Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Уақытылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмесе өліп кетуі мүмкін": Денсаулық сақтау министрлігін сынға алған қоғам белсендісі Тоқаевқа үндеу жолдады

Елімізде орфандық аурулары бар науқастарға көмек көрсету қауымдастығының басшысы Бақыт Байғалиева департаменттің жаңа бастамасының салдарынан сирек аурумен ауыратын балалар көмексіз қалатынын айтып, дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан кадр

Жақында "Ашық заңды тұлғалар" порталында Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының жобасы пайда болды. "Денсаулық сақтау" бөлімінде министрліктің бұдан былай сирек аурумен ауыратын науқастарға қымбат дәрілер сатып алмайтыны туралы көрсетілген. 

“Халықаралық тәжірибеге сәйкес, сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған ең қымбат препараттарды сатып алу қайырымдылық қорларына жүктеледі”, – делінген құжатта.

Бұл қауымдастықтың наразылығын тудырды. Орфандық аурулары бар пациенттерге көмек көрсету қауымдастығының басшысы Бақыт Байғалиева министрліктің бұл шешімін жауапсыздық деп бағалап, президентке үндеу жолдады. 

“Денсаулық сақтау саласындағы бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында сирек аурумен ауыратын науқастарды қаржыландыруды қысқартып, бұл міндетті қайырымдылық қорларына жүктеу адамгершілікке жатпайды деп санаймыз. Мұндай шешім қабылдау арқылы Денсаулық сақтау министрлігі орфандық аурумен ауыратын науқастарды кепілдендірілген қаржыландыру жауапкершілігін алудан бас тартып отыр. Біз бұл шешімге қатты наразымыз”, – дейді Бақыт Байғалиева.

Ол қайырымдылық қорлары мұқтаж науқастарды, соның ішінде балалардың көпшілігін қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз ете алмайтынын айтады.

“Науқастарды әрілік заттармен толық қаржыландыру міндеті қайырымдылық қорына жүктеліп, сондай-ақ дәрілік заттарды мемлекеттік кепілдік берілген дәрілік заттармен қамтамасыз ету тізбесінен алып тастаған жағдайда, сирек аурумен ауыратын науқастарды емдеу, пациенттердің жағдайын бақылау және динамикалық бақылау үшін жүйелі сатып алу тәртібі толығымен бұзылады.

Бұл ретте қайырымдылық ұйымдары препараттарды тұрақты және жүйелі сатып ала алмайды. Ал ем-шара жүйелі түрде өтпегендіктен емдеу процедурасының бұзылып, ол ешқандай оң нәтиже көрсетпейді. Бұл науқастардың жағдайының нашарлауына әкеліп соғады. Кейбір жағдайда науқас дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етілмесе өліп кетуі мүмкін”, – дейді қауымдастық басшысы.

Бақыт Байғалиева билікке дәрі-дәрмекті кепілді түрде жеткізіп отыратын арнайы мемлекеттік қор құруды ұсынды. Болмаса, ол Қазақстанда сирек дертке шалдыққан науқастар зардап шегуі мүмкін екенін айтты.

Талқылау