Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түтінсіз болашаққа жету үшін мемлекет, ғылым мен қоғам бірігуі қажет – Томазо Ди Джованни

Қазақстанда Technovation халықаралық форумы өтті. Ауқымды конференцияны "Philip Morris" компаниясы ұйымдастырды. Шараға компанияның халықаралық байланыс және серіктестік жөніндегі вице-президенті Томазо Ди Джованни қатысты. Stan.kz тілшісімен болған сұхбат түтінсіз өнімдердің рөлі, зерттеулердің тәуелсіздігі және зиянды азайту тұжырымдамасының мәні төңірегінде өрбіді. 

– Кейбір елдер түтінсіз өнімдерге шектеу қояды немесе мүлдем тыйым салып жатады. Бұл жағдайда сіздердің стратегияларыңыз қандай?

– Өкінішке қарай, түтінсіз өнімдерге әлі де қатаң шектеу қойып отырған елдер бар. Мұндай жағдайда амалдың жоғынан нарыққа тек дәстүрлі шылымды шығаруға мәжбүрміз. Шын мәнінде біз тек түтінсіз өнімдерді ұсынғанды қалар едік. Сондықтан бұл тұрғыда үндеу бізге емес, үкіметтерге, академиялық ортаға, үкіметтік емес ұйымдарға және жалпы қоғамға бағытталуға тиіс. Солардың қолдауымен ғана бұл өзгерістерді жылдамдатуға болады.

– Ғылыми зерттеулеріңізге қатысты күмән келтіретін пікірлер бар. Бұл сынға не дейсіз?

– Зерттеулердің көп бөлігі біз қаржыландыратын ұйымдар арқылы жүргізіледі. Бірақ айта кетер тұсы бар. Бұл зерттеулердің біразы үшінші тарап ұйымдарында орындалады. Сонымен қатар сапаны тәуелсіз бақылау жүйесі бар. Бүгінде ғылыми еңбектеріміздің саны мыңға жуықтайды. 500-ден астам мақала беделді ғылыми журналдарда жарияланып, тәуелсіз сарапшылардың бағасынан өтті. Бұған қоса, Бельгия, Нидерланд, Германия, Жапония, АҚШ сияқты елдердің денсаулық сақтау органдары да тәуелсіз зерттеулер жүргізіп, нәтижелерімізді растады. Сондықтан дәлелдер жеткілікті деп сеніммен айта аламын. 

– Түтінсіз өнімдермен бірге "Зиянды азайту" тұжырымдамасын жиі естиміз. Бұл идея қалай пайда болды?

– Бұл тың ұғым емес. Бұл – адам зиян әдеттен толық бас тарта алмайтын жағдайда, қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік беретін әдіс. Түтінсіз өнімдер де осы логикаға негізделген. Темекіні тастай алмаса, ағзаға ең көп зиян келтіретін түтіні жоқ балама табуға болады. Бұл тұжырымдаманы біз ойлап тапқан жоқпыз, ол бізге дейін де болған ұғым. Тіпті 1970–1980 жылдардың өзінде АҚШ ғалымдары темекі саласында зиянды азайту туралы сөз қозғаған.

– Түтінсіз өнімдер дәстүрлі шылымға қарағанда зияны әлдеқайда аз екені айтылды. Дегенмен оларды да толық қауіпсіз деп айтуға болмайды ғой? Қалай болғанда да, бұл баламалардың, яғни түтінсіз өнімдердің де белгілі бір тәуекелі бар емес пе? Оларды қолдануға болмайтын жағдайлар бар ма?

– Әрине, біз ешқашан бұл өнімдерді "қауіпсіз" деп атай алмаймыз. Барлық ресми ақпарат құралдарында, БАҚ-пен және қоғаммен жұмыс барысында бірінші кезекте осыны ескертеміз. Түтінсіз өнімдер тәуекелден толық арылтпайды және тәуелділік туғызатыны да рас. Оларды жасөспірімдер, жүкті әйелдер және жүрек-қан тамыр аурулары бар адамдар қолданбауға тиіс. Себебі никотин қан қысымын көтеруі мүмкін. Бірақ түтінсіз өнімдерде зиян заттардың деңгейі шылыммен салыстырғанда 95% төмен екені де өтірік емес. Бұл – шылымға тәуелді жандар үшін әлдеқайда жақсы балама.

– Әлемде темекі шегетіндердің саны әлі де жоғары. Сіздің ойыңызша, түтінсіз болашақ құру қаншалықты мүмкін мақсат? Бұл үшін қандай шарттар орындалуға тиіс және оған жету мерзімін қалай бағалайсыз?

– Бұл ұзақ, бірақ мүмкін жол деп сенемін. Нәтижеге жалғыз жете алмаймыз. Мемлекеттің қолдауы, ғылым мен медицина деректері, бизнес пен қоғамның жауапкершілігі маңызды. Барлығы бірігіп әрекет еткенде ғана түтінсіз болашаққа жетеміз. Бұл өнімдер темекіні бірден қоюға қадам жасай алмағандар үшін қауіп-қатерді айтарлықтай азайтатын құрал. Бірақ басты мақсат – шылым шегуді барынша қысқарту және қоғамдық денсаулықты жақсарту.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 24 Қыркүйек, 2025 10:30
Талқылау