Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Келіндік міндетім жоқ, үй шаруасын 5 қызметші атқарады”: Үнді жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы ерекше өткен тойы мен салты туралы айтып берді

үнді жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызыФото: Айгерімнің жеке архиві

Желіде үнді мен қазақтардың құдаласқан ерекше тойы көпті таңғалдырды. Теміртау қаласының тумасы, 32 жастағы Айгерім Гаутам Үндістанның Утар-Прадеш аймағына келін болып түскен. Қазір жұбайы Маюрмен Польшада тұрады. Қос ұлтты құда еткен жұптың айтуынша, басында екі отбасы да бұл некеден қорқып, уайымдаған. Алайда бүгінде Айгерім жаңа отбасының сүйікті келініне айналған. Тіпті мұнда 5 үй қызметшісі бар жағдайын жасап, келіндік міндетті жүктемеген. Ал оның үндістандық енесі басқа дін екеніне қарамастан, келіні үшін мешітке барып дұға оқыған. Теміртаудың аруы Stan.kz тілшісіне үнді мен қазақ жасаған ерекше той мен қазіргі өмірі туралы айтып берді. 

Айгерім Гаутам (Жағыпперова) тұрмысқа шықпас бұрын, біраз жерде білім алып, кейін “Ареселлор Миттал” зауытында 8 жылдай жұмыс істеген. Колледжде, кейін ҚарМу-де оқып,. 4-курсында айырбастау арқылы 1 жылдай Румынияда білім алған

“Маюр екеуіміз жұмыс бабымен сапарда жүргенде ұшақ ішінде таныстық. Ол кезде екеуіміз де Үндістаннан Қазақстанға бағыт алған рейске бірге отырдық. Маюрдың орны терезе жақта, ортасында отырдым. Бір кезде ол маған ыңғайлы отыруым үшін өз орнын берді. Солай ауысып алып, таныстықты бастадық. Шынымды айтсам, үндістандық адамдармен 8 жыл бірге жұмыс істедім. Олардың мәдениеттерімен таныс болдым. Алайда маған бұған дейін ешқашан үндістандық жігіттер ұнамаған. Бірақ Маюрды кездестіргенде ішімде өзгеше сезім болды. Жақсы адам екенін бірден аңғардым. Қазір сол кездерді еске алсақ, екеуіміз де алғаш көргеннен бір-бірімізге жаралғанымызды сезген екенбіз”, – деді теміртаудың тумасы. 

“Анам мені үнді жігітіне беруге қатты қорықты”

36 жастағы Маюр Гаутам Польшада Америка банкінің вице-президенті болып жұмыс істейді. Үндістанның Утар-Прадеш штатының Лакхнау қаласында туған. Ол Айгеріммен ұшақтағы кездесуден кейін таныстықты әрі қарай жалғастырған екен. 

“Маюр көп созбады. Сөйлесіп жүргенімізде “Сен маған қатты ұнайсың. Мен жас емеспін. Сондықтан тек шынайы қарым-қатынас құрғым келеді” деді. Сосын ол бір-бірімізді тануға уақыт бөлуді ұсынды. Жақынырақ танысқан соң, ұсыныс жасайтынын да айтып қалды. Бұл туралы құрбыларыма айтып жүрдім. Алайда отбасым білмеді. 

Солай сөйлесіп жүріп, шілде айында 30 жас туған күнім де жақындады. Соның құрметіне алдын ала анам екеуімізге Ыстамбұлға билет алып, сонда тойлаймын деп шештім. Бұл жоспарым туралы, әрине, Маюрға айттым. Ұшатын уақытымыз жақындаған кезде ол маған сыйлық жіберетінін айтып, қайда тұрақтайтынымды сұрап алды. Алайда кейін ұшуға бір күн қалғанда өзінің билетін жіберіпті. “Мен де бара жатырмын. Туған күніңді бірге тойлап, анаңмен кездесетін керемет мүмкіндік” деп жазыпты”, – деп қосты Айгерім.

Алайда Айгерім бұл жаңалықты анасына айтуға біраз жүрексініпті.  

