Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернаттан тәрбиеленушілердің барлығын шығарып жібермек

Видеодан скрин

Түркістан облысында сөйлеуі бұзылған және ақыл-есінде кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернатта шу шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Төлеби ауданындағы №2 интернатқа келген арнайы комиссия денсаулығы жарамсыз балаларды жаппай "қарапайым мектепке жіберілсін" деген желеумен интернаттан шығара бастаған.

Ата-аналар бұл онсыз да мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын таптау десе, интернат қызметкерлері балаларды әдейі таратып мектеп ғимаратын бәз біреулерге бермек деп санайды.

"Баламды 1-сыныпта қарапайым мектепке бергем. Үш ай барды, үйге жылап қайтады. "Бармаймын" дейді. Сүйреп апарған кезім де болды. Мазақтайды. Апайы "сіздің балаңыз түк қақпайды, оқытайын десем, ұйықтап қалады" дейді. Ал бұдан үлкен сыныптағы балам "мектепте бәрі кемсітеді, інімді сөйтіп кемсіткеніне мен намыстанамын" деп ренжиді”, – дейді Түркістан облысының тұрғыны Әлия Үсіпбек.

Ақыл-есінде кемістігі бар баланы "жай мектепке жіберу – бала құқығын таптау" дегенге интернат ұжымы да қосылады. Себебі шәкірттерінің көбі өз әрекетіне жауап бере алмайды екен. Жалпы кейінгі бірер айда интернатты жабады екен деген қауесет жиілеген. Бұл шындыққа айналса, 150 қызметкер жаппай жұмыссыз қалады.

"Интернатты жабады екен, жайлы мектеп соғады екен" деп естіп жатырмыз. Нақты колледж соғылады екен дейді. Бірақ өзімізге ешкім айтқан жоқ. Енді мына балалардың барлығын комиссиядан өткізіп, бәрін шығарып жатқаннан кейін біз сол күдіктің расталып жатқанын көріп отырмыз”, – дейді тәрбиеші Эльмира Ешматова.

Комиссия отырған кабинетке наразы ата-аналар басып кіргенде, тексерушілер абдырап қалған. Тіпті кейбірі толтырып отырған құжатын жыртып, жан-жағына лақтыра бастапты. Министрліктің бұйрығы бойынша, тілінде мүкісі бар балаларды ғана жай мектепке ауыстырамыз деп ақталды комиссия мүшелері.

“Мектепте жеңіл дәрежедегі тіл бұзылысы бар балалар оқиды, соларды мектепке жіберіп жатырмыз. Олар мектепте толық психологиялық көмек алады. Себебі сондай заң шыққан. Сіздер шешпейсіздер. Ол заң бойынша шешіліп қойған. Ол жерге біз қорытынды берсек, мектепке барған балаға мектеп жайлы жағдай жасайды”, – дейді Төлеби ауданы психология, медицина, педагогикадан кеңес беру мекемесінің меңгерушісі Гүлнұр Исламқызы.

Жарымжан баланың құқығын таптап жатыр деген ата-ана мен 60 жылдық тарихы бар мектеп-интернат ұжымы енді комиссияның әрекетіне қатысты жаппай бас прокуратураға арыз жазбақ.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 05 Мамыр, 2025 23:04