Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістандағы жарылыстан қаза тапқан қыздың туыстары кінәлілердің жазалануын талап етті

Түркістандағы қымызханада газ жарылып, 18 жастағы қыз қаза таптыФото: Видеодан скрин

Жаңа жыл түні Түркістан облысы Кентаудағы қымызханада жарылыс болды. Онда жұмыс істеген 18 жастағы Дана Сағынғалиқызы ауыр жарақат алып, көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа жылда жақындары Дананы жұмыс орнынан алып кетпек болған. Алайда жұмыс қызып жатыр деп, басшылық кассада тұрған бойжеткенді жібермей қойған.

“Мамасы мен сіңлісі тамақ алып барғанда газдың шығып тұрғанын ескерткен. Мына жерде газдың иісі шығып тұр деп айтқан. Одан кейін сол жерде бір емес бірнеше адам ескерткен. Газдың иісі қатты шығып тұр деп. Тек ақшаға құнығып кеткен. Сол иесінің техникалық қауіпсіздікті сақтамағанының кесірінен осындай қайғы жұтып отырмыз отбасымызбен”, – дейді марқұмның туысы Гүлжамал Сержанова.

Марқұм бұл жұмысқа бір ай бұрын ғана орналасқан екен. Екінші курс студентін жер қойнына тапсырған жақындары кінәлілердің қатаң жазалануын талап етіп отыр.

“Алдын алу керек еді. Осы жағдай болғаннан кейін ғана облыс бойынша төтенше жағдайлар қызметкерлері тексерісті енді бастап жатыр. Бәрі сыбайлас болған ба?! Неге осы уақытқа дейін жұмыс істемеген? Сол бізді күйіндіріп бара жатқан. Міндетті түрде адам өлу керек пе сонда? Біз кешіре алмаймыз. Тиісті адамдар тиісті жазасын алу керек”, – дейді марқұмның туысы Жандос Аймұрзаев.

Күлі көкке ұшқан қоғамдық тамақтану орнының аумағы қазір түгелдей темір тормен қоршалып, ғимараттың өртенген жерін көрсетпей жауып тастаған екен. Алайда жарылыстың болғанын жоғарыдағы пәтерлердің сынған терезелерінен байқауға болады. Жарылыс кезінде денесін күйік шалған тағы төрт жігіт қазір ауруханада. Екеуі жансақтау бөлімінде ем алып жатыр.

“Терезелері сынған. Барлығының жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ішінара клёнкамен қаптаған жерлерін бәрін істеп жатырмыз. Газ баллон жарылған. Қауіпсіздік шараларын сақтамағаннан болып тұр. Іс қозғалды”, – деді Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы.

Облыс әкімінің басшылығымен жедел штаб құрылып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Әкімдіктегілер зақым келген үйлерді қалыпқа келтіреміз деп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Кентауда тамақтану орнында газ жарылып, бір адам қаза тапқан еді. 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 06 Қаңтар, 2026 08:44