Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түтінсіз – зиян аз": Швецияның темекі шегумен күрестегі табысты стратегиясы қандай

Швед ғалымдары темекі шегудің зиянын азайту жұқпалы емес көптеген аурулардың төмендеуіне алып келетінін дәлелдейтін жаңа зерттеу ұсынды. Бұл бастапқыда парадоксальды көрінгенімен, Швециядағы жағдай Еуропаның басқа бөліктеріне ұқсас: әрбір төртінші ересек адам күн сайын никотин тұтынады. Алайда Швецияда қатерлі ісік ауруы Еуропаның орташа деңгейінен 41% төмен. Ал темекі шегуге байланысты өлім-жітім көрсеткіші ЕО-ның көптеген елдеріне қарағанда екі есе аз.

Мұндағы негізгі айырмашылық – Швеция темекіге қарағанда зияны аз, түтінсіз баламалардың сатылымына рұқсат беріп, оларды шектеуден бас тартуында. Ғылыми зерттеулерге назар аударып, инновацияларды қолдауы арқылы ел темекіге қарсы күресте айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.

Ұсынылған есепке сәйкес, Швецияда басты назар темекінің зиянын азайту концепциясына қойылған. Бұл елде никотиннің ең зиянды түрі саналатын жанатын темекі өнімдерінен гөрі, түтінсіз және аз зиянды баламаларға басымдық беріледі. Зерттеулер көрсеткендей, никотиннің өзі тәуелділік тудырады, бірақ темекі шегуге байланысты аурулардың негізгі себебі ол емес. Олардың пайда болу себебі – сигара түтінінде кездесетін канцерогендік зиянды заттар, олар әрбір тартылған түтінмен темекі шегушілердің өкпесіне енеді.

Сонымен бірге Швецияда түтінсіз баламалар – дәстүрлі швед снюсы, қыздырылатын темекі және басқаларында жану процесі жүрмейді. Зерттеулер көрсеткендей, түтінсіз өнімдерден шығатын аэрозоль темекі түтініне қарағанда 95% қауіпсіз.
Осы себепті швед тәсілі "Түтінсіз – зиян аз " ("No Smoke, Less Harm") деп аталады. 

Никотинді бірдей мөлшерде тұтынатындарына қарамастан, Швецияда өкпе қатерлі ісігінен болатын өлім-жітім деңгейі басқа Еуропа елдеріне қарағанда төмен. Мысалы, Польшаға қарағанда 53%, Германияға қарағанда 36% аз.

Жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша жағдай осыған ұқсас.

Швециялық есепте Қазақстанмен салыстырмалы деректер келтірілген. Швецияда жүрек-қан тамырлары ауруларынан ерлердің өлім-жітімі біздің елдегіден екі есе төмен. Сондай-ақ темекі шегуге байланысты ерлердің жалпы өлім-жітім көрсеткіші Қазақстанмен салыстырғанда шамамен үштен бірге аз.

"Темекі шегу – 2-типтегі қант диабетінің даму қаупін арттыратын факторлардың бірі, – дейді эндокринолог-дәрігер, Қазақстандық диабет қауымдастығының президенті Баян Жұманова. – Бұған генетикалық бейімділік, аз қимылдау, артық салмақ, дұрыс тамақтанбау, ішімдікті шамадан тыс пайдалану және стресс секілді факторлар да жатады. Көріп тұрғанымыздай, 2-типтегі қант диабетінің даму қаупін тудыратын факторлардың көп бөлігі өмір салтына байланысты. Демек, адам бұл қауіпті факторларды көп жағдайда алдын ала басқара алады. Қауіпті азайту стратегиясы пайдаланатын елдердің тәжірибесі, олар жүргізген зерттеулер бұл тәсілдің тиімділігін көрсетеді. Әрине, темекіден толықтай бас тартқан жөн, бірақ бірден бас тарта алмаған жағдайда, дәрігерлер зиянды азайту қағидаларын ұстануды ұсынады. Темекі шегу жағдайында – бұл жанатын зиянды сигареттерден түтінсіз зияны аз баламаларға көшу".

Швеция тәжірибесіне қайта оралсақ, тағы бір маңызды көрсеткішті атап өткен жөн: 60 жыл бұрын швед ерлерінің жартысына жуығы кәдімгі темекі шегетін, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 5,6%-ға дейін төмендеді. Жалпы, ел "темекі түтінінен азат" болуға жақындап келеді. Қазақстанды қоса алғанда, барлық елге ой салатын жақсы үлгі.

Талқылау