“Ұшар алдында анам маған Қарағандыға келді. Әуежайға дайындалып жатқан кезде оған Маюр туралы айттым. “Үндістандық жігітпен сөйлесіп жүрмін. Енді ол мені туған күніммен құттықтау үшін Ыстамбұлға келе жатыр. Бір жағынан сенімен танысқысы келеді екен” дедім. Әрине, мұны естігенде анам қатты уайымдады. Анам бұған дейін менің үндіс әріптестерімді көрген. Олар туралы білетін әрі оларға жақсы қарайтын. Дегенмен Маюр туралы айтқанда өте қатты қорықты. Өйткені менталитеттеріміз, салт-дәстүр, ұстанымдарымыз әр түрлі. Сосын мен: “Екеуіміз бұл жігітке жай қарап көрейік. Ұнай ма, ұнамай ма көреміз” деп анамды кішкене алдап қойдым. Анам, әлбетте, қорқып барды”, – деп қосты ол.

Түркияға Польшадан келе сала Маюр сыйлықтарымен Айгерім мен анасы жатқан қонақ үйге келіпті. Дегенмен Айгерім оны анасымен таныстыруға асықпаған. 

“Бұл күні Маюр анаммен кездеспеді. Бірақ анам оны отельде сырттай көріп бет-әлпетін ұнатыпты. Оның үстіне ол да құр қол келмей анама біраз сыйлықты мен арқылы беріп жіберді. Сол кеште Маюр мені мейрамханаға апарып, үйленуге ұсыныс жасады. Менде де сезім болғасын ұсынысты қабылдадым. Бұдан соң қонақ үйге келіп, анама Маюрдың ұсыныс жасағанын айтқанда қатты уайымдады.

Келесі күні түскі уақытта туған күнімді атап өту үшін екеуін мейрамханаға шақырдым. Сол жерде Маюр мен анам танысты. Маюр көп күлмейтін, артық сөйлемейтін сабырлы адам. Ал анама ондай жігіттер ұнайды. Әрі дәретханаға шығып кеткенімде Маюр телефонның аудармасы арқылы анама “Қызыңызды қатты жақсы көремін. Ешқашан қызыңыздың көзінен жас көрмейсіз. Өз жағымнан оны бақытты етуге ант етемін! Қорықпаңыз! Мен сіздердің отбасыларыңызға тек жақсы ниетіммен келе жатырмын” деп жазып көрсетіпті. Сөйтіп мен келсем, анамның жүзі жайынап, көңіл күйі көтеріліп отыр екен. Содан соң батасын берді. Әрине, ана болғасын басында қорыққанын жасырмады”, – деп қосты қазақстандық ару.  

үнді жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызыФото: Айгерімнің жеке архиві

“Бұлар жылқы жейді екен, қандай қорқынышты”: Маюрдың отбасы тойдан бұрын бір-екі апта олармен тұрып көруімді сұрады

Бұдан соң екі жас отбасыларына жақсы жаңалық туралы хабарлаған. Алайда үндістандық тарап та алғашында бұл неке үшін уайымдаған көрінеді.

“Оның отбасы да ұлдарының қазақ қызына үйленетінін естігенде таңғалған. Олар біздің ел туралы көп біле бермеген екен. Ауғанстан, Пәкістан, сияқты Қазақстан да соларға ұқсас ел екен деп ойлаған. Кейін Маюр оларға Қазақстан туралы видео жіберді. Олар көріп, әсіресе, әкесі “бұлар жылқы жейді екен, қандай қорқынышты” деп шошыпты. Алайда аса қатты қарсылық болмады. Маюрдың үлкен әпкесі Америкада тұрады. Ол Маюр отбасындағы ең кішісі болған соң уайымдаған екен. Сол ғана болмаса, былайша ешкім қатты қарсылық танытпады. Себебі Маюр отбасына “қабылдасаңдар да, қабылдамасаңдар да мен осы қызға үйленемін! Бұл менің шешімім!” деп кесіп айтқан. Сол сөзден кейін отбасы келісім берген”, – деді Айгерім.

