Түркістан облысында газ жарылысынан ауыр күйік алған әйел көз жұмды: Марқұмның туыстары кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті
Фото: Stan.kz
Отырар ауданындағы көпқабатты үйде болған газ жарылысы салдарынан денесінің 90 пайызы күйген 35 жастағы Әсел Әмірханқызы есін жимей комада жатқаннан кейін қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Келіншек Шәуілдір ауруханасында 7 күн бойы жансақтау бөлімінде болған. Туыстарының айтуынша, ішкі ағзалары аман болғанымен, денесінің сау бөліктері қалмаған.
Марқұмның артында күйеуі мен 11 және 12 жастағы балалары қалды. Әсел педиатр дәрігер болып жұмыс істеген және жарылыс болған пәтерді мемлекеттік бағдарлама арқылы екі жыл бұрын алған.
Жарылыс 30 қазан күні көпқабатты тұрғын үйдегі оның пәтерінде болған. Туыстарының сөзінше, үйге газ бір күн бұрын кіргізілген және сол күні қосылған. Сол сәтте Әсел туыстарымен телефон арқылы сөйлесіп, ас бөлмесіне кеткен. Газ қосылған кезде дүмпу болып, әйелдің жан дауысы шыққан. Күйеуі мен балалары сол кезде үйде болмаған.
Қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаның алдын ала белгілері мен себептері туралы өз ойларын ашық айтты.
"Видеозвонокпен сөйлесіп жатқанмын. Жатын бөлмесінде жатқан. Қазір су ішіп келейін деп телефонын жатын бөлмесіне қойып кетті. Ойбай Қайнар өлдім деген дауыс шықты. Болды содан кейін дыбыс та жоқ. Дауыс та жоқ. Қайта-қайта хабарласамын кетті сомен. Мен телефонда едім. Мен Шымкенттен келдім. Жеттім. Менен кейін 5 сағаттан кейін Шымкенттің ожоговый центрі келді. Оған дейін осы жерде жатты әшейін", – деді марқұмның әпкесі Алтынай Әмірханқызы.
Сонымен қатар марқұмның туысы Мереке Жабатаева газ жарылысына қатысты өз пікірін білдірді.
“Газ құрған бір күн бұрын. Оларға келген де газды кеше газды қосып беріп кеткен. Ал кешке бұлар үйіне келіп, шай тамағын ішіп болғаннан кейін жарылып отыр. Оларға көрсетілмеген айтылмаған газдың қайтып қосылатынын. Тексерілмеген. Бүткіл домға газды қосып беріп кете салған. Әрине гозавиктердің салғырттығынан. Олар жұмыстан үйіне келе алмады. Келіңіздер үйіңізді көрейік дегенде жұмыстағы адамдар келе алмаған. Келе алмаса да бүткіл домға газды беріп жіберуге болмайды ғой”, – деді марқұмның туысы Мереке Жабатаева.
Ақтаудағы тұрғын үй кешенінде газ жарылып, 5 адам зардап шекті (видео)
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы, Отырар ауданында 30 қазан күні Шәуілдір ауылындағы үш қабатты көппәтерлі тұрғын үйде газ жарылысы болды. Жарылыс салдарынан бір адам зардап шегіп, бірнеше пәтер бүлінген. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға газ жүйесіне адамдардың өз бетінше қосылуынан болған. Қазір желілер тексеріліп, газ беру уақытша тоқтатылған. "QazaqGaz Aimaq" АҚ газ жабдықтарын тек лицензиясы бар мамандар қосуы керегін ескертеді.
Заманбек Нұрқаділовтің қаза болғанына 20 жыл: Саясаткердің өзі мен өлімі туралы не белгілі