Түркістан облысында Назарбаевтың бауырының құрметіне ислам орталығы ашылды
2 желтоқсан күні Түркістан облысының Сарыағаш қаласында Сатыбалды Әбішұлы атындағы Ислам орталығы ашылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының ресми сайтына сілтеме жасап.
Сурет: www.muftyat.kz сайтынан
Ислам орталығының ашылу рәсіміне жер-жерден 10 мыңға жуық адам жиналды. Олардың қатарында Түркиядан Неджметтин Эрдоған Біләл, Шешенстан Республика басшысының кеңесшісі Амруддин Еділгерев, Түркістан облысының әкім Өмірзақ Шөкеев, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Өзбекстанның мүфтиі Османхан қажы Әлімов, Қырғызстан мүфтиі Мақсатбек қажы Тоқтомұшев, бұрынғы мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, бірінші наиб мүфти, Нұр-сқлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы, ҚМДМ аппаратының басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы және т.б. діни өкілдері мен қоғамдық қайраткерлер қатысты.
"Ғұламалардың айтуынша, өмір төрт тағаннан тұрады: ғалымның насихаты, патшаның әділдігі, байдың жомарттығы, халықтың дұға-тілегі. Осы төрт таған өзіндік көркем үйлесімін тапқанда ғана кез келген қоғам бақытты болады", - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Орталықтың салтанатты ашылуында Түркия президенті құттықтау хаты оқылды.
"Біз Атажұрттағы ағайынның қуанышына қашан да ортақпыз. Баршаңызды мешіттің ашылуымен құттықтаймын. Алла Тағала бауырлас қазақ халқына жақсылығын жаудырсын" - деді Нежметтин Ердоған Біләл Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның құттықтауын жеткізіп.
Сонымен қатар өзінің ыстық ілтипатын Шешенстан Республикасының басшысы да жолдапты.
"Сіздерді Ислам орталығының ашылуымен құттықтаймын. Игі шараға қатыса алмасам да өзімнің шынайы ниетпен құттықтауымды жолдаймын. Өйткені, зобалаң замандарда қазақ халқы бізге пана болды. Сондықтан, Қазақстан шешен халқының екінші Отаны болып қала береді. Бұл орталықтан ғұлама-ғалымдар шығады деп санаймын", - делініпті Р.Қадыровтың құттықтау хатында. Құттықтау хатты оның кеңесшісі Амруддин Эдилгерев оқып берді.
Өз кезегінде мемлекетіміздің бас мүфтиі Серікбай қажы Сатыбалдыұлы шетелден келген қонақтарға алғыс айтып, мешітті салып берген азаматтарға ерекше ілтипаты мен жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, игі іске ұйытқы болған Смановтар әулетіне ризашылық білдірді.
"Адамның жүрегі құлшылық үйінде жай табады. Онда қаншама уақытымызды құлшылықпен өткіземіз. Бауырды бір-бірімен қауыштырып, өзара имандасатын мекеніміз – мешіт. Елдің игілігі үшін жасалатын қайырымдылық пен ізгі істер де Алланың үйінде жүзеге асады. Жабырқаған жанның мейірімге бөленетін мекені де – мешіт", - деді Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.
Мешіт ішінде медресе-колледж шәкірттеріне арналған 29 сынып бар. Орталықта 600 бала дәріс тыңдай алады. 69 жатын орынды қамтыған орталықта 1000 адамға арналған асхана салынған. Бұған қоса орталық ғимараты сәулет ескерткішіне айналды деп айтуға болады.
Сатыбалды Әбішұлы - Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші інісі. Ол 1981 жылы 34 жасында жол апатынан қаза болды. Оның Қайрат Сатыбалды және Самат Әбіш атты екі ұлы бар.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
