан ақшасы жоқ адамдар жөнді қызмет ала алмай жатыр. Дәрігерлер ақша бергендерді өбектеп жүргенде басқалар өліп те қалып жатыр! Ақшаларың көп болса, ақылы роддомға құрыңдар. Бұл дәрігерлер мен берген, сен берген салықтан, ОСМС-тен керек ақшасын онсыз да алады! Надан болмаңдар, адам болыңдар!”, – деп жазды жұртшылық.
- "Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік
“Әр қараған адамға 2 мың теңгеден екі күнге 60 мың теңге бердім”
Нұрай есімді (аты-жөні өзгертілген) тараздық бойжеткен сіңлісінің босануы кезінде осындай келеңсіз жағдайлар болғанын алға тартты.
“Сіңлім Тараздың қалалық перзентханасында кесарь тілігімен босанды. Тұңғышын босануға барғандықтан, еш тәжірибесі де жоқ еді. Кесарь тілігі болған соң, оған аяққа тез тұру ауырлау болды. Әсіресе палатада қозғалуы, жүріп-тұруы қиындаған. Сондай кезде ол медицина қызметкерлерінің көмегіне зәру болды. Ашығын айтқанда медбикелерге тұрып қозғалуына көмектескен сайын, әр тексерген сайын, 2 мың теңгеден беріп отырған. Сонда екі күн перзентханада жатқан сіңлім солай 2 мың теңгеліктерден қызметкерлердің әр көмегі үшін жалпы 60 мың теңге ақшасын жұмсаған. Сіңлім бұдан соң жалпы босанған әйелдерге перзентханада жеткілікті назар аудару үшін ақшаның кәдімгідей рөл ойнайтынын түсініпті”, – деді ол.
Ал алматылық Жанна (аты-жөні өзгертілген) перзентханада қызметкерлер ақшаны ашық талап етпегенімен, бәрібір сұрап тұратынын алға тартты.
“Өзім қалалық 1-перзентханада босандым. Байқағанымша көптеген перзентханада қызметкерлер ақша берсең алуға қарсы болмайды. Каспий номерін сұрасаң қысылмай айта береді. Мәселен, тұңғышымды босанарда маған санитар қызметкерлер қайта-қайта келіп ақша сұрады. Босанып болған соң: “сізді босандырып алған осы акушер-гинекологқа беретініңіз бар ма” деп келтірді. Сосын ішімнен: “бұл кісі не үшін дәрігерді уайымдап басы қатып тұр” деп ойладым. Кейін бәлкім дәрігердің өзі солай тапсырып қойды ма деп топшыладым. Негізі акушер-гинеколог ең соңында босандырып алады ғой. Оған дейін әйелге дәрігердің көмекші мамандары қарайды. Дұрыстап демалуды солар айтып отырады. Былай қарасақ нағыз еңбек солардікі. Ал дәрігер соңына қарай келіп, баланың басы келіп тұрғанда шығарып алады. Ал “күшен, күшенбе” деп тұратын да жаңағы акушерлер негізі”, – деді Жанна.
Сөзінше, босанған соң ол бірден сол көмекші қызметкерлерге алғысын берген.
“Тұңғышымды босанарда көмекші акушерге 10 мың теңгедей ақша бердім. Себебі ол кісі босану кезінде маған өте жақсы қарады. Ал одан кейін санитарлық қызметкер келіп, “сізді босандырып алған сол кісі, беретініңіз бар ма?” деп қайта-қайта сұрады. “Иә мен күйеуіммен хабарласа алмай отырмын, күйеуіммен сөйлесіп алайын” дегенімде “сіз қазір кетіп қаласыз ғой” деп сәл дөрекілік танытқан. Жалпы бірінші босанғанымда 10 мың теңге, екіншісінде 15 мың теңге бердім”, – деп қорытты ол.
Еске салсақ, Жамбыл облысында босанған әйел бір сағаттан соң сәбиі мен жатырынан айырылып қалғаны туралы хабарлаған едік. Дәрігерлер одан кесар тілігі үшін 20 мың теңге сұраған.
Kcell компаниясы қызметкерлеріне арналған жаңа жылдық корпоративке 160 миллионға жуық қаражат жұмсаған