Түркістан облысында қойшы өліп, жұрттың 500-ден аса малы жоғалған: Тұрғындар полициядан күдіктеніп отыр
Түркістан облысының Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында тұрғындардың 555 малы жоғалып, үш айдан бері таба алмай жүр. Осылай деп жыларман болған бұқара даудың бәрі шопан өлімінен кейін басталғанын айтады. Былтыр 11 қарашада ауыл іргесіндегі қорадан қойшы Ғалымжан Өзбеков өлі күйінде табылған. Жаназаға жиналған жұртқа оның ағасы бір күннен соң барлық малды үлестірем деп сөз берген дейді. Алайда сол түні малдың үлестіріліп жатқанын естіген жұрт дереу шопан денесі табылған қораға барыпты. Бірақ ол жерден бірде-бір мал таппағанын айтады. Stan.kz тілшісі мәселеге үңіліп көрді.
Stan.kz
Жұрттың күдігінше, шенеуніктер малды бөлісіп алған болуы мүмкін.
“Біз жаназасын күтіп отырғанда бір кісілер жаназасы шықпай тұрып, түнде ұрлаған ғой. Барса жұрттың бәрінің малы жоқ. 32 адамның малы жоқ болып тұр ғой есептегенде. Шенеуніктер бөлініп, айтпай отыр ғой. Біреу мен сатып жібердім дейді, біреу алған жоқпын дейді. Жүздесу болды. Бәрі алаңсыз отыр. Қара халық жағдайы жоқ, 5-6 малымен отырған, зейнеттегі кісілер шырылдап жатыр. Бірақ шенеуніктер тым-тырыс отыр. Бізге жаны ашыған бір адамды көрмедік", – дейді 10 малынан айырылған Күләнда Надирова.
Тұрғындар сөзінше, мұнша малды екі адам бөліп айдап әкеткен. Оның бірі Шолаққорған ауылының бұрынғы полиция бөлімінің бастығы дейді. Осылай деп топшалаған бұқара полицияға арыз жазғалы 3 ай өткенін айтады. Содан бері бірде-бір күдікті ұсталмай, тергеу жүргізілмепті.
"Бұлар бізге толыққанды жауап айтып жатқан жоқ. Қойшыларыңыз өліп қалған. Өліп қалған адамнан не сұраймыз дейді. Негізінде қорада мал тұрады. Малды Жүнісхан мен Қыдырбай деген кісілер бөліп алады. Бұрын осы РУВД-ның басшысы болған Әлімбеков Жүнісхан деген азамат. Үйіне келсек, қараңғы болып кетеді. Ертең азанда келіңіздер дейді. Азанда барсақ, ол кісі бірыңғай көк сырға тағып тастаған. Не сырға қандай екенін білмедік", – дейді Шолаққорған ауылының тұрғыны Асқар Есжанов.
Ауылдас қорасындағы малымызды таныдық дейді кейбірі. Бірақ оған ешқандай дәлел жоқ екен. Себебі тұрғындар шопанмен келісімшартқа отырмаған. Бар кінәміз сол деген ветеринар тіркеуіндегі малдың да аяқ асты жоғалып кеткеніне аң-таң.
"Ағасы айтты: "Малды ертең жаназа өткеннен кейін өзім бөліп берем" деді. Оған жеткізбей бөлініп кеткен. Үшке бөлініп кеткен негізі мал". Біреуі жаңағы Қыдырбай деген. Мен Қыдырбай дегеннің үйіне бардым. Үш бас малымды сол жерден танып алдым. Мен сияқты қанша адам таныды. Бәріміздікін бермеді. РУВД-дан кезекші шақырдық. 5-6 полиция келді. Олар алып бере алмады. Сөйтсек малдың бәрін сатып жіберіпті сол екі ортада", – дейді Шолаққорған ауылының тұрғыны Досалы Омаров.
Stan.kz
Ал малды айдап алып кетті деген Шолаққорған ауылының полиция бөлімінің бұрынғы бастығы болса өз малымнан да айрылып қалдым деп отыр.
“Мен малды айдатып жібердім де қайтып кеттім. Содан халық қуып барып, келесі қораға жақындағанда тоқтатып ұстап алыпты. Жарайды, ауысып кеткен шығар деп ойладық. Азанда барып, өз малдарыңызды танып алар деп қораға апардық. Ертесіне біз күткеннен көп халық барып, біздің 170 қойды түгел әкетіп қалды. Сосын садақа дедім. Ішінде 40 қой менікі”, – дейді Шолаққорған ауылының полиция бөлімінің бұрынғы бастығы.
Ал Түркістан облысының полиция департаменті болса былай деп жауап берді.
“Созақ ауданы тұрғындарының арызына сәйкес ауызша өзара уәделесіп мал бағумен айналысқан шопанның мүлікті иемдену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қазір тергеу-жедел тобы қажет іс-шаралардың барлығын жүргізіп жатыр. Олардың нәтижелері бойынша заңды процестік шешім қабылданады” дейді.
Айта кету керек, Шолаққорғанда қойшы өлімінен кейін 32 отбасының 555 малы жоғалған. Шығынға ұшырағанның ең көбі 80 бас малынан айрылып, жүрек талмасымен ауруханаға түсіпті. Осылай деген бұқара малдың қойшы өлімінен кейін жоғалғанына да күдікпен қарайды.