Түркістан облысында ортағасырлық құлпытас пен әулиелерге тән ескерткіш орны табылды
Түркістан облысы Түлкібас ауданы Абай ауылындағы жекеменшік тұрғын үй ауласынан ортағасырлық құлпытас пен әулиелерге тән ескерткіш орны анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Белгілі бір тұлғаның өмірінен хабар беретін құлпытас сан ғасырлар бойы жер астында сақталып келген. Құлпытас 2018 жылы Абай ауылының тұрғыны Досжан Қыдырәлиевтің ауласынан табылған.
Аталған жайттан үй иелері хабардар болған соң, бірден көне жазуды оқитын арнайы мамандарға хабар береді. Осыған байланысты араб, парсы, көне түркі тілдерінің маманы, белгілі ғалым Зәріпбай Оразбайұлы бастаған ғалымдар құлпытас бетіндегі мәтінге тілдік зерттеу жүргізіп, араб әріптерімен куфи үлгісінде "Бұл қабір Мұхаммед Нұран Баб" деген жазу барын анықтады.
Құлпытастар әдетте зират басына қойылатыны белгілі. Осыған орай, Халықаралық Түркі академиясының археолог ғалымдары Нәпіл Базылхан және Нұрболат Бөгенбаевтың жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Ғалымдар ескерткішті осы аймақтың байырғы атауына байланысты "Әлдибастау әулиесі" деп атаған. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде осы жерден ұзындығы – 4 м, ені – 1,65 м, қабырғасының биіктігі – шамамен 2 метрге жуық құрылыс болғаны белгілі болады.
Ескерткіштің қабырғаларын жақын маңдағы Көкбұлақ өзенінің жұмыр тастарымен қиюын келістіріп, арасын саз балшықпен бекітіп қалаған. Қазба жұмыстары барысында металдан, сүйектен, қыштан, шыныдан жасалған бірқатар археологиялық артефактілер табылды.
"Табылған заттай айғақтарға ғылыми зерттеулер жүргізу нәтижесінде бұл ескерткіш шамамен X-XI ғасырларда қазақ даласында өмір сүрген өзі ұста, әрі діни-ағартушылық қызмет атқарған "Мұхаммед Нұран Баб" атты әулиеге арналған ескерткіш деген қорытынды жасауға мүмкіндік берді", – дейді ғалымдар.
Қазба жұмыстары барысында аталған аймақтан бұлақ көзі шығып, судың көтерілуі ары қарай зерттеуге кедергі болған.
Ғалымдардың пікірінше, құлпытастың тік тұруы аталған аймақта қабір жатқандығын аңғартады.
"Құлпытас қабірдің басына қойылады. Бұл ескерткішті әлі де тереңірек зерттеу қажет. Менің пікірімше, "Мұхаммед Нұран Бабтың" қабірі құлпытастың астында 1,5-2 метр тереңдікте жатқан болуы мүмкін. Өкінішке қарай, бұлақтың көзі ашылып, су арық сияқты толып ағып жатыр. Құлпытас орнатылған тұлға ұсталықпен айналысқан болуы мүмкін. Себебі, қазба орындарына қарап өте ерекше әрі ауқымды жұмыс жүргізілген пештің орнын байқадым. Бұл мәселелерді саралай келе, баптың қабірі ұстаханасының жанына орналастырылған немесе шәкірттері ұстазының құрметіне қабір жанында ұсталық ісін жалғастырған деп пайымдауға болады. Пештің үлгісі мен айналасынан шыққан қалдықтарға қарап темір қорытатын орны болғанын да байқауға болады. Бізді таң қалдырғаны археологияда тек тастан қаланған пештің мұндай үлгісі бірінші рет кездесіп отыр, әрі өзеннің жұмыр тастарынан өріп өте тамаша жасаған", – дейді белгілі археолог-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Тұяқбаев.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
