Түркия, Ресей және Украина: Назарбаевтың атындағы көшелер мен ескерткіштер қай елдерде сақталған

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген көшелер мен ескерткіштер қай елдерде сақталғаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Курсив басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сыртқы істер министрлігінің басылымға берген жауабына сәйкес, Назарбаевтың есімі берілген нысандар саны бойынша Түркия көш басында. Бұл елде экс-президенттің есімі алты қаланың даңғылдарына, гүлзарлары мен көшелеріне берілген. Олар: Анкара, Гебзе, Кыршехир, Невшехир, Адана және Измир. Түркияның астанасында 2010 жылы Назарбаевқа арналған толық мүсінді ескерткіш те орнатылған.
Екінші орында – Ресей. Бұл елде Назарбаевтың есімі үш көшеге берілген. Оның есімі берілген даңғылдар Қазан қаласында (Татарстан), Грозныйда (Шешенстан) және Магас қаласында (Ингушетия) орналасқан.
Сондай-ақ Грозный қаласында Назарбаев атындағы №1 лицей жұмыс істейді. Оқу орнының аумағында оған арналған мүсін орнатылған.
Украинаның Каменское қаласында Назарбаевқа арналған барельеф-ескерткіш орналасқан. Ол №22 Жоғары кәсіптік училищенің ғимаратының қасбетінде орнатылған. Нұрсұлтан Назарбаев жас кезінде осы оқу орнында білім алған.
Сонымен қатар Молдованың Комрат қаласындағы "Даңқ аллеясында" саясаткердің бюсті орналасқан.
Айта кетейік, 2022 жылы Қаңтар оқиғалары кезінде Талдықорған қаласының орталық алаңында тұрғындар Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатып тастаған еді. Осы оқиғадан кейін Қазақстанның түрлі өңірлерінде Назарбавқа қойылған ескерткіштер жаппай алына бастады. 2024 жылы Астанада Ұлттық қорғаныс университетінің алдында тұрған бұрынғы президенттің ескерткіші де алынып тасталды. Кейін елордадағы Ұлттық музейден де Назарбаевтың мүсіні алынды.
Бұдан бөлек, Қазақстанның кейбір қалаларында Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген көшелердің де атауы өзгертілді. Мысалы, Петропавл қаласында бұрын экс-президенттің есімі берілген орталық көше Қазақстан Конституциясы көшесі деп қайта аталды. Ал Орал қаласында Назарбаев даңғылына тарихи атауы – "Достық даңғылы" есімі қайта берілді.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған