"Уайымнан үстіме жара шығып кетті": Жұмыстан жазықсыз шығарылған ұстаз екі жылдан бері әділдік таппай жүр
Жамбыл облысы Төле би ауылындағы мұғалімдер арасындағы дау екі жылдан бері шешілмей келеді. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мадина Масакова білім ордасында тексеріс жүргізуді талап еткені үшін қудалауға ұшырап, еш себепсіз жұмыстан шығып қалғанын айтады. Дегенмен мектеп әкімшілігінің мәселе жайлы айтары басқа. Мәселенің анық-қанығын Stan.kz тілшісі анықтап көрді.
Ауыл мектебінде ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін Мадина Масакова өзін заңсыз жұмыстан қуылғанын мәлімдеді. “Дипломмен – ауылға" бағдарламасымен елді мекенге ұстаз болып жұмысқа орналасқан оны мектептегі мәселені әлеуметтік желіге жариялағаны үшін басшылық қысымға алған.
"Жұмыстан шығарылуыма 2020 жылы мектепте тексеріс жүргізуді талап етуім себеп болды. Мектеп-гимназиясында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 209 миллион теңге бөлінген. Алайда бөлінген қаражатқа сай жөндеу жүргізілмеді. Мектепте санитарлық талаптар сақталмағандықтан, директорға 600 000 теңге айыппұл салынды. Алайда жөндеу жұмыстары сол күйі жасалмады. Бұл мәселені көтеріп, әлеуметтік желіге жазба жариялағаным үшін керісінше, мектеп әкімшілігі мені қудалап, тіпті жұмыстан шығаруға дейін барды. Директордың абыройына нұқсан келтірді деп сотқа бергендіктен айыппұл арқаладым ", - дейді педагог.
Сот шешімімен келіспеген мұғалім облыстық сотқа арызданған. Алайда аудандық соттың үкімі сол күйі өзгертілмепті. Мұның себебі – мектеп әкімшілігі мен судьяның ауыз жаласуы, дейді жас маман. Енді қазір жұмыссыз жүрген ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар агенттігіне де арыз түсірген.
"Арызым әлі қаралып жатыр. Облыстық білім бөлімі болса, менің шағымымды құлақтарына аспай, істі жылы жауып қоя салды. Амалым таусылған соң Президентке де хат жолдадық", - деді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Айтуынша, бұл мәселе оның денсаулығына қатты әсер еткен. Психикалық жағдайы былай тұрсын, қатты күйзелістен кейін денесі бөртіп, жараға айналған.
"Бастапқыда тіл тигізді деген желеумен директор Естаева Азиза 200 000 теңге өндіруді талап етті. Енді тағы да 70 000 мың теңге айыппұл салынды. Барлығы 270 000 теңге төлеуім керек. Сары уайымнан үстіме жара шығып кетті. Ауруханаға қаралайын десем, медициналық сақтандыру жоқ деп еш жер қабылдамайды", - деп түсіндірді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Аталмыш оқиғаға Шу аудандық білім бөлімінің өкілдері пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, Мадина Масакова 2017 жылы Шу аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы Е.Бекмаханов мектеп-гимназиясына жұмысқа қабылданған. Білім бөлімінің өкілдері бұл кезде мұғалімге қолдау көрсетіліп, үй алуға несие де берілгенін мәлімдеді.
"Масакова Мадина сабақ беретін сыныптардың ата-аналары тарапынан жаппай мұғалімге шағым түсе бастады. Бұл кезде мұғалімнің оқушыға берген білім сапасына және оқушыға жөн-жосықсыз дауыс және қол көтергеніне шағымданған болатын. Мұғалімге қатысты барлық жағдай білім бөлімі және білім басқармасы тарапынан толық тексерілген. Нәтижесінде Масакова Мадинаға мекеме басшысының бұйрығымен екі рет сөгіс жарияланып, 2020 жылдың 3 наурызында жұмыстан шығарылды", - деді Шу аудандық білім бөлімінің өкілдері.
Даулы мәселеге байланысты соңғы сот отырысы биыл 15 сәуірде өткен. Дегенмен аудандық сот шешімнің заңды күшіне енбеуін сылтауратып, ресми пікір білдіруден бас тартты.