Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түрмеде отыруды ешкімге тілемеймін": Қатаң режимдегі абақтыда жазасын өтеушілер өмірі, тілектері мен өкініштері жайында

ЗК-169/5 түрмесі Қызылорда қаласының шет жағында орналасқан. Көпшілік қатаң режимдегі мекемені "Пятерка" деп те атайды. Мұнда негізінен орташа, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған сотталушылар жазасын өтеуде. Қылмыскерлерді Ұлттық "Ұлан" жасағының сарбаздары күзетеді. Ішкі тәртіпті бұзуға жол берілмейді. Stan.kz сайтының тілшісі темір тордың арғы жағындағы өмірді өз көзімен көріп, бостандықтарынан айырылған азаматтармен тілдескен еді. 

Түрмеге сырттан келген адам мұндағы аураның ауыр екенін бірден сезінеді. Мекеменің айналасы толықтай темірмен қоршалған. Адамның бойына қорқыныш сезімін ұялатқанымен, түрме қызметкерлері бұл жағдайға үйреніп кеткендерін жасырмайды.

Сотталушылардың өзіндік күн тәртібі бар. Олардың жасаған әрбір әрекеті күзеттің қатаң бақылауында. Қазір жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту мәселесі шешімін тапқан. Мекеме ауласында тігін цехы, шеберхана, наубайхана секілді кішігірім кәсіпорындар бар. Сотталушылардың еңбек етіп, табыс табуларына болады. 

Суреттегі жігіттің есімі - Дәулет Байділдә. Қазір ол наубайханада жұмыс жасайды. Сотталушы ауыр қылмыс жасаған. Соның кесірінен 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Бүгінде ол жазасының үш жылын өтеген. Жас жігіт бостандықты аңсайтынын айтады. Наубайханадағы жұмысы терең ойлардан арылып, уақыттың тез өтуіне септігін тигізеді дейді.

"Өткен күндерді есіме алғым келмейді. Ендігі мақсат - жазамды өтеп, жаңа өмір бастау. Түрме адамды өзгертеді, өмірге деген көзқарасым да түбегейлі өзгерді. Жақындарымды қатты сағынамын. Бостандықтың қадірін түсіндім. Уақытты кері айналдыра алмайтыным өте өкінішті", - дейді Дәулет. 

Сотталушы наубайханадағы жұмысы өзіне ұнайтынын айтады. Мұнда ол күнделікті қамыр илеп, түрмеге қажетті өнімді пісіріп шығарады. Кәсіпорын тәулігіне 750 нан өнімін пісіреді екен. Жас жігіт өзіне артылған жауапкершіліктің жүгін жақсы сезінеді. 

"Бостандықта жүргенімде ас үйге мүлдем кірмейтін едім. Санаулы уақыттың ішінде қамыр илеп, нан пісіруді үйреніп алдым. Өмірдің өзі үйретті. Тапқан табысымды туыстарыма жіберемін. Мен жақындарыма көмектескім келеді", - дейді сотталушы. 

Мұнда нан пісіруден бөлек, тігін тігумен айналысатын ер азаматтар да бар. "Ас - Ка" ЖШС тігін цехы онға жуық сотталушыны жұмыспен қамтып отыр. Жазасын өтеушілер тапсырыспен арнайы киімдер тігіп, қаражат табады. Сотталушылар бұл мамандықтың қыр-сырын арнайы курстардың барасында үйреніп алған. 

Осы цехта жұмыс жасайтын сотталушылардың бірі - Асхат. 34 жастағы азамат көп сөйлегенді ұнатпайды. Өзі туралы ақпарат бергенде қатты қысылды. Жазасын өтеушінің мемлекет алдында берешегі бар. Жалақысының жартысын соны жабуға жұмсаса, қалған ақшасын отбасына жібереді. Қатаң карантин кезінде цех жабылмай, бетперде тігумен айналысты. Өзінің еңбекқорлығымен көзге түскендердің арасында Асхат та болды. 

"Әлі біраз жыл осында отырамын. Ең бастысы - бостандықта мені күтіп отырған адамдар бар. Туыстарым ешнәрсеге қарамастан маған сенеді, мені жақсы көреді. Мен де ата-анамды, бауырларымды, отбасымды сағынамын. Жақындарымды көру үшін өмір сүріп келемін. Цехтағы жұмыс көңіліңді бөлуге мүмкіндік береді. Оның үстіне ақша ешқашан артық болмайтыны тағы бар. Жазамды өтеп, бостандыққа шыққаннан кейін өзімнің тігін цехымды ашқым келеді. Мені жаңа әрі бақытты өмір күтіп тұр", - дейді Асхат. 

Келесі кейіпкеріміздің есімі - Нұржан Сүлеев. Шымкент қаласының тумасы шеберханада жұмыс істейді. Төбелес кезінде қасындағы адамға ауыр жарақат салғаны үшін 13 жылға сотталған. Жазасының жартысын өтеді. Қазір жігіт қолөнер шеберханасында түрлі ағаш бұйымдарын жасайды. Ол жасаған дүниелер көздің жауын алады. Ісмер осы кәсібін болашақта дамытқысы келеді.

"Өмірімнің 13 жылы темір тордың арғы жағында өтпек. Түрмеде отыруды ешкімге тілемеймін. Бұл жасаған қылмысымның жазасы. Ешкімді кінәламаймын. Жаза мерзімінің жартысы артта қалды. Қатаң тәртіпке үйрендік, шеберханадағы жұмыс көңілімізді аулауға көмектеседі", - дейді Нұржан. 

Қазір ЗК-169/5 түрмесінде 662 адам жазасын өтеуде. Ең ұзақ мерзім - 25 жыл. 

 

 

 

Талқылау