Бұдан соң үнді-қазақ тойына дайындық басталған. Екі жақтың ата-анасы бір бірімен видео хабарлама арқылы байланысып, той күнін белгілеген. Үндістандық тарап өз діндері бойынша астрологиялық болжаммен жақсы дата деп екі күнді белгілеген.

“Маюрдың анасы тойдың алдында менің Үндістанға барып Маюрдың отбасымен бір-екі апта бірге тұруымды сұрады. Солай мені жақын танығылары келетінін айтты. Анамнан рұқсат алды. Тойда бір-бірімізді білмей жүрмес үшін, тойға дайындалып көйлек алу үшін баратын болдым.  

Шынымды айтсам, Маюрдың отбасы аса қатты салт-дәстүр, дінді ұстанып қалған адамдар емес. Олар барлығына ашық. Алғаш үйлеріне барғанда отпен аластап, маңдайыма қызыл нәрсе жағып, тәтті беріп үйге кіргізді. Бұл олардың өз баталарын берді деген мағынаны білдіреді. Келсем маған арнайы бөлме дайындап, ол жерге жөндеу жұмыстарын жасап, жаңа жиһаз бен жатын орын алып қойған екен. Біз үш апта бірге тұрдық. Ешқандай айырмашылық немесе бөтендік сезбедім. Үйде маған ештеңе істеткен де жоқ. Өйткені олардың үйлерінде 5 үй қызметшісі болды. Біз тек қыдырып, бір-екі күнен соң тойға дайындықты бастадық. Бәрі мені ұнатты”, – деп қосты ол.

“Үндістаннан келген құдалар мол дастарханымызға, сырға салу рәсімі мен тойдағы тілектерге қатты таңғалды”

Үндістаннан Астана қаласына 17 адам құда болып келген. Олар қазақтардың  тойын көріп таңғалған екен.

“Олар тіпті мұндай мерекелік атмосфераны күтпеген екен. Үндістанда да көп тамақ қояды. Алайда оларда қонақтар бұлай үстелге отырмайды. Барлығы фуршет ретінде жасалады. Олар біздің мол дастархзанымызға, сырға салу рәсіміне қатты таңғалды. Оларға сырға салу арқылы мені өздеріне қабылдап, қалыңдық екенімді білдіретінін түсіндіріп жеткіздім. Үшінші, біздегі тойда қонақтардың айтатын үлкен тост тілектері де оларды тәнті етті. Үндістандық анам тілекті көріп, маған “Көп адам айтқан жақсы тілектер, міндетті түрде Құдайдың құлағына жетеді. Тіпті біреуі болмаса, біреуі орындалары анық” деп сүйсінгенін жасырмады”, – деп қосты ол. 

Дегенмен қазақ отбасында да өзге ұлт дәстүрінен таңғалған тұрстар болыпты. Мәселен, бұл жақта дәстүр бойынша тойды әдетте қыз жақ жасап, тіпті жігіт жаққа ақша береді екен.

“Бірақ Маюр тойды өзі жасады. Алайда той кезінде күйеу жақты қыз жақ қарсы алуы керек екен. Менің отбасым солай той кезінде Маюрдың отбасын күтіп алды. 7 рет отты айналдық. Оның да үлкен мағынасы бар. Бұл жерде қыз күйеуіне өмір бойы бірге болатынын, оның отбасын кеңейтіп, сәби сыйлайтынын айтып уәде етсе, жігіт отбасына жақсы қарайтынын, ештеңеден тарықтырмайтынын айтып ант береді. Бұл рәсім түнгі 3-те үш-төрт сағат жасалады екен. Бұл біз үшін шок болды. Себебі сол кезде Үндістанда да қатты салқын болғандықтан, әрі бұл рәсім сыртта шатырда өткендіктен қатты тоңдық. 

Үндістанның шығыс жағында тойда ән-би көп айтылады. Ал Маюр тұратын солтүстік жақта той тынышырақ өтті. Бұл жақта той үш күн болды. Бірінші күн халди деп аталады. Бұл күні барлығы сары киімде жүріп, екі жасқа куркума жағады. Бұл жұптардың үйленейін деп жатқанын білдіріп, зұлым күштер мен көз тиюден сақтайтын рәсім. Келесі күні мехэнди, мұнда барлық адам жасыл түсте киінеді. Бұл күні көп ән-би болады. Ал үшінші күні кәдімгі мейрамханада той болды. Онда көптеген қонақтар келді. Ал алдыңғы екі күнде тек жақын адамдар болады”, – деп баяндады Айгерім. 

