Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда "Ардагерлер ұйымы" қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығы атап өтілді

 

Түркістанда "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Шарада қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың өмірінен сыр шертетін "Алаш рухты азамат" атты кітаптың таныстырылымы өтті. Кітапта ұлтын сүйген перзенттің болмысын ашатын  естеліктер енгізілген. Іс-шара аясында қоғам қайраткері мен ардагерлерге арналған көрме ұйымдастырылды. Өңір ардагерлерін құттықтауға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы келіп, құрметін көрсетті.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында аға буынға қолдау көрсету мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Түркістан облысында 180 мыңға жуық зейнет жасындағы қарттарымыз бар. Олар қоғамды дамыту жолында үлес қосты. Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысын құру жөніндегі жарлықтың шыққанына 4 жылдан аса уақыт болды. Осы уақыт көлемінде өңірімізде ауқымды жобалар қолға алынды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бірақ жылдар бойы кезең-кезеңімен жалғасатын ең маңызды жұмыс бар. Ол – руханият. Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымы осы мақсатта жемісті еңбек етіп жүр. Әрқашан қарттарымызды құрметтеп, ардагерлерімізді ардақтау арқылы жарқын болашаққа бет аламыз. Бүгінгі мерекелік жиынды пайдаланып, еліміздің дамуына қосқан үлестеріңіз бен үлгі-өнегелеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Облыс руханиятының жандануы жолындағы барлық бастамаларыңызға сәттілік, дендеріңізге саулық тілеймін!” – деді облыс басшысы.

Әкім өңірдің дамуына үлес қосып жүрген ардагерлердің бірқатарын марапаттады.

Облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов та ардагерлерге алғыс хат табыстады.

Игі іс-шара мерекелік концертпен жалғасын тапты.

1987 жылы Алматыдағы құрылтай аясында Қазақстанның ардагерлер ұйымы құрылды. Биыл еліміздегі ең үлкен әрі аса маңызды қоғамдық бірлестіктің құрылғанына – 35 жыл.

Ұйымның негізгі мақсаты – ардагерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қамтамасыз етуге ықпал жасау, оларға мәдени, медициналық қолдау көрсету.

Талқылау