“Елдің ішкі саясаты мен экономикасын әлсіретіп отыр”: Түркиялық сарапшылар наразылықтардың себебін атап, елді алда не күтіп тұрғанын болжады
2025 жылдың 19 наурызында Түркияда Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглу сыбайлас жемқорлық және терроризмге қатысы бар деген айыптаулармен қамауға алынған еді. Салдарынан Түркияның көптеген ірі қалаларында халық наразылыққа шықты. Қазір Түркиядағы жағдай қандай? Елде қандай саяси тартыс жүріп жатыр? Алдағы уақытта бауырлас елді не күтіп тұр? Stan.kz тілшісі түркиялық сарапшыларды әңгімеге тартып, бұл сұрақтардың жауабын табуға тырысып көрді.
Халық наразылыққа шықты
Имамоглу оппозициялық Республикалық халық партиясының (CHP) алдағы президент сайлауында басты үміткер болып табылады және қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы. Ол 2019 және 2024 жылдары өткен жергілікті сайлауларда Ердоған басқаратын Әділет және даму партиясының (АКР) үміткерлерін айқын басымдықпен жеңген.
Имамоглуның тұтқындалуы Түркияда “демократияға жасалған шабуыл” ретінде бағаланып, наразылық шерулерін туындатты. Оппозиция бұл әрекетті саяси қысым деп санайды, ал халықаралық қауымдастық жағдайды мұқият бақылап отыр.
Ыстамбұл университетінің студенттері мен басқа да қала тұрғындары қала басшысының тұтқындалуына қарсы шеруге шықты. Олар полиция бөгеттерін бұзып, қала әкімшілігінің ғимаратына бағыт алды. Полиция мен шерушілер арасында қақтығыстар болып, полиция көз жасаурататын газ бен резеңке оқтар қолданды.
Шерулер Ыстамбұлмен қатар, Анкара, Измир, Ризе сияқты басқа қалаларда да жалғасты. Шерушілер үкімет пен президент Ердоғанның отставкаға кетуін талап еткен еді.
Артынша Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдеме жасады. Өзінің мәлімдемесінде Ердоған оппозициялық партияның полиция мен сот жүйесіне саяси қысым көрсетіп жатқанын атап өтті.
"Біз, Әділет және даму партиясы (Ak Parti), дауға уақыт бөлмейміз. Бар назарымыз өз жұмысымызға, мәселелерді шешуге және қойылған мақсаттарға бағытталған. Ал оппозиция өздерінің ішкі келіспеушіліктері мен заңдық мәселелерін елдің ең маңызды проблемасы ретінде көрсетіп отыр", — деп мәлімдеді Ердоған.
Ататүрік құрған Түркиядан бүгінге дейін
Түркия Республикасы 1923 жылы 29 қазанда Мұстафа Кемал Ататүрік басшылығымен құрылды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Осман империясы ыдырап, жерлерді одақтас мемлекеттер басып алды. Бұл басқыншылыққа қарсы Мұстафа Кемал 1919 жылы 19 мамырда ұлттық күресті бастады. 1920 жылы 23 сәуірде Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі ашылып, халықтың билігі орнады.
1923 жылы 24 шілдеде Лозанна келісімі арқылы Түркияның тәуелсіздігі мойындалды. Сол жылы 29 қазанда Республика жарияланып, Мұстафа Кемал Ататүрік тұңғыш президент болды.
Алғашқы жылдары Түркияда бірпартиялы жүйе орнады, бұл кезеңде елді Республика халық партиясы (CHP) басқарды. Бұл кезеңде мемлекеттегі зайырлы және заманауи құрылым үшін реформалар жүргізілді.
1946 жылы Түркия көппартиялы жүйеге өтуді бастады, 1950 жылғы сайлауда Демократиялық партия (DP) билікке келді. Бірақ бұл кезеңде саяси шиеленістер мен тұрақсыздықтар орын алды.
1960, 1971 және 1980 жылдардағы әскери төңкерістер Түркияның саяси құрылымына айтарлықтай өзгерістер енгізді. 1980 жылғы төңкерістен кейін әскери басқару әсерімен реформалар жүргізілді және бақылаушы демократия кезеңі басталды.
1982 жылғы Конституциямен парламенттік жүйе қайтадан құрылып, үкімет басшысы ретінде премьер-министр қызмет етті. Бұл кезеңде коалициялық үкіметтер мен экономикалық дағдарыстар орын алса да, Түркияда демократияның сақталуы жалғасты.