“Келіндік міндетім жоқ, үй шаруасын 5 қызметші атқарады”

Айгерім өзінің зиялы, білімді, ауқатты отбасыға келін болып түскенін баяндады. 

“Барлық Үндістандағы келіндердің қал-жағдайлары мен міндеттері туралы айта алмаймын. Алайда мен барған отбасы басқаша. Олар үнемі саяхатқа шығып, ел-жер көрген, көзі ашық көкірегі ояу жандар. Сондықтан қатып қалған ұстанымдардан аулақ. Үйде келіндік міндет деген жоқ. Өйткені үйде тамақ істейтін екі адам, үй жинайтын екеу және кір жуатын бір адамды жалдап қойған. Арасында өзім, егер қаласам кір машинасындағы киімдерді алып тазалайтынынм бар. Басқалай ештеңе істемеймін. Үйде мен жалғыз келін емеспін. Менен үлкен екі абысыным бар. Олар енді ас үйдің шаруасына араласып жүреді. Өйткені олар тамақты қалай дұрыс дайындау керегін біледі. Мен көмектесейін десем: “Бұл жұмыстарды істеу саған қажет емес. Оданда демал” дейді. Менен ештеңе талап етпейді. Тек жалғыз тірлігім ата-енеме арасында үнді шәйін демдеп беремін”,- деді ол. 

“Енем басқа дінде болса да, мен үшін мешітке барып құдайға алғысын айтты”

Қазақстандық ару үнділік енесінің де көңілін тауып үлгерген екен. Айтуынша ол келінін ерекше құрметтейді.

“Адам ретінде өзімді өте жақсы келінмін деп санаймын. Себебі анам (Маюрдың анасы) бірде маған “Бүкіл Үндістанды аралап шықсам да, сен сияқты қызды таба алмаушы едім. Себебі менің ұлымның саған деген сезімін, сенің ұлыма деген махаббатыңды көріп тұрмын. Маған ана ретінде бұдан асқан бақыт жоқ” деді. 

Бәлкім естулеріңіз бар шығар көптеген хиндилар мұсылмандарды қатты ұната қоймайды. Алайда менің жағдайымда бәрі керісінше. Біздің тойдан кейін анамыз қызына Мумбай қаласына барды. Мумбайда мұхит жағасында үлкен ескі мешіт бар екен. Ол жерге жетудің өзі қиын, жаяу біраз жүру керек . Енем сол мешітке барып: “осындай қызыңды біздің отбасымызға беріп жатқаныңа рахмет!” деп құдайға алғысын айтыпты. Анам әрдайым мені қолдап отырады. Мәселен, “Сенің дініңмен саған ет жеуге болады” деп ешқашан бетімнен қаққан емес. Менің дінім мен ұстанымдарыма құрметпен қарайды. Міне отбасым осындай болғандықтан аса айырмашылықты сезінбеймін”, – деп қосты ол.

Осы тұста Агерім бұл некеге байланысты қоғамнан сыни пікірлер де естіп жүргенін жасырмады. 

“Алайда Маюр екеуіміз мұндай адамдарға әрдайым тек бақыт тілейміз. Себебі біз адамдардың бәрі бірдей әлемге ашық емес екенін түсінеміз. Бір жерден, бір ауылдан шықпаған соң, адамдардың ойына бұл оғаш көрінетін шығар. Бірақ мен Үндістанның жігітіне тұрмысқа шыққаныммен өз ұлтымды, салт-дәстүрімді ұмытқан да, тастаған да жоқпын.  Өйткені Маюрыммен бірге өте бақыттымын! Бізде ешқандай металитет айырмашылығы, келіспеушілік деген жоқ”, – деді ол. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 31 Шілде, 2025 18:00
Талқылау
`