Түркістан облысында қызғалдақ жұлғандарды полиция іздестіріп жатыр
Түркістан облысында белгісіз біреулер Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазір полицейлер құқық бұзушыларды іздестіріп жатыр. Белгісіз адамдардың қызғалдақтарды жұлып жатқан сәтін куәгерлер видеоға түсіріп алған. Бейнежазба әлеуметтік желіде пайда болды.
Бейнежазбада бірнеше адамның Грейг қызғалдақтарын жұлып, одан гүл шоғын жинап жатқан сәті түсірілген. Бейнежазбаға қатысты облыстық полиция департаменті түсініктеме беріп, тәртіп бұзушыларды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Түркістан облысына демалуға және Грейг қызғалдақтарымен суретке түсуге келген азаматтар мен қонақтарға бұл өсімдіктің Қызыл кітапқа енгізілгені ескертіледі. Оны бұзғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген", – деді Түркістан облысы табиғатты қорғау полиция инспекторы Талғат Жаппаров.
Еске салсақ, бұған дейін қызғалдақ жұлғандарға 10 миллион теңге айыппұл салынатыны туралы жазған болатынбыз.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
