Түркістан облысында такси жүргізушісі тасжолда жалғыз жүрген алты жасар қызды тауып алды
Такси жүргізушілері Шымкент-Шыназ тасжолында таңғы сағат төртте адасып қалған 5-6 жасар баланы тауып алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” порталына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жеке такси жүргізушілерінің облыстық департаментке жүгінгенін хабарлады.
“Біз оқиға орнына жедел барып, кішкентай қызды полиция бөліміне жеткіздік. Баланы тамақтандырып, оның ата-анасы туралы сұрап, бірден қыздың туыстарын іздеуге кірістік”, – деді тәртіп сақшылары.
Кейінірек баланың анасы полицияға келіп, фотодан жоғалған қызын таныған. Әйел қыздың түнде үйден шығып кеткенін, кейін таба алмай қалғанын айтты. Балаларға дұрыс тәрбие бермеу фактісі бойынша анаға қатысты жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына жолданады.
Айтпақшы бұл бір аптада облыста екінші рет тіркеліп отырған жағдай. Бұған дейін жол бойынан жалғыз жүрген үш жасар бала табылған болатын. Оның анасы ұлының жоғалып кеткенін білмей, аулада ойнап жүр деп ойлаған.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
