Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында мұғалімдер электронды журнал толтыру үшін тауға шығуға мәжбүр екенін айтып шағымданды – Kcell жағдайға түсінік берді

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Аққұм ауылының мұғалімдері интернет дұрыс жұмыс істемегендіктен электронды журналды толтыру үшін тауға шығуға мәжбүр екендерін айтып, дабыл қаққан еді. Осы жағдайға байланысты Kcell ұялы байланыс операторы пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Otyrar.kz

Бұған дейін Аққұм ауылының тұрғындары мектеп директоры тапсырма бергеннен кейін мұғалімдердің интернет іздеп кететінін айтқан еді. Ұстаздар бұл әдіспен екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көрінеді. Олар жол жиегінде ноутбукпен тұрып электронды журналдарын толтыруға мәжбүр екен.

"Кейде достарымыз жұмыс істейтін кафеге барамыз. Бірақ адамдар ол жерде ішімдік ішіп, шу шығарады. Бұрышқа отырып, жұмыс жасаймыз. Біз тоқсан сайын есеп беріп тұруымыз керек. Кейде түнгі он екі, бірге дейін отырамыз. Балаларымызға көңіл бөлуге уақыт жоқ. Аққұм мұғалімдері сыған сияқты, жұмыс уақытында демалып жүр деп келекелейді. Бірақ бізде күлуге мүлдем уақыт жоқ", – деді бастауыш сынып мұғалімі Құралай Қожабергенова.

Жағдайдан шенеуніктер хабардар. Ауылға спутниктік станция орнатылып, аздап өзгергенін айтады. Мәселені шешу үшін 45 метрлік мұнара орнату қажет. Олар тіпті демеуші тапқанымен, ұялы байланыс операторымен келісімге келе алмаған.

Осы жағдайға байланысты Kcell ұялы байланыс операторы түсінік берді. Олардың дерегінше, Аққұм елді мекенінде 2020 жылдың желтоқсан айында Kcell операторының базалық станциясы орнатылған. 

“Өкінішке орай, жер бедерінің күрделілігіне және жердегі трансмиссияның болмауына байланысты – сол кездегі байланыспен қамтудың жалғыз мүмкін болар жолы спутник арқылы қосылу тәсілі еді. Спутниктік трансмиссияда деректерді беру арнасы сапалы интернет байланысын қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Байланыс операторы өз абоненттерінің жүйрік интернетке деген қажеттілігін түсінеді, және осы бағытта қажетті әрекеттерді жүзеге асырып келеді. Нақтырақ айтқанда, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органмен ұйымдастыру мәселелерін шешуде, яғни байланыс операторы өз құрылғыларын орнатуы үшін жергілікті атқару органдары инфрақұрылыммен қамтамасыз етуі тиіс, яғни антенна-діңгек құрылысын салу және оны электр энергиясымен қамтамасыз ету. Сонда ғана байланыс операторы радиорелелік көпірді іске асыруға және ауылды сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік алады”, – делінген хабарламада. 

Талқылау