Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

УЕФА офсайдтар ережесіне өзгеріс енгізуді қарастырып жатыр

Фото: BallGames

УЕФА миллиметрлік офсайдтарды жою үшін ережеге өзгеріс енгізуді қарастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл өзгеріс VAR арқылы анықталатын даулы жағдайларды болдырмауға бағытталған. УЕФА Бас хатшысының орынбасары Джорджо Маркетти: "Миллиметрлік офсайдтар қолайсыздық тудырады" – деп, ойыншының тек маңызды дене бөліктеріне ғана назар аударып, болмашы артық шығулар үшін голдарды есептемей тастау мәселесін шешуді ұсынды.

Бұл бастаманың басты жақтастарының бірі – ФИФА-ның жаһандық футболды дамыту бөлімінің басшысы Арсен Венгер. Ол офсайд ережесін өзгертіп, ойыншыны тек қорғаушыдан толықтай алда болғанда ғана офсайдта деп санауды ұсынады. Яғни, шабуылдаушы ойыншының гол соғуға жарамды дене бөлігі қорғаушымен бір сызықта болса – офсайд саналмайды.

Ұсынылған жаңа ереже қазіргі уақытта Италия, Швеция және Нидерландының жастар лигаларында сынақтан өтіп жатыр. Ал Халықаралық футбол қауымдастықтары кеңесі (IFAB) бұл ұсынысты келесі жылдың ішінде қарап, түпкілікті шешім қабылдауы тиіс.

Егер өзгеріс мақұлданса, ол келесі маусымда күшіне енуі мүмкін. Бұл футбол тактикасына және төрешілердің жұмысына елеулі әсер етуі ықтимал. Ереже реформасының басты мақсаты – шабуылдаушы командаларға артықшылық беру және VAR көмегімен қабылданатын даулы шешімдердің санын азайту.

Абылайхан Палмағанбет
Сәрсенбі, 14 Мамыр, 2025 15:38
Талқылау