Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң күшіне енеді: Енді елімізде баспаналарды кім және қалай үлестіреді

Фото: freepik.com

23 мамырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков елімізде тұрғын үй үлестіру жүйесіне қандай өзгерістер енгізілгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Комитет төрағасы өткен жылдың қарашасында мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойғанын еске салды.

"Жаңа түзетулер аясында Отбасы банк тұрғын үйді тіркеу, есепке алу және үлестіруді іске асыратын ұлттық даму институтына айналды. Қазіргі Kezekte.kz ақпараттық жүйесі 24 мамырға дейін жұмыс істейді, содан кейін кезекте тұрған барлық азамат Отбасы банкке ауыстырылады. Жаңа тетікке сәйкес тұрғын үйді бөлу есепке қойылған күнге және табыс деңгейіне байланысты іске асырылады. Осылайша баспана бірінші кезекте ертерек тіркелгендер арасында үлестіріледі", – деді ол.

Журналистер спикерден баспана мәселесімен неліктен әкімдіктер емес, Отбасы банкі айналысатынын және бұл қазақстандықтарға қалай әсер ететінін сұрады.

"Бірінші кезекте – "бір терезе", бұл – бақылаудың, жүргізудің және үлестірудің оңайлатылған тәртібі. Бізге кімдік тарапынан тұрғын үй бөлуде әділетсіздікке жол берілгенін айтып шағымданатындар болатын. Бұл жағдайда бірыңғай оператор тұрғын үйді ашық және әділ түрде үлестіреді. Жалпы алғанда бірыңғай ақпараттық жүйеге тіркеліп, ел азаматтары үшін ыңғайлы болады", – деп жауап берді Жүнісбеков.

БАҚ өкілдерінің "Бұл функциялар Отбасы банкке берілгеннен кейін баспана алу мерзімі қысқара ма?" деген сұрағына комитет төрағасы кезек тұрғын үй құрылысының қарқынына байланысты жылжитынын айтып жауап берді.

"Баспана кезегі Отбасы банкке байланысты емес. Отбасы банк – үлестіру тетігі. Жалпы алғанда бізде тұрғын үй құрылысын ынталандыру тетігі бар.  Әлеуметтік және нарықтық тұрғын үй бар. Әлеуметтік тұрғын үйді бюджеттің мүмкіндігі жеткенше ынталандыруға тырысып жатырмыз және соңғы жылдары бұл өсім қарқын алды. Бұдан бөлек, нарықтық тұрғын үйді де ынталандырамыз. Инфрақұрылыммен қамту, субсидияланған сыйақы мөлшерлемелері сияқты ынталандырулар бар, сонымен қатар кешенді құрылыс пен елдімекендерді кешенді дамыту тетіктерін қарастырып жатырмыз", – дейді Бақытжан Жүнісбеков.

Оның пікірінше, бұл құрылыс қарқынын арттырып, кезектің жылдам жүруіне ықпал етеді.

Айнұр Мұхади
Жұма, 23 Мамыр, 2025 13:42
Талқылау