Түркиядағы ұшақ бортында қазақстандық әйелдер төбелес шығарды
Pegasus Airlines әуе компаниясының Астана – Анталья бағытындағы рейсі шұғыл түрде Эрзурум қаласына қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі TRTHaber порталыга сілтеме жасап хабарлады.
Фото: Stan.kz | chatgpt.com көмегімен жасалған
Ұшақ бортында украиналық ерлі-зайыптылар мен Қазақстаннан келген екі әйел арасында жанжал туындаған. Жоғары дауыспен басталған сөз таласы төбелеске ұласқан.
Оқиға салдарынан экипаж командирі ұшақты Түркияның Эрзурум қаласындағы әуежайға қондыру туралы шешім қабылдады.
Төбелеске қатысқан төрт адам ұшақтан түсіріліп, медициналық тексеруден өтті. Кейіннен олар қалалық полиция бөлімшесіне жеткізіліп, екі жақ бір-біріне шағым түсірген.
Еске салайық, бұған дейін Астана әуежайында ер адам FlyArystan бортсерігіне шабуыл жасағаны туралы жазған едік. Ұшақтағы бортсерікке шабуыл жасаған бұзақыдан зәбір көрген тағы бір адам желіде істің мән-жайы туралы айтты. Азамат Ерғалиев есімді ер адам сол күні Астана-Өскемен рейсінде болған. Жәбірленуші ретінде ол айыпталушының үстінен арыз жазған. Алайда рейстің берекесін алған ер адам үйқамаққа жіберілген. Азамат Ерғалиевтің айтуынша, айыпталушы 15 наурызға дейін қамаудан босатылып, үйқамаққа жіберілген.