2017 жылы өткізілген референдум нәтижесінде Түркия Президенттік басқару жүйесіне өтті. Бұл жүйеде Президент мемлекет және үкімет басшысы ретінде кең өкілеттіктерге ие. 2018 жылғы сайлауда Режеп Тайып Ердоған президенттік жүйенің алғашқы президенті болып сайланды.
Қазір елдегі саяси жағдайға қатысты Мармара университетінің профессоры, журналист Емре Багже айтып берді.
"Түркия президенттік басқару жүйесіне көшкеннен кейін іс жүзінде екі партиялы құрылымға қарай бет алып келеді. Бұл жағдай көппартиялы саясаттың ықпалын біршама әлсірететін құбылыс. Екі партиялы жүйеде билік пен оппозиция ретінде жіктелген топтар арасында бөліну күшейе түседі”, – дейді Мармара университетінің профессоры Емре Багже.
Оның сөзінше соңғы уақыттары жергілікті билікке қатысты тергеулер көбейген. Бұл даулар аясында Республика халық партиясы (СНР) және Әділет және даму (АКР) партияларының арасындағы текетірес артқан.
Айта кетейік, Түркияда жергілікті билік өкілдерін, яғни қала және аудан басшыларын халық сайлайды. Сайлауға тәуелсіз үміткерлер және кез келген партия мүшелері қатыса алады. Қалалар мен аймақтардағы муниципалитеттердің мэрлерін үкімет пен президент тағайындай алмайды.
"Соңғы кездері әсіресе қалалардың басшыларына қатысты тергеулер күн тәртібінде. Бұл тергеулер әртүрлі тәсілдермен жүргізіліп жатыр және оппозиция бұл жағдайға алдын ала әрекет етуге тырысады. Мысалы, диплом дауы бар. Ыстамбұл қаласының мэрінің дипломы заңды түрде жарамсыз деп танылды.
Сонымен қатар, оппозицияға тиесілі муниципалитеттерге қатысты жемқорлық пен терроризм айыптаулары бойынша да заңды талқылаулар жүріп жатыр. Осы үдерістерге қатысты президент Ердоған осыған дейін де мәлімдемелер жасаған. Яғни, бұл келешекте одан да ауыр қадамдардың жасалатындығын айқындайды. Республикалық Халық партиясының да бұл өзгерістерден хабардар екені байқалады”, – дейді Емре Багже.
Экрем Имамоглу енді Республикалық халық партиясы (СНР) партиясының атынан президент сайлауына үміткер. Республикалық халық партиясы (CHP) 1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік құрған ең көне саяси партия. Партия Түркияның солшыл саяси партияларының бірі болып, әлеуметтік теңдік, демократияландыру және әлеуметтік әділдік сияқты мақсаттарды ұстанады. 1980 жылдардан кейін оппозициялық партия ретінде қызмет ете бастады. Бүгінде партия өкілдері Түркияның Ыстамбұл, Анкара, Измир, Анталия, Бурса және т.б ірі қалаларын басқарады. Партияның қазіргі жетекшісі — Өзгүр Өзел.
Түркиялық танымал саясаттанушы, Мармара Университетінің профессоры Барыш Достер Екрем Имамоглуны Мұстафа Кемал Ататүріктің саяси ұстанымдарының жалғастырушысы деген пікірмен келіспейді.
"Экрем Имамоглу туралы айтар болсақ, оны кемализмнің жалғасы деп айта алмаймыз. Өйткені Экрем Имамоглу орталық оңшыл бағыттағы тұлға. Ол қарапайым Республикалық халық партияның (CHP) мүшесі ғана емес. Экрем Имамоглуна дауыс берген сайлаушылардың саяси ұстанымдары әртүрлі. Оған алдын ала сайлауда ұлтшыл оңшыл партиялардан, тіпті АКР (Ердоғанның партиясы) жақтастары да дауыс берген. Бұл оның қарапайым бір ғана партия өкілі емес екенін дәлелдейді. Егер ол қарапайым CHP мүшесі болғанда, Ыстамбұл мэрлігін үш рет қатарынан жеңіп ала алмас еді. Себебі CHP-нің дауыс алу шегі — 25-30% шамасында ғана екенін ескеру керек”, – дейді сарапшы.
Сарапшының сөзінше, Экрем Имамоглу тек партия мүшесі емес, халықтың көп бөлігінің қолдауына ие болған саясаткер.
