Тұтқындарды азаптаған: Атбасарда колонияның 12 қызметкеріне қатысты іс осымен үшінші рет қайта қозғалды

Атбасар колониясында 12 қызметкер тұтқындарға азаптап қорлық көрсетті деген айып тағылған еді. Іс бұған дейін бірнеше рет қаралып, олар ақталып кеткен. Дегенмен жақында 12 қызметкердің ісі осымен үшінші рет қайта қозғалып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оларға Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша "қатал, адамгершілікке жатпайтын әрекет, азаптау" айыбы тағылған. Негізгі сот 17 сәуірде сот алқасының қатысуымен өтеді.
Үш бұрынғы колония қызметкері қамауда, қалғандары кепілмен босатылған.
2023 жылғы күзде интернетте Тимур Данебаевты қазақстандық колонияда қатал азаптап жатқан видеосы тараған. Бұл оқиға қоғамда үлкен дүрбелең туғызды. Сол кезде колониядағы жағдайға тексеру жүргізіліп, құқық қорғаушы Елена Семенова 6 қыркүйекте азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Содан кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) 11 қызметкерді жұмыстан шығаратынын, ал Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, оның орынбасары және колония бастығы уақытша қызметінен босатылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар ҚАЖК қылмыстық істің қозғалғанын ресми түрде растады.
Айта кетейік, 2024 жылдың шілдесінде абақты қызметкерлеріне Атбасар қаласындағы мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандарды азаптады деген айып тағылған еді.
2024 жылдың шілдесінен 2025 жылдың ақпанына дейін созылған сот процесінің соңында алқабилер соты 12 күдіктіне де ақтау туралы шешім шығарды. Алайда прокурор сот үкіміне шағым түсіріп, жоғарғы сот процессуалдық заңбұзушылықтарға байланысты үкімнің күшін жойған еді.
Жаңадан жасақталған алқабилер құрамы да айыпталушыларды кінәсіз деп таныды. Сот үкімімен абақтының барлық 12 қызметкері ақталды.
Қазақстандық ер адам егіз қызы мен ұлын зорлады деп айыпталды: Анасы бірнеше жылдан бері әділдікке жете алмай жүр