Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қара шаңырақта" тұратын түркістандық көпбалалы ана отбасындағы ең маңызды құндылықтарға тоқталды

Қазақстан отбасылық құндылықтар мен отбасы институтының дамуына ерекше көңіл бөледі. Бұл тұста әсіресе Түркістан облысының үлесі басым. Себебі мұнда көпбалалы отбасылар көбірек. Солардың бірі – Гүлназ Манатованың отбасы. Түркістан тұрғыны қазір жолдасымен бес баланы тәрбиелеп отыр. Stan.kz ақпарат агенттігі көпбалалы анамен сұхбаттасып, оның отбасы құндылығына қатысты ойларын, бала тәрбиесіндегі принциптерін сұрады.

Фото Гүлназ Манатованың жеке архивіненФото Гүлназ Манатованың жеке архивінен

Гүлназ Манатованың жолдасымен отау құрғандарына биыл 15 жыл болды. Қазір олардың бес баласы бар. Тұңғышы 13-те, кенжесі 3-те. Үшеуі мектепке барады, екеуі әлі кішкентай, үйде.

Көпбалалы ана “Тәрбие, тәртіп, білім” деген үш тұғырды ұстанатынын, өз отбасындағы құндылықты осымен өлшейтінін айтты.

"2010 жылы тұрмысқа шықтым. Құдайға шүкір, бүгінде жолдасым екеуіміз бес баланы тәрбиелеп отырмыз. Енемнің қолында тұрамыз. Екі үлкен қызым дәрігер боламын дейді. Ал ұлым әкесіне ұқсағысы келеді, сол сияқты жиһаз жасаймын дейді. Екінші қызым қандай нәрсе болмасын, қабілеті жоғары, зейінді, үйірмелерді жақсы көреді. Тәрбие, тәртіп, білім. Бала тәрбиесінде осы үш нәрсеге үлкен мән беремін. Ұлымның ер мінезді жігіт болғанын қалаймын. Қыздарым инабатты, ибалы, көркем мінезді болса деймін", – дейді түркістандық көпбалалы ана.

Гүлназ Манатова тұрмыс құрмай тұрған кезде де “көпбалалы ана болсам” деп армандаған екен. Денсаулығы жақсы болса, тағы бірнеше сәбиді дүниеге әкелу ойында бар.

“Тұрмысқа шыққан кезде жолдасыма "Көпбалалы ана болғым келеді" деп айтқан едім. Сол қалауым орындалды. Құдай қаласа, нәсіп етсе, тағы да балаларды дүниеге әкелуді ойлап жүрмін. Қазір 5 бала үшін мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек аламын”, – деді келіншек.

Түркістандық ананың айтуынша, оның жолдасы, жолдасының ата-анасы өте өнерлі адамдар. Атадан берілген қабілеттерді жолдасының, балаларының бойынан көріп, солардан дарыған болар дейді келіншек.

“Марқұм атамыз өнерлі кісі болған. Сол кісінің даралығы, өнері балаларыма дарыған шығар деп ойлаймын. Аллаға шүкір, ата-енеміз, жолдасым, балаларым – бәрі өнерлі адамдар. Жігітке жеті өнер де аз деп айтып жатады ғой. Жолдасым жан-жақты, хиһазды да жасайды, үйдің төбелерін, европалық стильде жөндеуін жасайды, қолынан көп іс келеді. Арасында аңшылыққа да барады. Бұл – оның хоббиі. Жолдасыммен мақтанамын, үнемі жақсы қырларын байқап, мадақтап отырамын. Жолдасым ұлының тәрбиесіне көбірек көңіл бөледі”, – дейді Гүлназ Манатова.

Бес баланың анасы қазір бала тәрбиесімен үйде. Ол мектепке баратын үш баласын түрлі үйірмеге жазып қойған. Пайдалы үйірмеге тұрақты барса, өнерлі болса, балаларым қабілетті әрі болашағы зор болады деп есептейді ол.

“Мысалы, апам домбыра тартып, ән айтады. Жолдасым да домбыра тартады. Екі үлкен қызымды да домбыра үйірмесіне бергем, қазір әжептәуір үйреніп қалды. Әндерді де, күйлерді де тарта береді. Сонымен қатар қыздарым би де билейді. Ал баламыз көбіне әкесінен көргенін жасайды. Қазір ол күреске барып жүр. Алдағы жоспарым – бала-шағамды тәрбиелі ұрпақ қылып жетілдіру, қатарға қосу. Балаларымнан күтер үмітім өте үлкен. Болашақта атамыздың атын шығарады деген үміттемін”, – деп ниетін білдірді түркістандық ана.

Жас та болса көпбалалы отбасы “қара шаңырақта” тұрады. Отанасының айтуынша, “қара шаңырақ” берекелі үй болғанымен, жауапкершілігі де бір төбе.