"Экрем Имамоглу тек өз партиясынан емес, басқа партиялардың, тіпті билік партиясының да сайлаушыларынан дауыс ала алуы, биліктің оның кандидатурасынан қорқуына себеп болып отыр. Өткен апта соңында Экрем Имамоғлу үшін сайлау учаскелері құрылды. 15 миллион адам дауыс берді. Ал CHP партия мүшелерінің саны бар болғаны — 1,7 миллион. Дауыс бергендердің көпшілігі әдеттегі сайлауда қатыспайтын адамдар. Бірақ олар Экрем Имамоглу үшін сағаттап кезекте тұрды. Демек, Экрем Имамоғлу — билік партиясы да ішінде, барлық партиялардан дауыс ала алатын тұлға, саясаткер. Бұл, әрине, билік үшін елеулі қауіп”, – дейді Барыш Достер.
Қазіргі жағдай қандай?
Саясаттанушы, профессор Барыш Достер Түркияда орын алған жағдай кімге пайдалы, кімге зиян екенін атап өтті.
"Алдағы кезеңде билік тарапынан да, оппозиция тарапынан да кері шегіну болады деп айтуға негіз жоқ. Оппозиция өз іс-шараларын, митингілерін әртүрлі аймақтарға тарата отырып, өз жақтастарының сезімталдығын, белсенділігін сақтап қалуға тырысуда. Ал бұған қарсы тарап ретінде президент Ердоған "нағыз қадамдар әлі алда" деген сипаттағы мәлімдемелермен алдағы күндері басқа да әрекеттердің, жаңа қадамдардың болуы мүмкін екендігін меңзеп отыр. Бұл жағдайлардың Түркияға ешқандай пайдасы жоқ. Бұл тек Түркияның ішкі саясат пен экономикасын нашарлатып қана қоймай, сыртқы саясатта да елді әлсіретіп отыр”, – дейді Барыш Достер.
Ал Мармара университеті коммуникация факультетінің профессоры Емре Багженің айтуынша қазір елде саяси науқан жүріп жатыр.
"Шын мәнінде, тараптар арасында саяси коммуникация науқаны жүріп жатыр. CHP Экрем Имамоглуны президенттікке кандидат ретінде ұсыну үшін белсенді түрде жұмысын бастап кетті. Сонымен қатар, қызметтен шеттету, қамауға алу жағдайларынан кейін қоғам қатты қолдау білдірді. Студенттік қозғалыстар да осы контексте қалыптасып отыр.
Менің болжамым бойынша, оппозициялық партия қоғамның әртүрлі топтарын өз айналасына біріктіруге тырысуда. Алайда уақыт өте келе бұл қарқын әртүрлі нәтижелерге алып келуі мүмкін. Студенттік қозғалыстар әртүрлі бағыттарға бұрылуы ықтимал. Бұл неғұрлым радикалды немесе керісінше, пасифистік сипатта болуы мүмкін. Мұны болжау қиын. Республикалық халық партиясы бұл жағдайды өз пайдасына қолдануға тырысып жатқандай көрінеді. Мысалы, қолдау көрсету мақсатында қойылған жәшіктер тек партия мүшелеріне ғана емес, сырттан келген қолдаушыларға да ашық болды”, – дейді Емре Багже.
Алда не күтіп тұр?
Айта кетейік Түркияның көптеген қаласында халық наразылыққа шығып, билікке өз талаптарын қойғаны туралы жазған едік. Қазір Ыстамбұл, Анкара сияқты қалаларда жағдай алғашқы күнге қарағанда басылған. СНР партиясы кейбір қалаларда белгілі бір рет бойынша митингілер өткізетіндері туралы мәлімдеген. Сонымен қатар партия басшылары халықты мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі мүмкін деген кейбір компаниялар мен өнімдерге байкот жасау мәселесін көтеріп жатыр.
"Кез келген құқықтық, саяси, экономикалық мәселелер арасында өзара байланыс, әрекеттестік бар. Яғни, бір саяси мәселе міндетті түрде құқық саласында көрініс табады. Ал бір құқықтық қадам, нарыққа әсер етеді. Соңғы бір апта, он күн ішінде Түркияда болған оқиғалар мен оппозицияның маңызды бір өкілі, президенттікке үміткер адамның басынан өткендер осы тұжырымымызды анық көрсетіп отыр. Құқық тұрғысынан бір қадам жасалып, бұл нарыққа, онсыз да шиеленісіп тұрған Түркияның саяси өміріне әсер етті”, – деп баға берді саясаттанушы Барыш Достер.
Ал профессор Емре Багже алда нақты не болатынын болжау қиын екенін, дегенмен студенттік толқулардың көп ұзамай басылатынын алға тартты.
