Тұрғындар үдере көшуде: Түркістан облысында ауыл жұрты ауыз су мен ағын суға жарымай отыр
Түркістан облысы Келес ауданындағы Ынтымақ ауылында бүгінде 300-ден астам отбасы тұрып жатыр. Өзбекстанмен шекаралас жатқан елді мекеннің тұрғындары не ауыз суға, не ағын суға жарымай отыр. Мұндағы жұртшылық ауыз суды көрші ауылдардан тасып ішеді. Трактормен, ат, есек арбамен халық фильтр суын 8 шақырым жерден, тазартылмаған суды 3 шақырым жерден тасып күнелтіп отыр. Орташа отбасына бір аптаға жететін бір бөшке суды ынтымақтықтар 5 мың теңгеге сатып алады. Осыған дейін ат-көлігі жоқ тұрғындар арық суын қайнатып ішіп, тұрмыста пайдаланатын. Алайда соңғы жылдары ағын судың да тапшылығы жергілікті тұрғындарды әбден титықтатып қойды Stan.kz тілшісі ауылдықтардың назын тыңдап қайтты.
Ауылда қазір 800 га егістік бар. Ауа райы егін салуға сұранып тұрған ауылдың негізгі күнкөрісі – жеміс-жидек, көкөніс егу. Дегенмен соңғы бес жылда арықтағы су азайып, ауылға жығылатын тіршілік көзі небәрі 200 гектарды әрең қамтып жатыр екен. Егістігіне егін салған көпшілік шығынға батып жатқандарын айтады. Ағын суға үміт артқан ауылдықтар соңғы малдарын сатып егістіктің шығындарын жабуда. Алайда жерлер уақытылы суарылмағандықтан, қурап, есіл еңбек еш кетуде.
"Күнделікті тіршілігіміз қиындаған соң ауылдан көпшілігі көшіп жатыр. Қазір мұнда тек зейнеткерлер, мүғалімдер, бала-шаға қалдық. Бірер жылда ауылда адам қалмайды-ау деп алаңдаймын. Себебі, елді мекенде өмір сүруге мүлде жағдай жоқ. Қалаға ағылған жұрт жүк тасысам да күн көрермін деген үмітпен кетіп жатыр. Әбден ауылға үйреніп қалған ағайынның қалаға сіңісуі де қиын екен. Жұмыс ақысын уақытылы ала алмай, қайта келгендері тіпті еңбекақы үшін төбелеске барып, қаза тапқандары да бар. Өте өкінішті жағдай... " – деп налиды ауыл биі Әбдіәкім Аманов.
Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, тұрғындар үйлерін де сата алмай мүлкімен қоса тастап кетіп, көшіп жатыр. Ағын су болмағандықтан, мал ұстау да мұң болып отыр дейді халық. Ынтымақтықтар құдық та қаза алмайды. Себебі ауылдан су шықпайды екен.
Осы мәселеге қатысты сұқбат берген салаға жауаптылардың сөзіне сенсек, ауылдың ауыз су мәселесі биылғы жылдың соңына қарай шешімін табады. Ауылда ішкі жүйелердің құрылысын жүргізетін мердігер анықталып, бұл бағыттағы жұмыстар басталған. Алайда ағын су мәселесі әл-әзір шешілетін емес. Себебі Өзбекстаннан ел аумағына өткен ауылға жығылатын су Ташкент каналынан бастау алады.
"Ынтымақ ауылына Өзбекстанның балансындағы "Солтүстік Ташкент" каналына арқылы су келеді. Қазір каналдан ауылға жіберіліп жатқан судың текше метрі азайған. Себебі, қазір жауын-шашын жоқ, оның үстіне егістік суарылатын кезең. Бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Ең алдымен каналға монолит құйылуы керек. Өйткені қазір судың 70 пайызы жер астына кетіп жатыр. Нысан көрші ел еншісінде болғандықтан бұл шаруаны біздер атқара алмаймыз. Дегенмен, қазір қос тарап арасында тиісті келіссөздер жүргізілуде. Қазіргі таңда егістігі каналдың бойында орналасқан дихандарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, каналдың басына үш күн және етегіне үш күн кезекпен су қойылған." - дейді Ақтөбе ауылдық округі әкімі аппаратының инфрақұрылым бөлімшесінің басшысы Ануар Юсупов.
Әкімдіктегілер ағын су проблемасының қашан шешілетінін нақты айта алмайды. Себебі, бұл Үкімет деңгейінде шешілетін мәселе болып отыр. Ағын су тапшылығын болдырмаудың тағы бір жолы – тамшылатып суару әдісіне көшу. Алайда жылда егін саламыз деп қып-қызыл шығынға ұшырайтын егіншілердің қымбат тұратын суару құрылғыларын орнатуға қауқары жетпейді екен.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