“Қазір енемнің қолында тұрамын. Жолдасым үйінің кенжесі, қара шаңырақта тұрамыз. Олар да – көпбалалы отбасы. Қара шаңырақ деген өзі берекелі үй келеді. Мұндай отбасыларға артылатын жүк үлкен, орасан зор. Қара шаңырақ иелерінің өзіне алған жауапкершілігі, міндеті мол болады. Осының бәріне үлгеріп, шаңырақтың түтінін сөндірмей, міндетті қиналмай атқарып жүрміз деп есептеймін. Құндылықтарымыздың ішінде ең маңыздысы – жақындарымызбен араласу”, – дейді ол.

Кішкентай кезінен атасының немесе әжесінің айтқандарына құлақ түретін ұрпақ болса, арты тек жақсылыққа әкеледі дейді көпбалалы ана. Сондықтан балалары туыстарымен, ата-әжесімен тығыз қарым-қатынаста. Оларға еркелеп, махаббатына бөленіп әрі тәлімін алып жүр.

“Балаларым ата-әжелеріне барып тұрады. Ол кісілердің бала-шағама деген құрметі, олардың атасы мен әжесіне махаббаты зор. Нағашы ата-апасына барып тұрады. “Ата, апа!” деп сағынысып, кездеседі. "Анашым, ата-әжемізге барайықшы" деп сұрап, іздеп тұрады. Ата мен әженің отбасыдағы рөлі өте айрықша. Олардың дүниеге деген көзқарастары мен өзіндік талғамдары жасы кіші балаға өнеге болары анық. Ұлы Абай атамыз былай деген екен: балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады. Біріншісі ата анадан, екіншісі ұстаздан, үшіншісі құрбысынан. Сондықтан қанша шаршап шалдығып жүрсем де, ата-ана ретінде бала тәрбиесіне мән беруді ұмытпаймын”, – деп бөлісті Гүлназ Манатова.

Оңтүстік өңірде тұратын бұл отбасы қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін де жақсы ұстанады екен. Ұлттық мерекелерді тойлап, мектептердегі іс-шараларға белсенді қатысады.

“Отбасымызда Наурыз мерекесі кезінде наурыз көже істеп, ұлттық тағамдар жасағанды ұнатамын. Туған күндерде, басқа да түрлі мерекелерде балаларыма торт алып келіп, қуантамын. Былтыр мектепте бір іс-шара аясында қазақтың "Тұсаукесер" дәстүрін көрсету керек болды. Сол кезде ең кенже қызымыздың тұсаукесерін мектепте салтанатты түрде жасадық Осылайша қазақтың өнегелі дәстүрін ұлықтай алдық деп ойлаймын”, – дейді бес баланың анасы.

Фото Гүлназ Манатованың жеке архивіненФото Гүлназ Манатованың жеке архивінен

Гүлназ Манатованың өзі де көпбалалы отбасыдан шыққан. Шымкентте оқып, заң факультетін тәмамдаған. Бірақ тұрмысқа шығуыма байланысты 6 ай ғана жұмыс істей алдым дейді. Қазір балаларының тәрбиесі мен біліміне, күтіміне көңіл бөліп жүр.

“Үйде төрт бала болып өстік, мен үйдің үлкенімін. Менен кейінгі іні-cіңлілеріме қамқор болып өстім. Үйдің үлкені болғасын барлық жауапкершілік менің мойнымда болды. Жалпы бауырларымның көп болғанын қалайтынмын, бала-шағам да көп болып жүргенін армандадым. Көпшілік ұнайтын. Құдай денсаулық берсе, бала-шағамның бауырларын, Қазақстанның азаматшалары мен азаматтарын көбейткенге не жетсін деп ойлаймын. Өзім ауылдың қызымын, ауылда тұрдым және ауылға тұрмысқа шықтым. Студент кезімде каникул сайын ауылға барғанда "Мен қалада тұрғым келмейді, ауылға тұрмысқа шығамын" дейтінмін. Ауылда қара қазанды түтетіп тұрып тамақ істеген, далаға самаурынды түтетіп шай қайнатқан өзіме ұнайтын”, – дейді Түркістан облысының тұрғыны.

Гүлназ Манатова балаларының зейіні мен ұмтылысы жақсы екенін айтты. Сонымен қатар оларға қатысты ана ретіндегі үмітін бөлісті.

“Балаларымның болашағын жарқын етіп елестетемін. Сабаққа, білімге деген зейіндері орасан. Үлкен екі қызым оқуға құмар. Үйірмелерге талпынысы, сабаққа деген ынтасы мені қуантады. Әсіресе екінші қызымның білімге деген талпынысы орасан. Олардың болашаққа деген сенімдері өте үлкен. Нағашы апалары дәрігер болып жұмыс істейді, өзімнің туған сіңлім де дәрігер мамандығын бітіріп, осы жолды жалғастырып жатыр. “Өскенде кім боласыңдар?” десек, "Нағашы апамыз сияқты дәрігер боламыз" дейді. Мен ана ретінде тек қуанамын, “Алла армандарыңа жеткізсін” деймін”, – деп ағынан жарылды көпбалалы ана.
 

Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 27 Қараша, 2024 14:00
Талқылау