"Студенттік қозғалыстар тұрғысынан алғанда да жағдай сан түрлі. Барлық студенттер бір көзқарасты ұстанбайды. Рамазан айы, мерекелер мен 23 сәуір сияқты күндердің жақындауы бұл қозғалыстардың тұрақты болуына күмән тудырады. Түркияның қай бағытқа бет алатынын уақыт көрсетер, бірақ қазіргі кезде елде бір белгісіздік кезеңі орын алып отыр”, – дейді профессор Хусейн Емре Багже.
Президент сайлауына үміткер
Түркияның оппозициялық Республикалық халық партиясы (CHP) 2025 жылдың 23 наурызында елдегі келесі сайлауда президенттікке ұсынылатын кандидатты таңдау бойынша партия ішілік сайлауын өткізу жоспарлаған еді. Партия атынан бұл сайлауға бір ғана кандидат Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглу ұсынылатыны да алдын ала жарияланған.
19 наурыз күні Экрем Имамоглуның тұтқындалуы халық арансында осы алдын ала сайлауға қасақана кедергі келтіру ретінде қабылданды.
Оның тұрқындалуына қарамастан 23 наурыз күні Түркияның басты оппозициялық партиясы – Республикалық халық партиясы (CHP) өздерінің президенттікке үміткерін анықтау мақсатында алдын ала сайлау (праймериз) өткізді. Нәтижесінде, Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглу ресми түрде партияның президенттікке үміткері болып жарияланды.
Имамоглу алдын ала сайлауда жалғыз үміткер болды. Түркияның барлық 81 провинциясы мен 973 ауданында дауыс беру орындары ұйымдастырылып, партия мүшелері таңертеңнен бастап өз дауыстарын беруге ағыла бастады. Сонымен қатар партия мүшесі емес азаматтарға да "ынтымақтастық жәшіктері" арқылы дауыс беру мүмкіндігі ұсынылды.
CHP төрағасы Өзгүр Өзелдің айтуынша, партия мүшелерінің 92,5 пайызы (1,6 миллион адам) Имамоглуны қолдап дауыс берген. Жалпы алғанда, дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 14,8 миллионға жеткен.
Имамоглу қай баптар бойынша айыпталып жатыр?
Экрем Имамоглуна екі түрлі қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілуде. Оның бірі – терроризмге қолдау көрсету, ал екіншісі – жемқорлыққа қатысы бар деген күдік.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Имамоглу мен оның серіктестері "Kent Uzlaşısı" (Қалалық келісім) атты жобаның аясында террористік ұйымдармен байланыста болды деп айыпталуда.
Тергеушілердің мәліметінше, Имамоглу қала әкімдігіне қарасты мекемелерге радикалды ұйымдарға жақын адамдарды жұмысқа алған. Тергеушілер бұл жобаның террористік топтардың қалада ықпалын күшейтуіне көмектескенін алға тартуда. Сондай-ақ, жергілікті сайлауда кейбір үміткерлер террористік ұйымдардың мақұлдауымен бекітілген болуы мүмкін деген күдік бар.
Екінші тергеу Имамоглу мен оның командасының жемқорлыққа қатысы бар-жоғын анықтауға бағытталған. Прокуратураның мәліметінше, олар кәсіпкерлерден заңсыз ақша талап еткен. Имамоглу бұрынғы қызметінде бірге істеген адамдарды Ыстамбұл қалалық әкімдігіне орналастырған. Қала әкімдігіне қарасты компаниялар арқылы бюджеттен бөлінген қаражат заңсыз түрде жеке құрылыс жобаларына бағытталған. Кейбір кәсіпкерлер пара беруден бас тартқанда, оларға қысым жасалған деген секілді бірнеше айып тағылған.
Бұл істер бойынша Имамоглудан бөлек, оның серіктестері мен әкімдіктің 100-ге жуық қызметкері қамауға алынды.
“Қарулы террористік ұйымға көмек көрсету"
19 наурыз тұтқындалған Экрем Имамоглу төрт күн бойы Ыстамбұл полиция басқармасының изоляторына отырғызылған. 23 наурыз күні таңертең Ыстамбұлдағы Чаглаян сотына қамауға алу талабы бойынша жеткізілді. Күннің екінші жартысында Имамоглу қамауға алынып, Силиври ауданындағы Мармара түрмесіне жіберілді.
"Экрем Имамоглуны қылмыстық топ құру және басқару, пара алу, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, заңсыз жеке деректерді сақтау және тендерге заңсыз араласу қылмыстары бойынша қамауға алу туралы шешім шығарды. Имамоғлуға қатысты қарулы террористік ұйымға көмек көрсету бойынша тағылған айып алынып тасталып, тек сыбайлас жемқорлық күдігі бойынша қамауға алынды", – делінген Түркия бас прокуратурасының мәлімдемесінде.